Жаңалықтар

МЭРЛЕР БЕЙБІТШІЛІКТІ ҚОЛДАЙДЫ

4735fb27ee7314a49265879108c

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымының бас хатшысы Ясуёси Комидзомен кездесті. Жүздесу барысында қос мемлекеттің ядролық қарусыз әлем құрудағы өзара ықпалдастығы мен екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Елорда әкімі алдымен елді ядролық қарусыз әлемге үндеп, бейбітшілік бастамаларын ұсына келген Ясуёси Комидзо мырзаға алғысын білдірді.

– Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап бейбіт өмірді қолдап, Кеңес одағы ыды­рағаннан кейін қуаты жағынан әлемде төртінші ядролық арсеналдан бас тартқанын өзіңіз жақсы білесіз. Елімізде 450-ден астам ядролық жарылыс болды. Мұндай сынақтардың адам айтқысыз ауыртпалығын Жапония елі де тартты. Бұл – екі елді біріктіретін ортақ мәселелердің бірі, – деді Иманғали Нұрғалиұлы.

Қала әкімі «Мэрлер бейбітшілік үшін» дүниежүзілік ұйымына Астана 2012 жылдың тамыз айында 110-шы астана ретінде тіркелгенін атап өтті. Ұйымның құрамына
Астанадан бөлек, Қазақстанның Алматы, Қарағанды, Павлодар, Курчатов, Семей сынды көптеген қалалары да кірген.

Өз кезегінде жапондық мейман ядролық қауіпті жою мәселесі өзекті екендігін, 1945 жылғы тамызда Хиросима мен Нагасаки қалаларын жермен-жексен еткен атом бомбаларының зардабын жапон халқы әлі де тартып келе жатқанын сөз етті.

– Атом бомбаларының адамзат үшін қаншалықты қауіпті екенін жер шарының әр тұрғыны түсінуі керек. Жаппай қырып-жою қаруларын қолданудан күллі әлем бас тартуы тиіс. Сондықтан біздің бейбітшілікке үндеген бағ­дарламамызды басқа қалалардың мэрлері де қолдаса деймін, – деді Ясуёси Комидзо.

«Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымы 1982 жылы құрылған. Осы жылы Хиросима мэрі Такеши Араки әлемдік қалаларға ядролық қарудан түбегейлі бас тарту туралы бағдарламасын жария еткен еді.

Елорда әкімі бейбітшілікке үндеген құжатты Астана да қол­дайтынын айтып, екіжақты ынты­мақтастық одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

Қымбат Тоқтамұрат

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button