Мәдениет

Моцарт пен Дженкинс сабақтастығы

«Астана Опера» театрының камералық залында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы камералық хорының «Уақыт айнасы» атты концерті өтті. Өнер ұжымы әлемге әйгілі классик композитор Вольфганг Амадей Моцарттың «Litaniae Lauretanae», «Regina Coeli» және ағылшын композиторы Карл Дженкинстің «Stabat mater» шығармаларын орындады.

[smartslider3 slider=2757]

Тереңдігі мен байыптылығы, шиеленісуі мен асқақтығы, әсерлілігі мен жарқындығы тоғысқан Моцарттың рухани музыкасы көрермендерді бейжай қалдырған жоқ. «Litaniae Lauretanae» және «Regina Coeli» композитордың шіркеу стиліне тән шығармалар. Әуендегі италиялық опера музыкасының интонациясы Барокко және Қайта өрлеу композиторларының дәстүрлі полифониялық тәсілдерімен тығыз байланысты.

Рухани музыка көрнекті заманауи композиторлардың бірі, Корольдік музыка академиясының мүшесі, Британ империясы орденінің құрметті иегері Карл Дженкинстің шығармасы арқылы ұсынылды. «Stabat mater» ежелгі латын католик мәтінінде жазылған. Оны автор араб тіліндегі жолдармен, вавилондық Гильгамеш туралы вавилондық эпостың драмалық үзіндісімен және Румидің шумақтарымен үйлестіріп береді. Шығарманың поэтикалық мәтіні академия­лық, эстрадалық-джаз және этникалық ән айту мәнерінің өзіндік үйлесімінің пайда болуына себепші болды. Мазмұны жағынан ауқымды шығарма әр адамға деген мейірімділік пен сүйіспеншілік дұғасы ретінде естілді.

Камералық хордың концерттік бағдарламасы көптеген музыка бағалаушыларын бір ортаға жинады. Хор репертуарындағы шығармалар ұжымның шығармашылық бейнесінің жаңа ерекшеліктерін жоғары бағалаған көрермендердің үлкен қошеметін тудырды.

Камералық хор – халық­аралық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпазы. Атап айтқанда, «World Choir Games» екі алтын медалі, «Шабыт» XVII халықаралық  шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлдесі, «Budapest International Choral Celebration» лауреаты, «The Heart of Chorus – 2019» халықаралық фестивалінің бас жүлде иегері. Осы жеңістердің барлығы ұжымның кәсібилігі мен шеберлігін айқын көрсетеді. 25 елден 500-ден астам адам қатысқан «Астана – әлем дауысы» ірі халықаралық фес­тивалін ашу астаналық хорға сеніп тапсырылды.

Камералық хорды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, астаналық филармонияның көркемдік жетекшісі Гүлмира Құттыбадамова басқарады. Дирижері  – халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Ерлан Сансызбаев.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button