Қала мен Сала

МИБ: тиімділігі қайсы, күмәні неде?

 

Нұр-Сұлтан қаласында меншік иелерінің бірлестігін немесе қарапайым серіктестік құру жөнінде әңгіме 2020 жылдың басында басталған еді. Көпшілік ұйымдар оның жай-жапсарын зерттеп, зерделеп, бірқатары осы бірлестікті құруға дендеп назар аударған-ды. Тіпті ресми деректер бойынша да ПИК (пәтер иелері бірлестігі) 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмысын тоқтатады деген мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеу­меттік желілерде қайта-қайта берілді. Қаладағы көпқабатты үйлердің тұрғындары өз араларында дүркін-дүркін жиналыс өткізіп, бір тоқтамға келген сияқты болған. Алайда…

[smartslider3 slider=3339]

 

Сен салар да, мен салар

Жақында Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары осы заң жобасын кезекті талқылау кезінде тағы да бір-екі ұсыныс енгізді. Мәжілісмендер бұл өзгеріске келісіп отыр. Енді көпқабатты үйлердегі кондоминиум нысанын басқарудың жаңа түріне көшу 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылатын болды. Мұны сенаторлар еліміздегі көптеген көпқабатты үйлердің тұрғындары аталған МИБ (меншік иелері бірлестігі) басқару түріне көшіп үлгере алмай жатуымен түсіндіреді. Сондықтан құжат аталған ұсыныстарды енгізу үшін Мәжіліске қайтарылған.

Осы жерде «МИБ-ке немесе ҚС-қа (қарапайым серіктестік) өтіп қойғандар қайтеді?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сауалға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық департаментінің директоры Руслан Лепесов былай деп жауап берді:

«Бұл мәселе бізді де толғандырып отыр. Алайда азаматтарға МИБ немесе ҚС құру негізінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кеңес берілді емес пе? Сондықтан заң жобасына сәйкес аталған ұйымға өтіп қойған тұрғындар болса, еш қам жеудің қажеті жоқ. Жұмысты одан әрі жалғастыра беру қажет. Ал бүгінге дейін өтіп үлгере алмағандар болса, сол ПИК күйінде олар да жұмысын жалғастыра береді. Құжаттарын ретке келтіріп, асықпай ойланып-толғануға әлі бір жыл уақыты бар. Әзірге екі басқару жүйесі де заңды. Алда жылу беру маусымына дайындық тұр.

Руслан Лепесовтің айтуынша, көпқабатты үйлер тұрғын үй қорының шамамен 88 пайызы басқарудың жаңа түріне өтіпті. Ал қалған 12 пайыз бір жылдың ішінде асықпай өтеді деп үміттенетінін жеткізді. Осы екі жылдағы бір жүйеден екінші жүйеге көшуде байқалған қиындық, негізінен, қаржы-техникалық құжаттамалардың реттелуі болған көрінеді. Бұл реформаның ең басты мақсаты – тұрғындардың қаржысын өздері бақылауға мүмкіндік беру. Бұған дейін «ПИК-ке ақша төлейміз, төлейміз, ал қаржының қайда кететінін білмей дал боламыз» деген арыз-шағымдар толассыз түсіп жатады. Расында, балансында бірнеше үй, жүздеген пәтері бар ПИК басшысының тұрғындардың жарнасын қайда жібергенін нақты бақылау мүмкін емес еді. Енді бұл кемшілік түзелетін сияқты.

Қоғам белсендісі ­Жұмағазы Кенжебеков депутаттардың МИБ-ті кейінге шегеруіне наразы екенін білдірді.

«Сенаттың ұсынысына Мәжіліс толық қол көтергенмен, спикер Ерлан Қошанов Үкімет өкілдеріне ескерту жасады ғой. «Заң жобасына енгізіліп, Мәжілісте алдын ала қаралмаған норманы Сенат қарап бізге қайтаруы – бұл жобаны әзірлеген Үкіметтің, қала берді палатада отырған әріптестердің үлкен кемшілігі. Айналып келгенде «сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?!» дегеннің кері келді де тұрды. Мұндай құйтыр­қылыққа енді жол берілмесін» деген жоқ па? Сол кісі айтқандай, енді тағы бір жыл бойы ПИК-тердегі ақшаның сайда санын, құмда ізін таппайтын боламыз».

