Басты ақпаратҚала мен Сала

МИБ: тұрғындарды мазалаған мәселелер

Елордада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы реформалардың 70 пайыздан астамы жүзеге асырылды, соған қарамастан көптеген пәтер мен тұрғын емес үй-жайдың иелері нормативтік құқықтық актілерде, бұйрықтар мен қаулыларда бекітілген талаптарды ескермеуде. Осыған орай, көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары арасында туындаған даулы мәселелер әлі де азаяр емес. Солардың негізгілеріне Астана қаласындағы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық иелері қауымдастығының президенті Зәуреш ӘБДИЕВА түсініктеме берді.

– Бүгінгі таңда МИБ төрағасы болып жұмыс істеуге келісетін адамдар тым аз, себебі олардың барлығы бірдей тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын егжей-тегжейлі түсіне бермейді, ал олардың басым бөлігі тұрақты жұмысынан босамай жатады. Сонда мықты төрағаны қайдан табамыз?

– Жақсы немесе жаман төраға деген ұғым жоқ. Бәрі тұрғындардың өзіне байланысты. Төраға мың жерден мықты болса да, тұрғындар тарапынан қолдау болмаса, оның құлшынысы көпке бармайды.

Расында да, МИБ төрағасы болу оңай шаруа емес, ол қыруар еңбекті ғана емес, сонымен бірге халықпен тығыз қарым-қатынас жасай білуді талап етеді. Мысалы, біз оған аса байыптылықпен қарадық, құжаттарды және осы істің басқа да қыр-сырын түсінуді үйрендік. Қаншама оқудан өттік, енді көрші үйлердің төрағаларына көмектесудеміз. Барлығына уақыт қажет, ең алдымен, көршілер шыдамды болуы керек және олар ортақ чаттарда отырып алып кеңес берумен шектелмей, сыртқа шығып, тұрғындарға көмектесіп, жиналыстарға қатысса, біраз мәселе оң шешілген болар еді.

– «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы МИБ-тердің жалпы ғимаратты жалға алушы немесе сатып алушы кәсіпкерлермен жиі келісе алмайтынын мәлімдеді. Осы мәселе қалай шешіледі?

– Тұрғын үй нысандарының ішіндегі адамдарды кәсіпкер немесе кәсіпкер емес деп бөлудің қажеті жоқ. Себебі біз барлығымыз бірдей меншік иесіміз. Қалай болғанда да, үйдегі құбыр, жарық, су, жылу, төбе бәрімізге ортақ. Тек дұрыс сұрақ қойып және дұрыс жауап бере білу қажет. Егер сұрақ қою қиын болса, меншік иелеріне көмектесу керек. Ал мәселеңіз тіпті шешілмей жатқан жағдайда, қалалық әкімдіктің жанынан құрылған МИБ орталығының көмегіне жүгінсеңіз болады. Олар меншік иелерінің бірлестігін құруға қатысты барлық мәселе бойынша сізге нақты кеңес береді. Әрине, екі жақ келісімге мүлде келе алмайтын жағдайлар да туындайды, мұндайда мүлік иелерінің сотқа жүгінуден басқа амалы қалмайды. Мүдделерді қорғау үшін білімді заңгерлерді жалдауға тура келетін сәттер де кездеседі. ҰКП және тұрғын үй қатынастары мәселелері – бұл жалпы алғанда әртүрлі ұғымдар. Тұрғын үй қатынастары дегеніміз – бұл меншік иелері мен қызмет көрсетушілер, бұл жерде мәселені қиындатудың қажеті қанша, бізде барлық мәселе Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңымен және нормативтік құқықтық актілермен реттеледі. ҰКП – нарық пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы қатынасты реттеуші, олардың мүддесін мемлекеттік органдар алдында қорғаушы.

– Жалпы, қалай ойлайсыз, бір үйде екі басқару органын немесе екі қызмет көрсету ұйымын құруға бола ма?

