Басты ақпаратРуханият

Мезгіл мен мезет

Қолына қалам ұстап, жанына қиялын серік еткен журналист ағайын айналасына ұдайы сергек қарайды. Сондықтан да өмірде кездесіп тұратын алуан түрлі көріністерге қатысты: «Неге олай? Неге бұлай?» деген сұрақтарды өзіне де, өзгеге де жиі қойып тұрады. Сондай сәттерде пайда болған сауалдардың бірқатарын біз бүгін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Диссертация дүдәмалы

Есімі қалың оқырманға кештеу танымал болған орыстың ұлы жазушысы Михаил Булгаковтың шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Шебер мен Маргарита» романы бүгінде алуан түрлі бояу-тәсілмен безендіріліп, баспадан қайта шығарылып та, оның желісі бойынша талай фильмдер түсіріліп те жатыр. Сөз әлемінің құпия сырына қаныққысы келген ғалымдар шығарманың негізінде қаншама ғылыми диссертациялар да қорғап үлгерді.
Осының бәрі жақсы. Заманынан асып туған таңдаулы туындыны бағалай білушілік осындай-ақ болар. Бірақ диссер­тацияның да диссертациясы бар. Кейде олардың шамадан тыс шалықтап кететіні сондай, тақырыптарының өзі шалқаңнан түсіре жаздайды. Мысалы, Ресейде ғылым кандидаттығына мүдуәр филолог өз жұмысының атауын «Бүкіл әлемге танымал «Шебер мен Маргарита» романындағы образдық бастау­ларды нақтылауға үтірдің ти­гізетін әсері» деп алыпты. Демек, зерттеушінің ойынша, шығарманың өн бойындағы қаптаған үтірлер ондағы кейіп­керлер тұлғасын толымды етіп шығаруға ықпал еткен. Қандай «жаңалық»! Бір қызығы, еңбек осы қалпында қорғалып кеткен.
Ғылымның шалқар айдынында еркін жүзуге емеурін білдіруші оқымысты жұрттың зерттеулері арасында можантопай тақырыптардың болып тұратынын біз кеңес кезеңінде республиканың сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаевтың 70-жылдардың екінші жартысында өткен партия пленумында жасаған баяндамасынан бірінші рет біліп едік. Сол заманда бір әпенді «Топырақтың шынжыр табанды трактордың бір жүріп өткенінен кейін құнарлануы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғапты. Дәл сол шамада естідік, Өзбекстанда тағы бір алабас «Пахта териштаги чап қўлнинг хизмати» деген тақырыптың арқасында ғылым кандидаты атаныпты. Бұл шіркіндердің бірі осылайша трактор бір жүріп өткеннен кейін жердің қыртысы қалай құнарлана қалатынын жазса, екіншісі мақта терімде сол қолдың қаншалықты маңызды қызмет атқаратынын дәлелдемек болған!

 

Неге «Пржевальский жылқысы»?

Қайсыбір жылы «Қазақстан» телеарнасынан Пржевальский жылқысына арналған хабар көрдік. Баяны басқаша болса, оншама көңіл бөлмес пе едік, сөз арасында жүргізуші жігіт осы тіркесті сан қайталап айта берген соң, амалсыз ойланып қалдық. Шындығында, әңгіменің тақырыбына тамызық болып отырған жылқы есте жоқ ескі кездерден тек Орталық Азия аумағында ғана тіршілік етіп келген екен. Сол бағзы заманнан бар байырғы жануарды XIX ғасырдың үшінші ширегінде осы өңірді зерттеуге келген орыстың белгілі саяхатшысы Николай Пржевальский көре қалады да, жұртқа жеткізеді. Тек сол еңбегі үшін ғана жануарға зерттеушінің есімі таңыла салады. Бұл қалай?
Егер аталмыш жиһанкез әлгі хайуанды өзі қолдан будан етіп шығарған болса, гәп жоқ. Бірақ шын мәнінде саяхатшы оның тек кескінін ғана суреттеп берген ғой. Тіпті сол жылқының терісі мен сүйегін Петербургке жеткізіп, ғалымдарға таныстырған да саяхатшының өзі емес, оның соңынан Орталық Азияға кейін­деу келген зоолог досы Иван Поляков көрінеді.
Аталмыш жылқыны Николай Пржевальский 1878 жылы Моңғолия жеріне екінші мәрте сая­хат жасаған кезінде бірінші рет кездестірген. Бір жолы ол шөл далада дүркірей шауып бара жатқан жылқыға ұқсас жануарлар үйіріне қарсы ұшырасады. Бұған дейін Орталық Азия аумағынан құлан, қодас секілді жартылай есек тектес тағылар тобын көп кезіктіріп келген жиһанкез алыс­тан көз салғанның өзінде, бас­тары үлкен, тікірейген жалдары қысқа, құйрықтары ұзын шоғырдың шоқтығы бөлек екенін байқайды. Артынан моңғолдар мен қырғыздардың аталмыш хайуанды бұрыннан жақсы білетіндерін, оны екі жұрттың да «кертағы» деп атайтындарын анықтап алады. Осы тұста қазақтардың оған «керқұлан» деген ат бергені қазір белгілі болып жатыр. Ал Петербургтегі оқымыстылар 1881 жылы бұл жануарды жеке тіршілік иесі деп танып, оған ғылым тілінде «Equus Przewalskii» деген ат қояды.
Біздіңше, бұл мәселеде тарихи әділет­тілікті қалпына келтіріп, аталмыш жа­нуар­ға ата-бабаларымыз таңып кеткен кер­тағы немесе керқұлан атауларының бірін қайтарып беретін уақыт жеткен сияқты.

