Басты ақпаратҚоғам

Министрдің ұлты емес, тілі маңызды

автокредит без первоначального взноса на подержанный автомобиль

Күні кеше Елбасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдап, «Парламент пен Үкіметтің қызметі тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс» деп халқына, билік буындарына дұғай сәлем жолдауы жалпы көпшіліктің әлеуметтік желілерде бір-бірінен сүйінші сұрауына ұласып кетті. Алайда ең негізгі мемлекеттік органдар Парламент пен Үкімет бір-ақ күнде қазақша жазып, сөйлеп кетуі қиындау. Бұл мәселе толық шешімін табуы үшін ойластырылған қадамдар жасалуы, нақты шешімдер қабылдануы тиіс. Осы орайда көпке ілесіп кете бермейтін, өзіндік көзқарас, ұстанымы бар Дина Елгезек қарындасымыздың күмәні де орынды сияқты. «Сөз – жіп, созсаң кете береді… 27 жыл бойы созылған жіп-сөзді соза бермей, ұршықша иіретін уақыт болған сияқты ма?» деп әлі де сұрау белгісін қояды қарындасымыз фейсбуктегі жазбасында.


Тәуелсіздіктің елең-алаңында біз Шымкент шаһарында еңбек етіп жаттық. Таңертең баламызды бақшаға арқалап апаратынбыз. Сонда қазақ тобына қосылған орыс, кәріс бүлдіршіндердің күн сайын көбейіп жатқанын көріп көңіліміз өсуші еді. Бұл өзі оңтүстіктен түлеп ұшқан Сергей Терещенконың мемлекеттік тілді толық енгізуді 4-5 жылда-ақ бітіремін деп арнайы қаулы қабылдап, қазақ Үкіметін басқарып тұрған жылдары болатын. Көп ұзамай орындалу мерзімі тым тығыз екен деген себеппен әлгі қаулының күші жойылды. Өкінішке қарай, қазақ тобындағы өзге бүлдіршіндердің де саны кеми берді…
Жүз пайыз қазақтардан тұратын біздің Үкімет қазақша сөйлеп кетсе, оның несіне таңғаласыз? Осы уақытқа дейін бұған мойындары жар бермей жатса, оған министрдің ұлты емес, ділі, тілі, азаматтық позициясы кінәлі емес пе? Біздің қандасымыз Ресейде губернатор, Чехияда, Моңғолияда министр болды деп мақтанамыз. Олар қазақ болғаны үшін емес, сол елдің мемлекеттік тілін жетік меңгеріп, сол елдің мүддесіне адал қызмет еткені үшін еленді, бағаланды. Тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтын өзге ұлт өкілдерінің биік ла­уазымға жетпеуі бізді ойландыруы керек. Терещенко тұсында балабақшаға барып, қазақ тобын тастамаған бүлдіршіндер қазір қайда жүр? Солар министр болып неге елге қызмет етпейді? Есенқұл ақын айтпақшы, «қазақ өсем деген ұлды бағады», ал өзгелер қазаққа, елге қызмет ететін перзент тәрбиелесе, неге қолдамасқа?..
Осыдан біраз уақыт бұрын Розақұл Қалмұрадов деген өзбек ағамыз Парламентте қызбаланып сөйлеп отырушы еді, тек қазақша сөйлейтін, тек қазақтың, елдің жайын, мұңын айтатын, мемлекеттік тілді төрге шығарайық деп шыр-пыр болатын, Үкіметке өткір сауалдар тастайтын. Ол кісі қазір жоқ тізімде, Шымкентіне қайтқан, есесіне Ассамблеядан он шақты депутат отыр Мәжіліс төрінде. Бірақ Қалмұрадовтың орны үңірейіп бос тұр…

Еркін ҚЫДЫР

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button