Елорда тынысы

Министр Елорданың экономикалық аймағын аралады

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбеков елордадағы бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік нысанды аралады.

Олар алдымен бас шаһардағы №2 жылу электр орталығына ат басын бұрды. Іс-шараға қатысушылар бұл жерде тариф белгілеу, көмір қазандықтарын газға ауыстыру мәселелерін талқылады.

Мамандардың мәлімдеуінше, стансаның жылу энергиясының қуаты – 2 106 Гкал/сағ, электр қуаты – 600 МВт. Өндірілген электр энергиясы елорданың электр жүктемесін және стансаның өз қажеттілігін жабуға жұмсалады.

Бұдан әрі ҚР Ұлттық экономика министрі мен қала әкімінің орынбасары бастаған топ интеграцияланған өндірістік кешеннің құрылысы барысымен танысты.

«Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасқан кәсіпорынның жалпы ауданы 17 мың шаршы метр екен. Ол 5 цехтан тұрады. Кешенді осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Терезелер, медициналық жабдықтар, кеңсе жиһаздары мен металл бұйымдарын шығаратын зауыттың құны 21,7 млрд теңгені құрайды.

– Бұл өндіріс толығымен жеке шетелдік инвестиция есебінен қаржыландырылады. Біз өз тарапымыздан жаңа жұмыс орындары ашылып, жаңа технологиялар енгізілетін осындай салаларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Отандық өндіріс тұтынушылық сұранысты арттырады. Мұның барлығы елорда экономикасына оң әсер етіп, бюджетке қосымша кіріс әкеледі, – деді министр.

Қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту шеңберінде қазіргі уақытта министрлік өкілдерімен бюджеттің шартты шығындарын есептеу пысықталып жатыр.

Одан соң министр қаладағы «Көктал-1», «Көктал-2» және «Агроқалашық» тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті. Бұл ретте астаналықтар министрге өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей қойып, қаладағы газдандыру, әлеуметтік нысандарды, оның ішінде мектептер, балабақшалар, медициналық орталықтар, кәріз желілерін салу, сондай-ақ қосымша автобус бағыттарын іске қосу мәселелерін көтерді.

Өз кезегінде Ә.Қуантыров тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдап, барлық мәселелер толық зерделеніп, әкімдікпен бірлесіп қаралатынын атап өтті.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button