Басты ақпаратОқырманнан он сұрақСұхбат

Мөлдір Әуелбекова, эстрада әншісі: АСТАНАДА АРМАНДАР ОРЫНДАЛАДЫ

Айрықша даусы мен биязы қазақылығының арқасында көпшіліктің көзайымына айналған Мөлдір Әуелбекова дәстүрлі айдарымыздың бүгінгі қонағы болып отыр. «Астана ақшамы» газетінің редакциясы мен сайтына келіп түскен хат иелерінің біразы әнші қызға арнаған сауалдарын жолдапты.

Мөлдір

– Отбасылық жағдайы­ңызға байланысты жаңа жылда Астанаға көшіп келдіңіз. Жақында «Астана» атты жаңа әніңіз жарыққа шықты. Бас қаланың қандай ерекшеліктері сізді қуантуда?

Жамбыл ОТАРБАЙ,
студент

– Иә, тұрмыс құрғалы бері елорданың тұрғыны атандым. Жасыратыны жоқ, оған дейін бұл жақты суық шаһар ретінде елестететінмін. Менің ойымда Астана деген сөз тек сондай сипаттамамен ғана байланысатын. Бірақ мұндағы мәдениет пен тазалықтың жанында басқа кемшілігі байқалмайды екен, тіпті. Жалпы, мұнтаздай ұқыптылықты әрбір астаналық өмір дағдысы қылып қалыптастырыпты. Елордада жастар көп. Күн сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен аппақ армандарын арқалаған адамдар осында қоныс аударып жатыр. Олардың жетем деп қол созған мақсат-мұраттары бас қалада баянын табатынына сенемін. Өйткені, осы жер – сансыз мүмкіндіктердің мекені.

– Сұлулықтың құпиясы неде?

Әсем МҰҢАЙТПАСОВА,
дәрігер

– «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай атам айтқандай, сұлу­лық жамбастап жатқаннан қашады. Кішкентай күнімнен керіліп жатудан аулақпын. Бала күнімнен-ақ спорттың бірнеше түріне қатыстым. Қазір де сол қалыптан тайған жоқпын.

– Хит әнді қайдан іздеу қажет?

Олжас САҚЫПОВ, қаржыгер

– «Хит әнді мына жерден іздеңіз» дейтіндей нақты мекенжайын білмейді екенмін. Әркімнің бағы мен бабы бар. Ән де солай. Орындаушысын тапса, тыңдаушысын да міндетті түрде табады.

– Биыл сіз қатысқан «Жұлдыздар айтысады» шоуы тағы да халықтың сынына ұшырады. Эстрада жұлдыз­дарының осылай айтысуына өзіңіз қалай қарайсыз?

Набат ҚАЛЖІГІТ, банк қызметкері

– Биыл да, былтыр да шоу-айтыс сында жүр. Меніңше, оған оң көзбен қарауға тырысу керек. Шоу-айтыс – xалықтың қызы­ғушылығын арттыру мақсатымен жасалған дүние. Өзімнің де мақсатым – осындай іске кішкене де болса үлес қосу еді. Шарада біздің ақындығымыз емес, шоу көрсете білу қабілетіміз танылды. Сыннан қорықпаймын. Халық айтқан орынды сынды қабылдап, түзетуге тырысамын.

– Даусыңызды қалай күтесіз? Жұмыртқаның сұйығын ішіп, ауызға жаңғақ салу деген әдістерді қолданасыз ба?

Руслан МӘКІШОВ, асаба

– Дауыс – Алланың сыйы. Оған күтім жасау – тиянақтылықтың, жауапкершіліктің белгісі деп білемін. Салқын және газдалған сусындарды ішпеуге тырысамын. Жаңғақ және пістені мүлдем ас әзіріне қоспаймын. Сонымен қатар, дауысқа арналған әртүрлі жаттығулар жасау күнделікті әдетімде бар.

– Бүгінде «Жетінші арнадан» берілетін «Күнбастар» бағдарламасын жүргізіп жүрсіз. Негізі сіздің жүргізушілік қабілетіңізді көптен бері білеміз. Осы орайда жұртшылық арасында «Әншілер журналистердің нанын тартып алды» деген пікір бар. Бұған не айтасыз?

