Микроқаржы омбудсмені құрылды
Елімізде микроқаржы ұйымының клиенттеріне тегін көмек көрсететін омбудсман құрылды, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Қазақстанда 21 желтоқсаннан бастап микроқаржы омбудсман институты жұмыс істейді.
Оның негізгі мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау және дауларды сотқа дейін реттеуге көмектесу, деп хабарлайды қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Агенттіктің ақпаратынша, микроқаржы омбудсманы қазақстандықтардың микрокредиттерге байланысты дауларын, соның ішінде мерзімі өткен қарыздарды реттеп, коллекторлық агенттіктермен туындаған мәселелерді қарайды.
Омбудсманның көмегіне тек микроқаржы ұйымдарының клиенттері – жеке тұлғалар жүгіне алады. Оның қызметі тегін болады. Омбудсман тәуелсіз төреші ретінде әрекет етіп, дауларды сотқа жүгінбей шешуге ықпал етеді. Омбудсман қабылдаған шешімді микроқаржы ұйымы мен қарыз алушы орындауға міндетті. Егер тараптардың келісімімен басқа мерзім белгіленбесе, омбудсманның шешімі 30 күн ішінде орындалуы керек, – деп жазылған хабарламада.
Омбудсман сотқа жолданған істер немесе заңды күшіне енген сот актілеріне араласпайды. Сонымен қатар дәлелденбеген немесе жаңа мән-жайлары анықталмай қайта жолданған өтініштерді қарамайды.
Айта кетейік, қазір елімізде банк және сақтандыру омбудсмандары жұмыс істейді. Енді олардың қатарына 21 желтоқсаннан бастап микроқаржы омбудсманы қосылады.
2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 220 микроқаржы ұйымы, 215 кредит серіктестігі және 497 ломбард бар.