Жаңалықтар

Миллиардер Қазақстан туралы кітап жазбақ

Тайландтың ең бай адамдарының бірі, белгілі кәсіпкер, әйгілі «Амата» корпорациясының негізін қалаушы әрі бас директоры Викром Кромадит автокеруенімен Астанаға келіп жетті. Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбековпен кездескен ол елордада өтетін «EXPО – 2017» халықаралық көрмесі аясындағы ой-пікірлерімен бөлісті.

«Жасыл экономика» тақырыбын кеңінен талқылаған қос тарап осы салада ынтымақтаса жұмыс істеуге ниет білдірді. Бес бірдей ірі индус­триалдық парктің қожайыны Викром Кромадит мырза ең алдымен адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаның тазалығын бәрінен биік қоятындарын, сол себепті индустриалдық паркке енген 1 мыңға жуық кәсіпорынның түгелі «қалдықсыз өндіріс» қағидатымен жұмыс істейтінін жеткізді.
Кездесудің соңында журналис­термен жүздескен кәсіпкер елімізге келу мақсатымен, алдағы жоспарымен таныстырды. «Мен қазір бизнеспен айналыспаймын. Жасым алпысқа келгелі ел, жер көріп, жұртшылықтың кәдесіне жарайтын істермен шұғылданғанды жөн көрдім. Бұл өмір мәңгі емес. Жиған-тергеніңді өзіңмен бірге алып кете алмайсың. Ал артыңа қалдыратын рухани дүние – мәңгілік. Сондықтан кітап жазуға ден қойдым. Өзім ұйымдастырған «Азия керуенінің» мақсаты – Азия елдерін әлемге та­ныс­тыру» дейді Викром мырза.
Бизнес саласында биік табыстарға қол жеткізген мультимиллионердің жазушылық қадамы да сәтті болғанға ұқсайды. Оның кітабын тайландықтар «пышақ үстінен» бөліп әкететін көрінеді. Кітабы бір күнде 150 мың данамен сатылған кездер де болған. Тай елі тіпті Викром мырзаның алғашқы кітабының желісімен телесериал да түсіріп үлгеріпті. Айтпақшы, бұл кітабы «Быть хорошим человеком» деген атаумен орыс тілінде басылып шығыпты. Өзі аралаған елдердің әдет-ғұрпы мен тұрмыс-тіршілігінен алған әсерлерін қағазға түсіріп, 17-ші кітабын шығарғалы отырған Викром Кромадит енді Қазақстан туралы кітап жазбақшы. «Қазақтар туралы деректі фильмдер циклін түсіру де ойымда бар» дейді автор.
Үш жылдан бері наурыз-қазан айларында Азия елдерін аралауға шығатын автокеруен бүгінге дейін Бирма, Корея, Қытай, Монғолия және Ресейді аралап шыққан. Енді 16 тамызға дейін елімізді шиырлап, Астанадан басқа, Петропавл, Көкшетау, Бурабай, Қарағанды, Балқаш, Алматы қалаларына сапар шекпек. Әрі қарай Қытай арқылы өз елдері – Тайландқа жол тартады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button