Басты ақпаратИмантаразы

Мешіт көптік етпейді…

Мектеп салуды да жандандырайық

Қазір жер-жерде қаржысы барлар «Алланың үйі» деп мешітті қаптатып салып жатыр. Ислам шариғатында сауабы үзілмейтін жақсы амалдың бірі мешіт, медресе салу екені анық. «Мешіт – Алланың үйі» екені рас, адамның жаны тазарып, рухани кемелденеді. Әрине, имандылыққа бет бұрған, мұсылман болған жақсы ғой, бірақ мешітке кеткен қаржыға оқу ордаларын салып, жаңа жұмыс орындарын ашса, өнім өндірсе, жол, көпір салса, қаншама адамның сауабына қалып, отбасындағы күйіп тұрған мәселелер шешілер еді.

Мешіт салудың заңдылығы қалай?

Деректерге сүйенсек, мешіт салуға тыйым салынған мұсылман елдері де бар. Өйткені халық санына шаққанда жеткілікті. Бұл – мешіттің мөлшерден артық салынуы да дұрыс емес деген сөз.

Мешіттің имамы, салынатын орны, салу себебі, жамағат саны нақты көрсетіледі. Осының бәрі ескеріліп, қолдаған жергілікті қауымдастықтың хаттамасы қажет. Ол болмаса, мемлекет құрылысты бастауға рұқсат бермейді. Яғни қауымдастық қолдамаса, ол жерге мешіт керек емес деген сөз.

Тағы бір ескерер жайт, мемлекет діни ғимараттардың қаржы саясатына араласпайды. Заңдылығын ғана реттейді. Барлығы демеушілердің есебінен жүргізіледі. Мемлекеттен қаражат бөлінбейді. Кім көрінген қалаған жеріне мешіт сала алмайды. Оның бәрі құқықтық негізде реттеледі. Облыс немесе қала әкімінің қаулысы негізінде аймақтарда мешіттің құрылысы жүргізіледі. Кейін оларды тіркеп, мүфтият меншігіне өткізеді. Тіркеуден өткен соң, діни рәсімдер өткізуге болады.

Көп жерде тұрғындар намаз оқитын жер таппай қысылады. Қаланың я ауылдың бір шетіне барғанша біраз уақытын жоғалтады. Мешіттердің салынуы осындай қажеттіліктен туындайтыны түсінікті де. Ал кейбір салынған мешіттердің қараусыз қалып жатқанын да байқаймыз. Оны ұстап тұру да оңай емес. Имамдардың айлығы, мешіттің коммуналдық қызметі, көмірі және тағы басқа да қажетті дүниелері бар. Мешітті салған азаматтар осы жағын ескерсе құба-құп. Осының бәрін мойнына алып, өз салған мешітін осындай көмекпен қамтып отырған азаматтар да бар. Сондықтан мешіт салам деушілерге де, мектеп салуға да еш қарсылығымыз жоқ. Ал мектеп, зауыттан тапшылық бар. Ол – мемлекеттің құзыретіндегі шаруа.

Қазіргі таңда елордада 236757 бала контингенті бар 162 жалпы білім беретін мектеп бар. Бүгінде қаламызда бала саны шамадан тыс 18 мектеп, үш ауысымды 8 мектеп жұмыс істейді. Оқушылардың орын тапшылығы 26 мыңды ­құрайды

Құран Кәрімде: «Мешітті Аллаға иман келтіргендер, намазын толық оқушылар, зекетін берушілер, Аллаға қараған адамдар салады» деген аят бар. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім жер бетінде құстың ұясындай мешіт салса, оған жәннаттан үлкен сарай нәсіп етіледі» дейді. Құстың ұясындай мешіт болмайды. Мұнда оның сауабының үлкен екені айтылып тұр. Мәселен, Қарқаралыда Құнанбай қажы салғызған мешіт бүгінде аудандық мешіт қызметін атқаруда. Қаншама уақыт өтсе де, жөнделіп, ел игілігіне жарап отыр. Демек, мұның сауабы мол іс екені баяғыда-ақ дәлелденген. Ал Ахмет Байтұрсынұлы салғыз­ған мектеп Ақтерек ауылында тұр. Бұл да тарихи әрі пайдасы мен сауабы мол ғимарат. Өйт­кені сол мектептен Алаштың небір ғұламалары білім алып, елі үшін аянбай қызмет етті.

Дін мамандары жеткілікті ме?

