Басты ақпарат

МИБ-тің мүмкіндігі мол

Еліміздегі көппәтерлі тұрғын үй иелерінің кооператив­тері 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап өз жұмысын тоқтатады. Оның орнына енді мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) немесе қарапайым серіктестіктер (ҚС) құрылады.

[smartslider3 slider=3037]

Нұр-Сұлтан қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекция­сы басқармасының басшысы Әнуар Саиповтың айтуынша, басқарудың жаңа формасына көшудегі басты себептердің бірі азаматтардың бұрынғы ПИК қызметіне көп шағымдануынан туындап отыр. Расында да, тұрғындар осыған дейін тұрғын үй басқару саласында ашықтықтың, толық және түсінікті есептіліктің болмауына; көптеген үйлерді қамтитын, бірақ оларды тиімді басқара алмайтын ірі, ауқымсыз ПИК-тердің жұмысына; ПИК-тің жекелеген қатысушыларының тең емес құқықтарына; жаңа төрағаларды қайта сайлаудағы қиындықтарға қатысты көңіл толмаушылықтарды жиі айтатын. Ол аз десеңіз, кейбір төрағалар өз кооперативтерін 20 жылдан астам уақыт басқарып келеді. Осыған байланысты 2020 жылы күшіне енген заңнамаға түзетулер енгізілді. Олар ПИК жүйесін жоюға және МИБ-тер мен ҚС-ге көшуге бағытталды.

Меншік иелерінің бірлестіктері мен қарапайым серіктестіктер арасындағы айырмашылық туралы айтар болсақ, негізі екеуі де «бір үй – бір шот – бір бірлестік» қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады. Әрбір үй кондоминиумды басқару мәселелерінде дербес болады. Мәселен, МИБ-тер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» ҰАҚ арқылы Әділет департаменттерінде заңды тұлға ретінде тіркеледі және олар тек өз үйлерін басқаратын болады. Бұл оларға күрделі жөндеуге қаражат жинауға, қаражаттың түсуіне және олардың мақсатты жұмсалуына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

ҚС тұлға емес. Бұл үйді заңды тұлға ашпай, тіпті арнайы банк шотын ашпай-ақ басқару дегенге саяды. Қарапайым серіктестіктер негізі 20-30 пәтерлі шағын үйлер үшін қолайлы, онда тұрғындар аз және олар сенімді тұлғасына жалақы төлей алмайды. Қысқасы, тұрғын үйлерді басқарудың жаңа формасына көшу тұрғындарға кондоминиумды белсенді басқаруға, шығындарды бақылауға, туындаған мәселелерді тезірек шешуге, сондай-ақ кондоминиум аумағын жалға беруден түскен ақшаны бірлесіп пайдалануға мүмкіндік береді.

Тарифтердің өсуі мүмкін бе?

 Қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы 665 көпқабатты үйде 522 МИБ құрылды. 1085 қарапайым серіктестік бар, яғни елордадағы 2859 тұрғын үйдің 61 пайызы жаңа жүйеге көшті. Шілденің 1-інен кейін ПИК жұмысы тоқтаған соң, сол үйлер әсіресе жылыту маусымында қараусыз қала ма деген қауіп те жоқ емес. Сондықтан тұрғындардан МИБ ісіне салғырт қарамай, тезірек оны құрып, төрағасын сайлап, жиналыстарын өткізулері керек.

Әрине, пәтер иелерінің кооперативтері бір күн ішінде жабылып қалмайды. Пәтер иелері алдындағы міндеттерін қанағаттанарлық дәрежеде атқарған, тұрғындардың көңілінен шыққан пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын жалғастыруға мүмкіндігі бар. Бірақ ол кооперативтер жақында басқарушы компания немесе сервистік ұйым ретінде қайта құрылып, қызметін жалғастыра алады.

ПИК-тен МИБ-ке көшудің салдарынан тарифтер өсуі мүмкін бе деген мәселеге келсек, Ә.Саипов бұл ретте, тұрғын үй заңнамасына сәйкес, тұрғын үйдің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға және басқаруға арналған пайдалану шығыстарына арналған тарифті есептеу ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекіткен шығыстар сметасын есептеу әдістемесі негізінде жүргізілетінін атап өтті. Бұл жағдайда есептеу тұрғын үйдің сипаттамаларына тікелей байланысты жүзеге асырылады. Одан әрі бұл мәселе жиналыста қаралады және шешім тұрғын емес үй-жайлардың пәтер иелерінің жалпы санының 2/3-нен астамы келіскен жағдайда ғана қабылданады. Демек, тариф тек үйдің және оның иелерінің қажеттіліктеріне байланысты болады.

