Денсаулық

Министрге неге шүйліктік?

Өткен аптаның соңғы күндері әлеуметтік желілерді қолданушылардың көпшілігі бір ауыз сөзі үшін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа шүйлікті.

Денсаулық сақтау саласының айдарынан жел есіп тұрған жоқ. Соңғы жылдары халық саны артып жатса да, бюджеттен бөлінетін қаражаттың көлемі осыдан он жыл бұрынғы күйінде қалды. Оның көрінісі бүгінгі медицинадан айқын білінеді. Алайда жауырды жаба тоқымай, осы саланың дамуына жол ізделік деген министрдің жазығы бар ма?
«Біздің елде, басқа елдермен салыстырғанда, ауруханалардың қызметін шамадан тыс тұтыну өте көп. Яғни, үйінде жатып дәрігерге көрініп, дәрісін алып емделіп немесе күндізгі стационарға келіп-кетіп дәрісін егіп, ем қабылдауға болатын жағдайда адамдар тым көп және жиі ауруханаларға жатады» деді министр.
Оның айтуынша, бүкіл әлемде қажеттігі шамалы және жатып емдеуді арты­ғынан тұтынуды болдырт­пау үшін науқастарды ауруханаға жатқызуды бақылау бойынша өте қатаң талаптар қойылады, өйткені ол өте қымбат.
«Біз бес жүз төсектік аурухана-сарайлар салуды үйрендік. Еш жерде ондай жоқ. Жүрекке күрделі операциядан кейін де науқас бір апта ішінде үйіне кетеді. Ал бізде адамдарды стационарға айлап жатқызамыз, өйткені кейбір дәрігерге олардың төсек тартып жатқаны тиімді» дейді Елжан Біртанов мәселені түсіндіріп.
Оның айтуынша, ауруханада күндіз-күні дәрігердің бақылауы қажет немесе мамандардың жіті қадағалауын қажет ететін ауырған адам жоспарлы операцияға дайындағанда ғана жатқызылуы тиіс.
Қарап отырсаңыз, жазығы – жақсы болсын дегені екен. Неге министрдің ащы сөзі көбіміздің қытығымызға тиді?
Қазір заман өзгерді. Аурудың да түрі артпаса, кеміп жатқан жоқ. Күндіз-түні күре тамырынан дәрі құйып, дәрігердің бір елі кетуіне болмайтын дертті жандар да көбейді. Жатып емделуге солар шын мұқтаж. Ендеше, шын мұқтаждардың ішіндегі нағыз кәріптердің қамын ойлаған министрді неге дұрыс түсінбедік?

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button