Жаңалықтар

Мерекелік кездесу өтті

Назарбаев орталығының мұражайында Ұлы Отан соғысының ардагері Темірғали Әділбековпен Жеңіс күніне орайластырылған кездесу өткізілді. Темірғали Әділбеков – Ұлы Отан соғысының ардагері, Курск доғасы ұрысына қатысушы. Отставкадағы подполковник биыл екі бірдей мерейтойды атап өтуде. Біріншісі – 1 мамырда 90 жасқа толса, 5 маусымда – Курск доғасына 70 жыл толады. 

Ақсақал жиналғандар алдында жауынгерлік жолдары туралы естеліктер айтып, жастарға алға қойған мақсатқа қалай жетуге болатындығын әңгімеледі. Барлық қатысушыларды алда келе жатқан мерекелерімен құттықтады. Іс-шараны ұйымдастыруға қаладағы №27 орта мектептің 8 «В» сынып оқушылары және орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Баянша Садықова белсене атсалысты.

Майдангерлерге алғыс айтты

Астана қалалық мәслихатының депутаты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысына қатысқан №6 сайлау аймағында тұратын ардагерлерді үйіне барып құттықтады. 

Ақылбек Күрішбаев майдан даласындағы кескекті күрестер, соғыстан кейінгі қираған халық шаруашылығын көтеруге қатысқан жанқиярлық еңбектер туралы ардагерлер айтқан естеліктерді тыңдады. Жасы 101-ге келген соғыс ардагері Родион Скок ректормен әңгіме барысында: «Соңғы кездері аяғым ауырып жүргені, әйтпесе, Жеңіс күні өз аяғыммен жүріп, қыдырғанды жақсы көретін жанмын» деп ағынан жарылды. Варвара Грибнева: «Жасым 92-ге келді, құдайға шүкір, денсаулығым жақсы. Осылай үйге келіп құттықтаған ыстық лебіздеріңізге көп рахмет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай» деп батасын берді. Қариялар кездесу соңында депутатқа алғыстарын білдірді.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button