Айгүл ЖАНГЕЛДІ, журналист

– Осы сұрақты керісінше қойып көрген журналист бар ма екен?! Егер ол кәсіби маман, өз ісінің мінсіз шебері болса, назардан тыс қалып қоюы мүмкін емес деп ойлаймын. Мысалы, белгілі тележүргізуші Ләйла Сұлтанқызының көп жылдық еңбегінің куәгеріміз. Деңгейі мықты кісі! Кез келген бағдарламаны, концертті, форумды сапалы жүргізе біледі. Сондай шаруа қолдарыңыздан келсе, мархабат! Мәселе әншінің жүргізуші немесе жүргізушінің әнші болуында емес. Өз мамандығынан мүлде алыс әншілер де жеткілікті. Сенің кәсібің емес деп қайсыбіріне кінә артуға болады?! Өз басым маған ұсынылған жұмыстың қолымнан келіп, шамам жеткеніне ғана келісімімді беремін. Біреудің наны түгілі қалтасына қараудан аулақпын. Телеарналар, ұйымдастырушылар шақыратыны рас. Екі ауыз сөздің басын қоса алмайтын, тілге шорқақ адаммын деп ойламаймын.

– Мөлдір үшін той-бизнес пен шоу-бизнестің арасында шекара бар ма? Тойға киген киімді сахнаға киіп, тойда айтқан әнді сахнада шырқап жүресіз бе, әлде әрқайсысының өз орны бар ма?

Күнзира ОСПАНОВА, үй шаруасындағы әйел

– Бізде той бар, шоу жоқ. Айырма­шылығы осы ғана. Менің концертте орындайтын астарлы әндерімнің тойда орындалуы екіталай. Мәселен, «Өсиет» әнін елестетіп көріңізші? Әннің қай кезде, қай жерде орындалуы оның мағынасына, шығу тариxына байланысты. Репертуарымда тойға арналған «Жездеке» секілді әндер бар. Бұл әндер менің орындауымда тек тойда шырқалады. Ал киім мәселесі оңайырақ. Барымызды киеміз.

– Продюсерлік ісіңіз қалай дамуда?

Жанат ЕСМҰХАН, жеке кәсіпкер

– Мен продюсер емеспін. Продюсер деген ұғым қазіргі таңда сәнге айналды. Нағыз продюсер деп Қыдырәлі Болманов сынды аға-әпкелерімізді айту керек. Мен ұстазбын. Шәкірт тәрбиелеп, жас өнерпазға жол сілтеуді ұстаздық деп білемін.

– Келін атанғаныңызға көп бола қойған жоқ. Үй мен өнерді қатар алып жүру қиын ба? Күйеуіңіз немесе оның туыстары сіздің шығармашылықпен айналысуыңызға қарсы емес пе?

Бегімзада КӨШҚАЛИЕВА, бала күтушісі

– Адамның ниеті түзу болса, қиындық тумайды. Үй мен өнерді қатар алуда ауыртпашылықтың болу-болмауы өзіме байланысты. Алдыңғы қатарға отбасымды қойғанымды көріп отырған жолдасым, керісінше, өнеріме үлкен қолдау білдіруде. Шаңырағымызда мен үшін алдымен Құдай қосқан қосағымның ризашылығы маңызды. Сол себепті де, концерт болсын, түсірілім болсын, ең әуелі отағасынан рұқсат аламын.

– Өнер иелері үнемі маскамен жүреді дегенге келісесіз бе?

Таласбек НҰРТАЗИН, оқушы

– Бұл – жай ғана стереотип. Ағыл­шынның әйгілі ақыны Шекспир «Өмір – театр, ал адамдар – актерлер» деген екен. Өмір сахнасында бәрінің – мейлі әнші, мейлі мұғалім, мейлі құрылысшы болсын, бір емес, бірнеше бетпердесі бар. Сондықтан бұл нәрсені бір топқа ғана теліп қоюға болмайды. Өнер адамы да ет пен сүйектен жаралған. Оның да отбасында не қызметінде қиындықтар тууы мүмкін. Іштегі түтінді сыртқа білдірмей, бұқараға тек жақсы көңіл-күй сыйлағысы келетін жанды не үшін сөгеміз?!

Дайындаған: Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button