– Әрине, оны іс жүзінде елестету қиын. Өйткені олардың екеуі де жылу пункттеріне бір есік арқылы кіреді, журналдар мен атқарушылық құжаттаманы жүргізу, кілттерді сақтау және инженерлік жабдықтардың сақталуы екі ұйым үшін қалай болар екен? Мысалы, бірдей дәнекерленген крандар жоба талаптарына сәйкес келу үшін ғимаратты пайдалану барлық меншік иелерімен келісілуі керек, жасалған шарт бойынша ақша төленуі қажет. Жылыту маусымына дайындық кезінде де қиындық болады. Мысалы, қалалық қызметтер мен аудан әкімдіктері қазір қысқа дайындық үстінде. Оның бәрі кесте бойынша жүргізілетіні белгілі. Бүгінгі таңда қалада үйлерді жылыту маусымына дайындаумен айналысатын 1000-ға жуық кәсіпорын бар. Жиналыстарда көріп жүргеніміздей, бұл салада да шешімін күткен мәселе көп.

– Сіздің ойыңызша, ПИК-тен МИБ-ке өту процесі қазір неге баяу?

– Бүгінгі таңда елордада тұрғын үйді басқару бағытында 1000-нан астам субъект жұмыс істейді. Бұл ретте біз белсенді меншік иелерінің бірлестіктері мен басқарушы компаниялардың ұстанымдарын қолдаймыз. Меніңше, Астанада ПИК-тен МИБ-ке өту процесінде қандай да бір іркіліс байқалмайды. Жұмыс ретімен жүріп жатыр.

Бастапқыда реформа ПИК қызметіне қатысты болғаны белгілі. Пәтер иелері кооперативінің жұмысында олқылық тым көп болғандықтан, 2020 жылдан бастап заңды тұлға ретінде олардың қызметін тарату мерзімі ұзарды. Халық мұны түсінбегендіктен, көп қиындыққа тап болды. Сондықтан тұрғындар үйді жақсартқысы келсе, МИБ құру керек екенін түсінгені абзал, олай болмаған жағдайда, қиындық азаймайтынын айтып өткім келеді.

Біз, меншік иелері, МИБ-ті құру арқылы бақылауды, әсіресе қаржының бөлінуін қадағалауды өз қолымызға алдық, ал қызмет көрсету сол бұрынғыша жұмыс істеп жатыр. Үйді күтіп ұстау мен оған қажетті материал­дардың құны, әрине, қымбаттады. Мұнда сіз ПИК-сіз бе, әлде МИБ-сіз бе, ол маңызды емес, дүкен сөрелеріндегі баға барлығына бірдей өсіп отыр.

Орталық мемлекеттік органдардың ресми сайттары мен брифингтерде айтылған ақпарат бойынша бүгінгі таңда елордада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы реформалардың 70 пайыздан астамы жүзеге асты, енді тек осал топтағы азаматтар мен апатты жағдайдағы тұрғын үйлер ғана қалды.

– Жаңа басқару нысанына көшуде қандай өзгерістер енгізуді ұсынасыз?

– Мұнда ештеңені өзгертудің қажеті жоқ, елордада бәрі дұрыс жолға қойылған. Бірақ енді орталық мемлекеттік органға, жаңа бюджеттік бағдарламаларға, МИБ-ке жағдай жасасын. Біз, мысалы, МИБ төрағалары қауымдастыққа бірігіп, жұмысты жаңадан бастағандарға құжаттаманы дұрыс жүргізуді, бірлестікті қалай басқаруды, оны қызметтен бөлуді үйретуге дайынбыз. Бұрын, өкінішке қарай, бәрі басқаша болатын. Енді бухгалтерияға қол жеткізу оңайлады, құжаттама да өз орнында, ашықтық айқын сезіліп отыр. Әрине, мен бұл жерде табысты еңбек етіп жүрген МИБ-терге баса назар аударғым келеді. Кез келген басқа саладағыдай, бізде де барлық күш-жігерін қызметті жақсартуға бағыттап келе жатқан қатысушылар жетерлік. Бұл ретте мен тұрғын емес үй жайлардың қатарына колледждерді көбірек қосуды ұсынар едім, өйткені біз мұны жергілікті атқарушы органдар деңгейіндегі қанатқақты жоба түрінде МИБ орталығымен бірлесіп жүзеге асырудамыз және бұл саладағы жұмыстар алдағы уақытта жалғаса береді

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button