Тағзым

МЕШІН ЖЫЛЫ ҚАНША ҚАЗАҚ ҚЫРЫЛДЫ?

Жекелеген тарихшылар 1931-1932 жылғы аштықтың салдарын дәстүрлі мал шаруашылығының күйреуі және ешқандай дайындықсыз ұжымдастыру ісінің күшпен жүргізілуі, сондай-ақ, көшпелі халықты отырықшылыққа ебедейсіз бейімдеудің кесірінен деген пікір айтуда.

ashtyq2-kopirovat

Бұл пікір орынды. Бірақ Сталин мен Хрущев екеуара Қазақстандағы сұмдық ашаршылық жайында пiкiр алысқанда: «Бiз Сталинге Қазақстандағы адам төзгiсiз ашаршылықтан бүкiл қазақ халқы қырылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтқанымызда, «Ол сары пәлелерден тек сондай жолдармен ғана құтылуға болады» деп жауап бердi» дегенi нені меңзейді?

Екіншіден, қазақ даласындағы ашаршылық туралы жазылған Роберт Конквестің «Жатва скорби» атты кітабында: «Аштық жылдары Голощекин қазақтарға дәрігерлік көмек көрсетпеу туралы жасырын нұсқау шығарған» деп жазуы нені көрсетеді?

Үшіншіден, қызыл төңкеріске еңбегі сіңген қайраткер Иван Тоболин қазақтардың аштан қырылу себебін марксистік көзқараспен түсіндіре келіп, «қазақтарда экономикалық бәсекелестікке төтеп берер қуат жоқ, әлсіз, сондықтан оларға өлгеннен басқа жол жоқ» деп отаршылдардың қаныпезер қылығын ақтауын қалай түсіндіреміз?Керекулік зерттеуші-өлкетанушы Жеңіс Марданұлы: «1931-32 жылдары қазақтар аштықтан қырылып жатқанда, олардан босап қалған жерлерге өзге ұлттарды жаңадан қоныс­тандыру әрекеті жүріп жатты, соған қарағанда аштық – әдейі қазақтарды құрту үшін ұйымдастырылған дүние» дегенді алға тартады.

Автор дәлел ретінде аштық жылдары Павлодар облысы, Ертіс ауданына қарасты 40-тан астам ауылдың адамдары босып кетіп жері бос қалған сәтте, сол жерге қолма-қол «Северный», «Суворов», «Қазақстанның 10 жылдығы» атты үш кеңшар бой көтерген. Халық аштан қырылып жатқанда жоғарыдағы кеңшарлар тоқшылықтан кекірік атып отырғанын жазған еді кезінде Жеңіс Марданұлы.
Мына жақта қазақтар орасан зор ашаршылықтан халық қырылып жатқан кезде, Ресейде астық басқа шикізат көздерімен бірге валюталық түсім негізінде сырт­қа сатылды. КСРО бойынша шетелге астық сату көлемі 1928 жылы – 0,1 млн тонна, 1929 жылы – 1,3 млн тонна, 1930 жылы – 4,8 млн тонна, 1931 жылы 5,2 млн тоннаға жетті деген деректер де бар.

Жалпы, осы аштықта қанша қазақ опат болды дегенге келсек, әрқилы, әртүрлі деректер көп кездеседі. Соның ішінде нақты дерек: 1993 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының ашаршылық зардаптарын зерттеу жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытынды есебінде 1930-32 жылғы аштықта 2 млн 200 мың адам, яғни қазақ халқының 49 пайызы қырылған деп көрсетілген. Нақты құжат – осы.

Дастан ЕСМҰРАТ,
Көкшетау қаласы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button