Шаһар шаруашылығы

МИБ мәселелері талқыланды

Бүгінгі таңда елордада 700-ге жуық меншік иелерінің бірлестігі тіркелген және басқарудың жаңа нысаны ретінде 1085 жай серіктестік құрылған. Бұл жөнінде қала әкімдігінде өткен онлайн-брифинг барысында қалалық МИБ орталығының басшысы Гүлвира Әбетова мәлім етті

[smartslider3 slider=3788]

2020 жылы елімізде тұрғын үй заңнамасына толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, нәтижесінде көппәтерлі тұрғын үйлерге қызмет көрсететін ПИК-тердің орнына жаңа басқару нысандарын: меншік иелерінің бірлестіктері мен жай ­серіктестіктер құру көзделген болатын. Осыған орай, МИБ орталығының мамандары тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргізуде.

Гүлвира Серікқызының айтуынша, 2022 жылы аталмыш орталық қызметкерлері 7000-нан астам әртүрлі өтініш қарады. Сондай-ақ жыл басынан бері цифрландыру бойынша 1700 өтінім қабылданған. Олардың арасында, негізінен, онлайн дауыс беру, қызмет ­    жеткізушілерін ауыстыру, бухгалтерия және диспетчерлеу жөніндегі ­өтініш те бар.

– Күн сайын шамамен 7-10 жаңа бастамашыл топтар МИБ құру мәселесі бойынша WhatsApp желісіне бір реттік сұрақтарды жібереді не қадамдық сүйемелдеу үшін бетпе-бет консультацияға келеді. Әрине, өтініштің көп болуы ескі нысандардың жұмысына және үйдің қаржы құралдары туралы ақпаратқа қолжетімділіктің болмауына байланысты болып отыр. Кейбір нысандар құжаттаманы қалпына келтіруге немесе сот ісін, қабылдау және хабарлама актілерін дайындауға көмек сұрайды, сонымен қатар жаңа менеджерлер үшін дебиторлық берешекке қатысты мәселе де өзекті, – деді Г.Әбетова.

Көппәтерлі тұрғын үйлердің бюджеті шектеулі және меншік иелерінің заңгерлерге жүгінуге мүмкіндігі үнемі бола бермейді. Осыған байланысты тұрғындар орталыққа жиі жүгінеді. Бұл ретте әсіресе ПИК қызметіне шағымдардың жиілеп кеткені шындық. Атап айтқанда, тарифті негізсіз өсіру, жиналыстарды өткізбей-ақ қаражат жинау, кейбір ПИК нысандары құжаттарының нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келмеуі әлі де азаймай отыр. Қалалық МИБ орталығының мамандары осыған ұқсас мәселелер бойынша ай сайын шамамен 300-ге жуық азаматқа кеңес береді. Қазір белгіленген кесте бойынша түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Бұл күндері бас қалада 3977 көппәтерлі тұрғын үй бар. Олардың 2808-і басқарудың жаңа нысанына өтуге жарамды болса, 289-ы – шағын отбасылық жатақханалар, ведомстволық және апатты жағдайдағы, яғни басқарудың жаңа нысанына өте алмайтын тұрғын үйлер.

Сарыарқа аудандық инспекциясы бөлімінің бас маманы Ануар Рақыштың айтуынша, бас шаһардағы тұрғын үйлердің 68 пайызы басқарудың жаңа нысанына өткен. Осылайша елордада 700-ге жуық меншік иелерінің бірлестігі тіркеліп, басқарудың жаңа нысаны ретінде 1085 жай серіктестік құрылған. Олардың басым бөлігі Есіл және Алматы ауданында орналасқан.

Тұрғын үйді басқарудың жаңа нысанына өту барысында кездесіп жатқан проблемалар жетерлік. Оларды уақытылы шешу мақсатында елордада тұрақты негізде жұмыс жалғасып жатыр. Осы мәселе бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жақында кеңейтілген тікелей эфир өткізді. Бұл жөнінде Есіл аудандық инспекциясы бөлімінің басшысы Ернар Қиябаев та атап өтті.

Нұр-Сұлтандағы МИБ орталығының басшысы Гүлвира Әбетова тамыздың 19-20 күндері елордада меншік иелері бірлестігінің мәселелеріне қатысты ашық есік күндері өтетінін, оған Amanat партиясы филиалының, белсенді азаматтық ­қоғамдастықтың, жергілікті атқарушы органдар мен МИБ өкілдерінің қатысатынын жеткізді. Осы іс-шара барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қоғамдастығының белсенділері тұрғындар тарапынан туындаған барлық сұраққа жауап береді және өздерінің нақты тәжірибесімен бөліседі.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button