Қазір кейбір үйлерде тариф – 30 теңге. Көп жағдайда ПИК-тер 5-тен 15-ке дейін үйге қызмет етеді, тіпті одан да көп болуы әбден мүмкін. Бұл ретте барлық қаражат бір шотта жинақталады және оны тек ПИК төрағасы басқарады. Бұл өз кезегінде қаражатты жұмсаудың ашық болмауына әкеліп соғады, яғни ПИК төрағасы қажет болған жағдайда ақшаны қай үйге жұмсау керектігін өзі шешеді. Бірақ бұл жерде 30 теңге тарифі тек кіреберістерді тазалауға және ортақ мүліктің кейбір бөліктерін аз-кем жөндеуге ғана жететінін ескеру қажет. Сондай-ақ бір ғана үйге қызмет көрсететін ПИК-тер де бар, көбіне онда тариф орта есеппен 60 теңгеден 90 теңгеге дейін.

Шетелдік тәжірибеге сүйенсек

Дамыған елдерде көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың тәсілдері әртүрлі. Мәселен, қай істе де аса талапшыл Германияда көппәтерлі тұрғын үйді басқарушыға қойылатын талап тым жоғары. Арнайы білімінен басқа, оның жоғары дипломы мен қажетті санатты білігінің болуы жеткіліксіз. Бұл ретте үйді басқарушы тұрғындармен тіл табыса алатын, дау туындай қалған жағдайда оны дұрыс әрі әділ шеше алатын айрықша қабілеттерге ие болуы тиіс. Дегенмен немістердің көпшілігі жалдамалы үйде тұрады, сол себепті тұрғын үйді жалға алу жоғары дамыған. Бұл жағдайда кіреберістің немесе бүкіл үйдің иесі немесе оның өкілі жалға алушылардан жалдау ақысы мен қызмет көрсету ақысын алады, ал қалған төлемдер ресурс жеткізуші ұйыммен келісім бойынша коммуналдық қызметтерге тікелей түседі.

Әрбір көпқабатты үйде ғимарат менеджері болады. Олардың міндеттеріне үйді басқаруға байланысты ұйымдастырушылық мәселелер кіреді. Мұндағы тұрғындардың тек 20 пайызының ғана үйлері жекеменшік. Егер үй басқармасы болмаса, онда коммуналдық және тұрғын үй қызметтерін көрсету, қар мен қоқысты шығару мәселелерін шешуге барлық жауапкершілік үй тұрғындарына жүктеледі.

Венгрияда «Пәтер иелерінің ассоциациялары» туралы заңға сәйкес тек тиісті кәсіби да­йындығы бар адамдар ғана кондоминиум объектілерінің менеджерлері бола алады. Ал Францияда өткен ғасырдың 90-жылдары сумен қамтамасыз ету, қоқыс жинау және көшелерді тазалау жүйесі жекешелендірілген болатын. Коммуналдық қызметтер мен қоғамдық көліктің бірқатары жеке секторға өтті. Мұндағы тұрғын үйлерді басқару бұл елдердің өкілеттіктері мен міндеттерінің үлкен саны бар ең кіші және тұрақты әкімшілік-аумақтық бірлігі – коммуналардың құзыретінде.

Қысқасы, қай елдегі басқару үлгісін алып қарасақ та, қызмет көрсету операторларына қаржы біздегідей жеке тұрғындардың қалтасынан төленеді. Тек көрсетілетін қызмет сапасы төленетін қаржы көлеміне сай болып келеді. Демек, бізге жетіспейтіні осы – сапалы қыз­мет болса керек.

Сонымен, 1 шілдеге дейін ПИК көппәтерлі тұрғын үйді, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін салуға, күтіп-ұстауға және пайдалануға байланысты барлық қолда бар құжаттарды МИБ-ке немесе ҚС-ке беруге міндетті. Бірақ заңда осы талаптардың орындалмау салдары айтылмайды.

Бүгінде жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған. Осыған байланысты қазіргі уақытта ондаған үйге қызмет көрсеткен бір ПИК-тен осындай МИБ-ке өту арқылы құжаттарды тапсыру барысында меншік иелері бірлестіктерінің төрағалары мен қарапайым серіктестіктердің сенімді тұлғалары актіге қол қоюдан бас тартумен, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген құжаттар мен кондоминиум объектісі бойынша қаражатты ерікті түрде берумен бетпе-бет келуде. Нормативті-құқықтық актілерге сәйкес, жиналыстың шешімі бойынша МИБ төрағасы немесе сенім білдірілген адамы заңды тұлға не жай серіктестік құрылған кезден бастап жұмыс істеп тұрған қызмет көрсететін ұйымға 3 жұмыс күні ішінде қаржылық, техникалық құжаттаманы және өзге де техникалық құжаттаманы, сондай-ақ жинақ шотында ақша қаражаты болған кезде қабылдау-беру актісін жасау қажеттігі туралы хабарлама жібереді.

Егер көппәтерлі тұрғын үй басшылығы 1 шілдеге дейін МИБ-ке немесе ҚС-ке ауыспаған жағдайда тұрғындар МИБ-сіз немесе ҚС-сіз шеше алмайтын проблемаларға тап болуы әбден мүмкін. Сондықтан коммуникацияларды жөндеу барысында немесе жылыту маусымына дайындық кезінде қиындықтар туындамас үшін қазірден қамданған дұрыс-ау.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button