Қала мен Сала

МИБ-терді тіркеу оңай ма?

Нұр-Сұлтан қаласының Әділет департаменті мен елордадағы МИБ орталығы бас шаһарда меншік иелерінің бірлестіктерін тіркеу мәселелерін талқылады

[smartslider3 slider=3740]

Жиын барысында МИБ-терді тіркеу кезінде туындайтын қиындықтар кеңінен сөз болды. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта МИБ-терді тіркеуден бас тарту жиілеп кетті. Жағдайдың бұлай қайталана беруіне жүйеде ғимарат мекенжайының тіркеу кодының болмауы себеп болып отыр. Сондай-ақ МИБ-терді тіркеу кезінде «заңды тұлғаның тіркелуін қолданыстағы кондоминиум объектісіне қосу» пункті пайда болды.

– Бұл едәуір қиындық тудырып отыр. Мәселен, кондоминиум тіркеуде болмаған жағдайлар жиі кездеседі. Ал МИБ-ті тіркеу Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңы бойынша өтініш берілген күні кондоминиум объектісін тіркеуге міндеттемейтінін атап өту қажет. Объектіні тіркеу рәсімін кейінірек жасауға немесе мемлекеттік қызметті алу стандарты бойынша бір мезгілде өтініш жіберуге болады. Бұл ешқашан қарама-қайшылық тудырған жоқ. Алайда бүгінде біздегі жүйе ғимараттың коды болмаған МИБ-ті тіркемейді. Осыған орай, жергілікті жерлердегі мамандар мен меншік иелері түрлі қолайсыздыққа тап болуда, – деді қалалық МИБ орталығының жетекшісі Гүлвира Әбетова.

Заңды тұлғаны тіркеуге жатпайтын мәселелер бойынша кворумның болуын тексеру Әділет департаментінің құзыретіне жатпайды. Дегенмен жиналыстың бірыңғай хаттамасын берген кезде көптеген меншік иелері МИБ-ті тіркеуде, қызметті жүзеге асыруда туындайтын мәселелердің толық тізімін бекітеді.

– Құжаттарды тіркеуге тапсырған азаматтар бұл мәселелерді жеке хаттамалармен бөле алмайды, өйткені жиналыс бір және жиналыстағы мәселелер талқыланып, жан-жақты бекітілді. Бұл ретте халықпен де, сот органдарымен де қосымша түсіндіру жұмысын жүргізу қажет. Әділет департаменті – тіркеуші орган және тіркеу мәселелері бойынша кворумның болуын және оған қатысты мәселелерді қарайды. Құқықтарды беру, тарифтерді ұсыну, басқаруға және қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін басқа да мәселелер тіркеу бөлімінің құзыретіне жатпайды, бұл – меншік иелерінің міндеті, – деді Гүлвира Әбетова.

Жиынға қатысушылар қала тұрғындары үшін тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша тұрғындармен тоқсан сайын кездесулер өткізуге бірауыздан келісті. Осылайша алдағы уақытта елордада МИБ орталығының алаңында ашық есік күні ұйымдастырылады. Онда қала тұрғындары еркін қарым-қатынас форматында кез келген маманға келіп, өзін толғандырған барлық сұраққа, мәселен, МИБ-ті тіркеу, қаражаттың жұмсалуын бақылауды жүзеге асыру, техникалық және заңды мәселелер, өртке қарсы қауіпсіздік және басқа да проблемалар бойынша толық жауап ала алады.

 

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button