Тағы бір мәселе – сол мешіттерде халықты діни сауаттылыққа шақыратын имамдардың білімі мен біліктілігін арттыру, сауатты мамандарды көптеп тарту. Өткен жылы республика бойынша 1227 имам білімін жетілдіріп, 18035 адам сауат ашты. Бұл туралы елордада өткен ҚМДБ төралқа мәжілісінде діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков баяндады.

«2021-2022 оқу жылы ҚМДБ оқу орындарын 603 түлек бітірді. Оның 220-сы Нұр-Мүбарак университетін тәмамдады. Биыл Нұр-Мүбарак университетін бітірген 120 түлек, медресе-колледж­дерді тәмамдаған 217 түлек қызметке орналасты. Ал қалған түлектердің бірқатары білім жолын жалғастырса, бірқатары өзге салаларда қызметке орналасты» деді Смайыл Сейтбеков.

Бөлім басшысының баян­дауынша, биыл Ислам ­институтынан 158 имам білімін жетілдіріп шықты. Діни сауат ашуға қатысқан жалпы жамағат саны – 18035 адам. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына сәйкес, мешіттерде, діни сауат ашу курсынан бөлек, «Құран жаттау» және «Намаз үйрену» курсы да бар. Нәтижесінде биыл Құран жаттау курсы 905 мешітте ұйымдастырылып, 16721 адам қатысса, намаз үйрену курсы 17267 адамды қамтыған.

Бүгінгі таңда ҚМДБ-ға филиал болып тіркелген 2752 мешіт бар. Оның 20-сы – облыстық, аймақтық орталық мешіт, 418-і – қалалық мешіт, 173-і – аудандық және 2141-і – ауылдық мешіт. Сондай-ақ қазір еліміз бойынша жалпы 447 намазхана, ал Астанада 1,5 миллионнан астам халық бар. Мешіттің жалпы саны 20-ға жетпейді. Оның үстіне үлкен мешіттердің көбі қала орталықтарында болғандықтан, қала шетіндегі тұрғындарға құлшылық үйі әлі де жетіспейді. Соған қарағанда, қала ортасынан ірі мешіттерді сала бергенше, қала шетіндегі тұрғындар көп шоғырланған өңірлерде шағын мешіт те салған дұрыс деп санаймыз

Айта кетейік, бүгінде елімізде барлығы 2752 мешіт бар. Осы мешіттерде 4728 дін қызметкері жұмыс істейді. Биыл 77 мешіт ел игілігіне берілді. Бұл туралы елордада өткен ҚМДБ төралқа мәжілісінде мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаев баяндады.

Жалпы бүгінде діни басқармаға қарасты 447 намазхана Google, Яндекс секілді ­электронды карталарға орналастырылып, мешіт атауымен бірге қойылған.

Тапшылық туындап отыр

Алайда қалада жалпы білім беретін мектептерде және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектептерде орын тапшылығы, үш ауысымды оқыту, педагог кадрлардың, сондай-ақ, балабақшалардың тапшылығы проблемасы сақталуда. Мұның бәрі оқу сапасына өз әсерін тигізеді. Сондықтан елорда әкімдігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп, шешу жолдарын айқындап, үстіміздегі жылғы 17 ақпанда елорданың білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жол картасын қабылдады.

Қазіргі таңда елордамыздың білім беру жүйесінде 327218 баланы қамтып отырған 653 білім ұйымы жұмыс істеуде (243-і – мемлекеттік, 410-ы – жекеменшік).

Жалпы білім беретін мектептердің желісі жыл сайын артып келеді. Мәселен, соңғы 3 жылда 64500 орындық 36 мектеп пайдалануға берілді. Жыл сайын оқушылар контингенті 21 мыңнан артып отыр. Бұл жылына шамамен 10 мектепті пайдалануға беру керек дегенді аңғартады.

Қазіргі таңда елордада 236757 бала контингенті бар 162 жалпы білім беретін мектеп бар. Бүгінде қаламызда бала саны шамадан тыс 18 мектеп, үш ауысымды 8 мектеп жұмыс істейді. Оқушылардың орын тапшылығы 26 мыңды құрайды.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023 жылы басталып, 2025 жылы іске қосылатын екі ауысымда 88800 орындық 24 мектеп салу жоспарлануда. Бұл қабылданған шаралар қазіргі мектеп тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, келешекте орын тапшылығы мәселесін де толығымен жояды.

P.S: Мешітпен қатар мектептер салуды, жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін өндіріс орындарын ашуды жедел қолға алу қажет.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button