Мерекелік марафон

Елорданың әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Көрісу күні аталып өтті. «Дәстүр» атты марафонға астаналық Білім басқармасының өкілдері, әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының «Аналар мектебі», «Балқадиша» орталығының аналары, ата-аналар мен мектеп оқушылары қатысты.
Көрісу күні – қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық мейрамы. Бұл күн әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында жыл сайын 14 наурызда аталып өтеді.
– Амал келгенде амандық білісу – көне заманнан жалғасқан айрықша дәстүріміз. Қыстан шығып, шуақты көктемге аман жеткен ағайын осы күні бір-бірімен көріседі. Халқымыз ежелден осындай ғұрыптар арқылы бауырмалдық пен жанашырлықты, татулық пен мейірімділікті дәріптеп, ұрпақтың бойына асыл қасиеттерді сіңіре білген.
Көрісу күні тек өткеннің сарқыншағы емес, бұл – қазақ халқының бүгінгі және болашақтағы маңызды дәстүрлерінің бірі. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмеу үшін бұл дәстүрді дәріптеу біздің міндетіміз деп есептеймін. Бүгінгі қоғамдағы өзгерістерге қарамастан, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, оларды сақтап, келер ұрпаққа жеткізу баршамызға парыз, – деді әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының әдіскері Гульзира Оспанова.
Марафон барысында Оқушылар сарайының 2-қабатында қазақтың ұлттық бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында хореография, театр және вокал бөлімдерінің қатысуымен қазақтың ұлттық ойындары, салт-дәстүрі мен өнері көрсетілді. Концерттік бағдарламаның соңында шашу шашылып, бауырсақ таратылды.
Индира Бержанова