Қоғам

Мопед иелеріне жаңа талап: міндетті тіркеу талап етіледі

Биыл 5 сәуірден бастап Қазақстанда «Жол жүрісі туралы» Заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, енді мопедтер ресми түрде механикалық көлік құралдарына теңестірілді. Бұл туралы Астана қаласының Коммуникациялар қызметінің аланында өткен брифингте Астана қаласының Полиция Департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Махамбет Маратұлы Тулешов мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Жаңа заңнамаға сәйкес, мопедтерге көлемі 50 текше сантиметрге дейінгі іштен жану қозғалтқышымен немесе қуаты 4 кВт-қа дейінгі электрқозғалтқышымен жабдықталған көлік құралдары жатады. Қарапайым техникалық сипаттамаларына қарамастан, мопедтердің жол қозғалысына қатысуы жүргізушінің де, айналадағы адамдардың да өміріне қауіп төндіреді. Сол себепті мемлекет бұл саладағы бақылауды күшейтіп отыр.

«Енді мопедтер де кәдімгі көлік құралдары сияқты міндетті түрде тіркелуі қажет. Олардың иелері де көлік жүргізушілеріне қойылатын талаптарға сай рәсімдерден өтуі тиі», – деді Астана қаласының Полиция Департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Махамбет Тулешов.

5 сәуірден бастап мопедті басқару тәртібі өзгерді

5 сәуірден бастап мопедті заңды түрде басқару үшін А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі болуы шарт. Сонымен қатар мопедті Полиция органдарында тіркеу, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру полисі мен техникалық байқаудан өткені туралы құжат қажет.

Тіркеу тұрғынның тұрғылықты жері бойынша арнайы ХҚКО жүргізіледі. Ол үшін жеке куәлік, мопедтің техникалық құжаты немесе сипаттамасы қажет. Одан кейін өтініш толтырып, мопедті тексеруден өткізіп, мемлекеттік баж салығын төлеу керек.  Бұл талаптар барлық мопед иелері үшін міндетті.

Қала бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Астана қаласында мопедтерді міндетті тіркеу туралы тұрғындар мен қонақтарды ақпараттандыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл бағытта «Хабар 24», «КТК», «Астана» телеарналарында репортаждар көрсетіліп, 15 бейнеролик 100 тұрғын үй кешенінің лифттерінде, 7 бизнес орталықта, 106 автобуста, көше-жол желісіндегі LED экрандарда, арнайы ХҚКО мен ӘПБ ғимараттарында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде және үй чаттарында көрсетілді. Әлеуметтік желілерде 28 жарияланым жарияланып, 1414 call-орталығы арқылы 220 мыңнан астам SMS-хабарлама жіберілген. Тіркеу алгоритмін түсіндіретін брошюралар әзірленіп, арнайы ХҚКО-ларда, ӘПБ-да және мопед сатылатын жерлерде таратылуда. Шеринг компанияларымен мопедтерді тіркеу қажеттілігі туралы кездесулер өткізіліп, олардың міндеттері түсіндірілді.

Алғашқы нәтижелер: 1300-ден астам мопед тіркелді

2025 жылғы 14 сәуірдегі мәлімет бойынша Астанада 1341 мопед тіркелді, оның 253-і – шеринг компанияларына тиесілі.

«Біз оң үрдісті байқап отырмыз. Бірақ әлі де болса талаптарды білмейтін немесе тіркеуді кейінге қалдырып жүрген азаматтар бар. Тіркеу міндетті екенін ескертеміз. Ол болмаған жағдайда заң аясында жауапкершілік қарастырылған», – деді Махамбет Тулешов.

Тіркеусіз жүру – заң бұзушылық

Әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, тіркелмеген көлікті басқару, жүргізуші куәлігінің немесе сақтандыру полисінің болмауы – әкімшілік жауапкершілікке және айыппұлға әкеледі.

Астана қаласының Полиция Департаменті мопед пен самокат иелерін тексерулерді күтпей, тіркеу талаптарын алдын ала орындауға шақырады.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button