Басты ақпаратЕлорда тынысы

Мерекені сезіндірген тартысты турнир

23 қазан күні елордадағы «Start» бильярд клубында Республика күніне арналған қаламгерлер мен журналистер арасындағы бильярд турнирі өтті. Астана ­қаласы әкімдігінің қолдауымен «Elorda Aqparat» медиахолдингі ұйымдастырған дүбірлі додаға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары – Қойшығара Салғара­ұлы, Төлен Әбдік, Несіпбек Айтұлы, журналист-жазушы, академик Уәлихан Қалижанұлы бастаған зиялы қауым, БАҚ өкілдері (үлкен, орта және кіші буын) қатысып, қызықты да тартысты ойын үлгісін көрсетті. Мерекелік басқосудың салтанатты рәсімінде биыл 80 жасқа толған қазақтың классик жазушысы Төлен Әбдік ағамыз жиналған жұртқа «Сіздерге – табыс, өзіме жеңіс тілеймін!» деген әдемі әзілмен өрілген ақ тілегін айтып, батасын берді. Ақын Несіпбек Айтұлы ағамыз: «Енді қатарымыз сиремесін! Дос та көбейсін, қуалайтын тас та көбейсін!» деген келісті тілегін жеткізіп, ойыншыларға сәттілік тіледі.

«Elorda Aqparat» медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек турнирдің негізгі мақсаты елордадағы зиялы қауым өкілдерінің, журналис­тердің басын қосу, бір үстел басында қауыштыру және ұлттық мерекені бірге атап өту болғанын айтты.

«Қазан айы біздің медиахолдинг ұжымы үшін құтты, берекелі ай болғаны рас. Осыдан 10 күн бұрын астаналық екі басылым – «Astana aqshamy» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 32 жасқа толған туған күнін тойладық. Ал бүгін сіздермен бірге бірнеше жылдан кейін қайтып оралған ұлттық мерекеміз – Республика күнін бірге атап өтуге жиналдық. Осы екі айтулы датаға орай елордамыздағы қаламгерлер, медиа өкілдерінің басын қосып, бильярдтан турнир өткізуді жөн көрдік. 25 қазан – Республика күні құтты болсын! Баршаңыз­ға сәттілік тілеймін!» деп ол ойыншыларға ақжарма тілегін айтты.

Алматыдан арнайы шақырылған бильярдтың «құрамалы пирамида» және «еркін пирамида» сияқты түрінен әлемнің екі дүркін чемпионы Ернар Чимбаев жарысқа өзі төрелік етіп, әділдік пен кәсібиліктің салтанат құруына үлес қосты. Ернар турнирге қатысушыларды құттықтап, қолдауға келген Астана әкімінің орынбасары Есет Байкенмен ойын ойнап, шеберлік дәрісін өткізді. Түртпе таяқтан талай-талай жарысқа қатысып жүрген ойыншылар әлем чемпионының ойынын көріп таңдай қағысты. Мықты бильярдшының дәрісінен кейін өздері де ерекше шабытпен, құлшыныспен ойнап, доданың көрігін қыздырды. «Бұл жарысты көрген де арманда, көрмеген де арманда» дегендей, мерекелік басқосуға Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов та қатысты. Қалалық әкімдіктен ресми адамдардың арнайы келуін қаламгерлер, журналис­тер қауымына деген ерекше ілтипаты, зор құрметінің белгісі деп қабылдадық.

Сонымен, кілең сайдың тасындай іріктелген 32 ойыншы таңғы сағат 10-нан түнгі сағат 22-ге дейін бақ сынап, қолына қалам мен микрофонды ғана емес, бильярд таяғын да шебер ұстай алатындығын көрсетті. Достық рәуіштегі тартысты ойындар, жарасымды әзіл-қалжың, үрлемелі оркестрдің сайысты музыкалық жағынан сүйемелдеуі, шығармашылық ортаның жағымды аурасы – бұлардың бәрі Республика күнін мерекелеудің керемет үлгісі болғаны анық. Ең бастысы, турнирге келген әрбір ойыншы, әрбір көрермен ұлттық мерекені шын мәнісінде сезініп, көңіл күйі көтеріңкі болғанын көзімізбен көрдік.