Жарна өсті, істелген жұмыс ойдағыдай ма?

«Тұрғын үй реформасы тұрғындарды қарық қылады, қаржыны енді өздеріңіз бақылайтын боласыздар» деп жаһанға жар салынғанмен, адамдардың көбі әлі үйлерін кім басқаратынын, МИБ-ке төлейтін жарнаның қанша болатынын нақты біле алмай басы қатуда. Басқа қалаларды қайдам, бас шаһар – Нұр-Сұлтан қаласының өзінен министр­лікке осыны түсіндіріп беруді сұраған бума-бума хат түсетін көрінеді.

Елімізде отыз жылға тарта уақыт ПИК жұмыс істеді. Пәтер иелері жарналарын төлеп жатты, соның шетінен төрағалар еңбекақысын алғаннан басқа, ол қайда жұмсалады деген мәселе ешкімді қызықтырған жоқ.

Тұрғындар тек пәтерлерінің төбесінен су кетіп, жертөледен жағымсыз иіс шыққанда немесе үйде су болмай қалғанда ғана ПИК төрағасын іздейді. Ал ол болса «мақсатты жарна» деген желеумен тұрғындардан тағы ақша жинауға кіріседі. Бір кешенде 300-350 пәтер болса, әр пәтердің шаршы метріне 75-100 теңгеден ПИК жарнасын алып, қосымша «мақсатты» деп әр шаршы метрге 5-10 теңгеден алатын болса, расында да, ол ақша қайда кетеді? Енді салынғанына 10-15 жыл болған үйлер күйреп, жөнделмей жатыр.

«Сенат депутаттарының басталған реформаны ке­йінге қалдыруында бір гәп бар» дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы саласындағы сарапшы ­Әлібек Хамзин.

– МИБ дегеніңіз – әлі пісіп-жетілмеген идея. Мұны нақты енгізу үшін аяғына дейін оқып, түсіну керек. Енгізбес бұрын әуелі халықпен ақылдасып алуы керек еді. Енді мынаған назар аударыңыз. МИБ-тің не ПИК-тің бәрін басқаратын – сол бұрынғы құрам. Өз адамдарынан, өздерінің сөзін сөйлейтіндерден команда жасақтап алған.

Міне, осы сияқты қаладағы ПИК-тердің жұмысына деген көңіл толмаушылық жетіп артылады. Жалпы бұл төңіректе арыз-шағым мен наразылық баршылық. Олардың барлығынан тиісті органдар хабардар деп ойлаймыз. Басқарудың жаңа түрі – МИБ пен ҚС-қа адамдар көп үміт артып еді. Алайда оның нақты жұмыс істейтін тетіктері дәл анықталмай, кейбір күмәнді жайттарға себеп болған соң әлі де жетілдіре түсу үшін бір жылға кейін шегеріліп отыр. Тұрғындарға керегі жиналған жарна мақсатты пайдаланылып, үйлері жылы болса, ыстық, суық суы үздіксіз ағып тұрса, жертөледегі барлық құбыр уақытында жаңасына ауыс­тырылып, тазалық сақталса, аулалары тап-тұйнақтай жабдықталып, балалар ойнайтын алаңдар мен үлкендер демалып, тынығатын орындар жасақталса, олар МИБ-тен де, ҚС-тен де басқа ештеңе сұрамайды. Бұл жерде ең бастысы – тұрғындармен ашық, өзара түсіністік жағдайда бірлесе жұмыс істеу. Сонда ғана қолға алған тұрғын үй-коммуналдық реформаның мақсаты орындалады.

МИБ дегеніңіз – әлі пісіп-жетілмеген идея. Мұны нақты енгізу үшін аяғына дейін оқып, түсіну керек. Енгізбес бұрын әуелі халықпен ақылдасып алуы керек еді. Енді мынаған назар аударыңыз. МИБ-тің не ПИК-тің бәрін басқаратын – сол бұрынғы құрам. Өз адамдарынан, өздерінің сөзін сөйлейтіндерден команда жасақтап алған.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button