Паскаль пайымдары

Қазіргі мектептерде «Өзін-өзі тану» деген сабақ бар. Бірақ бұл осы пәнді толық меңгерген түлектердің бәрі өздерін өздері толық танып шығады деген сөз емес. Өйткені адамның адам болғалы бері шеше алмай келе жатқан проблемасының бірі – осы.
Бұған дейін де сан ғасырлар бойы небір данышпандар қан­шама рет жаһан жүзіндегі жалғыз ақыл-ой иесінің өмірдегі орны туралы орман ойлардың түпсіз тереңіне шомылып, бастарынан сан талай бу ұшырған. Олардың қатарында бүкіл саналы ғұмырын осы мақсатқа бағыштап, шаштарын аққа малдырған алыптар да аз емес-тін. Солардың бірі француздың XVII ғасырда өмір сүрген ғұлама ғалымы Блез Паскаль тіпті өмірінің екінші кезеңінде бұған дейін шұғылданып келген математика, физика, механика, әдебиет және философия ілімдерінің бәрін жиып қойып, барлық тіршілігін бірөңкей жаратылыс күшінің адамды жалпақ жалғанға жібергендегі түпкі мақсатының неде екенін зерттеуге арнаған.
Ойшыл оқымысты еңбегінің ернеуін: «Мен кіммін? Мені бұл дүниеге жіберген кім? Менің жаным мен тәнім неден тұрады? Рухым не істейді? Өзім қайда жүрмін? Өлгеннен кейін қайда және қалай боламын? Мәңгіге тозаңға айналып жоқ болып кетемін бе, әлде басқа қалыпқа көшемін бе?» деген қаптаған сауалдарға жауап іздеуден бас­тайды. Алайда ізденіс ұзаған са­йын мұндай сұрақтардың сорабы созыла түседі. Бұрын Жер күллі әлемнің кіндігі, ал адам Жердің тұтқасы саналып келген еді. Ал Кеңістіктің шексіз екені ашылған соң, Жердің сол түпсіз дүниенің титтей ғана бөлшегі екені мәлім болады. Сонда адам баласының Кеңістіктің алдында тозаң құрлы да тұрқы жоқтығы өз-өзінен айқындалып шығады.
Француз ғалымының екінші пайымы ақыл-ой иесінің тікелей өзі­нен өріледі. Мұнда ол бір басында қашанда жақсылық пен жамандық ұштасып жүретін, қарама-қайшылығы көп жұмыр басты пенденің туа табиғатын тануға талпынған. Соңында: «Адамның ұлылығы – оның трагизмінде» деген тұжырымға тоқтаған. Адам баласы өзін түбінде бір өлімнің күтіп тұр­ғанын жақсы біледі. Бұл көп жағдайда оның сезімінің ақыл-ойды жеңіп кетуіне апарып соқтырады. Сондықтан гомо сапиенстің күшті жағы әлсіздік болып кететін кездері де аз емес: кейде күш-қайрат әлжуаздыққа айналады, жақсылық жамандық болып қайтады, ақыл сезімнің жетегіне ереді. Философ бұған адамды қоршаған әлемнің әсері көп деген уәж айтады. Себебі кез келген жағдайда ақиқат салыстырмалы түрде ғана алға қойылады. Абсолютті ақиқат болмайды. Ендеше, адамгершілік моралі қағидаттарының өзі де салыстырмалы нәрсе. Бұл дүниедегі әділдік, зұлымдық, шындық, бақыт, бақытсыздық, тәртіптілік дегендердің бәрі де салыстырмалы түрде ғана айқындалмақ. Адам табиғаты ойлануға, мінез-құлқы қимылға, ал шындығы иллюзияға бейім. Ғалым осылардың бәрін талдай келіп, адам табиғатының тұнба тылсымын толық шеше алмағанын мойындайды.
Ал адам өзіне-өзі жұмбақ болудан қалған күні тіршіліктің де мәні жоғал­атын шығар.

Серік ПІРНАЗАР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button