Айтулы сайыстың алғашқы бөлігі түскі үзілісте қорытындыланып, алғашқы жүлделер өз иесін тапты. Басты ұйымдас­тырушы – «Elorda Aqparat» медиахолдингінің үш атаулы сыйлығы былайша бөлінді: ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы бағалы сыйлыққа – Төлен Әбдік, белгілі журналист, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек атындағы сыйлыққа – Қойшығара Салғараұлы, халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза атындағы сыйлыққа Уәлихан Қалижанұлы лайық деп танылды. Тағы екі ойыншы – ақын Несіпбек Айт­ұлы «Мәдениетті ойыншы» («Chempion» компаниясының спорт формасы) мен сенатор Нұртөре Жүсіп «Мерген ойын­шы» («Әдемі-ай» ұлттық компаниясының қолсағаты) номинациясы бойынша марапатталды.

Турнирге жоғарыда аттары аталған зиялы қауым өкілдерімен қатар, Кенже ­Жұмағұлов, Шархан Қазығұл, Кәрімбек Құрманәлиев, Ғабит Мүсіреп, Қайрат Сақ, Жанарбек Әшімжан, Мейрамбек Бесбаев, Тұрмағамбет Кенжебаев, Талғат Ешенұлы, Шүкір Шахай, Дәулеткерей Кәпұлы, Әлімжан Сабыржанұлы, Нұрділдә Ораз, Ерлан Омар, Бауыржан Қарағызұлы, Еркебұлан Қайназаров, Ұларбек Нұрғалым, Ербол Ерденбек, Жандос Мейірбекұлы, Ысқақ Егембердиев, Ахмет Қайратұлы, Ербол Сейітқалиұлы және өзге медиадағы, саясаттағы, өнер мен мәдениеттегі сайыпқыран шеберлер қатысты.

Алғашқы үш жүлделі орынның интригасы сайыстың соңына дейін сақталды. Сөйтіп, ереже бойынша әр ойыншы екі ойыннан өткізді. Топтан жоғары ұпай алған екі ойыншы келесі кезеңге шықты. Одан кейінгі 1/16, 1/8, 1/4 және ақтық сайыс олимпиадалық ережемен өтті. Жеңілгендер бірден саптан шығып отырды. Мықты ойыншылардың қатарынан көрініп жүрген белгілі қаламгер, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан мен тележурналист Нұрділдә Ораздың арасындағы ойын өте тартысты, қызықты өткеніне куә болдық. Жанарбек бірнеше рет өзінің шар салуға деген мүмкіндігін жіберіп алып, үшінші орынды иеленді. Ақтық сайыста қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп келген Нұрділдә Ораз бен «Хабар» агенттігінің өкілі Ахмет Қайратұлы кездесті. Ә дегеннен-ақ Ахметті кәнігі шебер бильярдшы Нұрділдәнің мысы басып, суырылып алға шыға алмады. Қарсыласының осал тұстарын ептілікпен байқай білген Нұрділдә ең әдемі шарды лузаға салып, жеңіске жетті. Марапаттау рәсіміне қатысқан белгілі қаламгер, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров чемпионға ең үлкен кубокты, алтын медальды, 200000 теңге ақшалай сыйлықты тапсырды. «Start» бильярд клубының басшылығы Н.Оразға арнайы сияпаты мен клубқа 20 пайыздық жеңілдік беретін картаны сыйға тартты. Екінші орынды иеленген Ахмет Қайратұлына кубок, күміс медаль, 150000 теңгелік сыйақы табыс етілді. Үшінші орынды тең бөліскен Жанарбек Әшімжан мен Ербол Ерденбек те арнайы кубокпен, медальдармен, 100000 теңге сыйақымен марапатталды. Турнирде, сондай-ақ, бұдан басқа да аталымдар бойынша үздіктер анықталып, тиісті сый-сияпатқа ие болды.

Олжас Сыдықбек турнирдің жабылу салтанатында жеңімпаздарды жеңісімен құттықтап: «Бұл – спорт қана емес, шығармашылықпен шұғылданатын жандардың бір-бірімен емен-жарқын әңгімелесуі, әдемі қалжыңдасуы мен сырласуына таптырмайтын орта. Бүгін бәріміз бір-бірімізді көріп, ашық сұхбаттасып, бір жасап қалған жайымыз бар. Бұл турнирді ізгі дәстүрге айналдырамыз. Баршаңызға зор денсаулық, мол табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Жақсы күндерде, ізгі ниетпен жүздес­кенше амаң болыңыздар!» деген жүрекжарды лебізін айтты.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button