Басты ақпарат

МҮБӘРАК ПЕН МУРСИДІҢ МЫСЫРЫ

Жалпы, інжілдік-тәураттық қасиетті жерлер мәңгілік мазасыздыққа жазылған дейді тылсым әңгіме сүйер қауым. Рас-өтірігін кім білген, бірақ, Мұса пайғамбарды қудалаған ақырған перғауындар елі әлеуметтік-саяси сеңжүрістерден бір байыз тапқан емес. Әйтеуір, жылнамалар­да ондай тыныш та мамыражай уақыттар туралы дерек жоқ.

«Мүбәракты тақтан тайдырғандар қазір елді қандай халге әкелді?» деген сұрақ өте қызық. Себебі, атойлап-айғайлап, билікті әйтеуір қолға алғандар алғашқыда патша асатаяғын қарасып «мұнымен өзі не істеуші еді?» деп, бірі-біріне үрейлене қараған тобырды еске түсірді. Кейін «демократиялық жол­мен қайта жасақталды» делінетін саяси биліктің «бет-әлпеті» – бұрынғы өздері тайдырған билікке аумай шыққанда, Батыс та, Шығыс та, мүбәрәкшілер де, тіпті, зайырлы билікке онша жұғымы да, қатысы да жоқ бәдәуилер де таңырқасты: көже бәрібір баяғыдай боп пісті.

Мысыр қандай Мүбәракты жоғалтты?

Хосни Мүбәрак африкан басшыларының ішінде қазаққа ең жақын таныс тұлға болды десек, қателеспейміз. Совет дәуірінде мейлінше дәріптелген саясатшылардың бірі. «Политиздаттың» ішпыстырарлық кітаптарының ішіндегі бірегейі – «Страны мира» атты альмана­хымен сусындаған совет-қазақ оқырмандары Мүбәрактың идеологиялық коммунист болмағанымен, совет елінің досы екенін беске біледі. Дүниені ақтар мен қызылдарға бөліп қараған сол дәуірдің кітаптарында Мысыр «дос» деп аталатын. Ал енді Мүбәрактың өзі 1960 жыл­дары Бішкектің (Фрунзенің) жанындағы авиация мектептерінің түлегі болғаны – оны совет, кейін постсоветтік адамға, ең болмаса жүзтаныс болуын қамтамасыз етті десек болады.

Әрине, совет елі артында арам ойы жоқ жарылқаушы болды деп айту қиын, ендеше, Мүбәрак ең алдымен — Синай түбегіндегі американ-израильдік ықпалды азайту құралы болды. Оның үстіне, Суэц каналының қожайынымен дос болған дұрыс шығар. Кейін елдегі өз мәселелерімізден артылмай қалған кезімізде, бізді Мысырдың тағдыры онша алаңдата қоймады. Бірақ, Мүбәрактың 30 жылдық билігі қалыптасқан тұс нақ осы шақтар болатын.

Мүбәрактың қолында қандай Мысыр қалып еді? Израильмен екі соғыстан масқара жеңіліс тапқан, әсіре исламшылар әбден әлденіп алған ала-құла Мы­сыр еді. Ел кезіндегі түріктер мен ағылшындардан қалған зайырлылық ұстанымының соңғы сарқыншағын кеміріп отырды десек те болады. Тіпті, бүгіндері әйгілі пирамидаларды тек ағылшын экспедициясының суреттерінен ғана тамашалап отыруымыз ғажап емес еді: әсіре исламшы­лар сонау 80 жылдары билікке келгенде, кешегі Ауғанстанның тәлібтері сияқты әлемдік жақұтты «пұт» ретінде қиратып тастауы бек мүмкін болатын. 1981 жылы Мысырдың қордаланған пробле­малары ақыры президент Әнуар Сағдатқа атылған оқ кейпіне енді. Сөйтіп, вице-президент Хосни Мүбәрак шытынаған бейбітшілігі бар елмен және қолына тиген оқпен билікті қолға алуына тура келді.

Әрі қарайғысын тек нәтижелерге сүйеніп айтсақ: Араб Лигасына қайтып кіру, Мысырдың сүйікті туристік мекенге айналуы, елге инвестицияның ағылуы, Суэц каналындағы толықтай жалқы билік, тағысы тағылар, ең бастысы – бейбітшілік.

Әрине, мұның барлығы Батыс ойлайтындай поллстар мен көңілді шоулардың арқасында жасалды деу қиын. Елдегі ерекшелікке қарай, әскери биліктің күшеюі жеке адамның билікқұмарлығынан гөрі, саяси қисыны бар әрекетке ұқсайды. Мысалы, Батыс тап кеше өзі құбыжық етіп көрсеткен осы Мүбәрактың, Әнуар Сағдат түрмеге оңды-солды тоғытқан оппозиция мүшелерін 80 жылдары түрмеден босатқанын айтқысы келмейді. Ал, өкінішке қарай, Батыстың ақпараттық аймағында қалып отырған біздер мұндай мәліметті әлгіндей ескі кітаптардан біліп қалмасақ, басқа дереккөзіміз жоқтың қасы.

Мурси Мүбәрактың теңі ме?

2011 жылғы араб төңкерістерінің көрнектісі – Мысырдағы оқиғалар ақыры Мүбәракты биліктен тайды­рып тынды. Сіз бен біз һәм барша әлем шынын айтқанда, тұлғасы Мүбәрактай монументалды басшы күткені рас. Және бұл қызық үшін емес. 80 млн халықтың таңдауынан өте көп нәрсе, оның ішінде бастысы – бейбітшіліктің тағдыры тәуелді еді.

Мысалы, Синай түбегінде тағы аласапыран басталса, қазір шекараның барлық периметрі бойымен бәлеге ұшырап жүрген Израильге дейін жапа шегер еді. Бұған премьер-министр Бениамин Нетаниахудың 2011 жылдың 31 қаңтарында «Мысырдағы билікке исламшылардың келу қаупі бар, Иранда да солай болмап па еді?» деген сөздері куә. Әне парадокс: «құбыжық Мүбәрак» дегенмен, ата­жау Израильдің Синай түбегіндегі тыныштығының кепілі болған сияқты!

Әлқисса, «демократиялық» күштер билік басына келмек болғанда, Батыстың есеп-қисабынан ши шықты: Мүбәрактың жақтастары бар болғанымен қоймай, олар тіпті көп болып шықты! Бірақ, Мүбәрактың қаныпезерден гөрі, бәрібір халықтың қолдауына ие легитимді президент болғанын ақыры ешкім мойындамады. Әрі қарайғысы Базар жырауша айтсақ, «таусылмайтын сөз болатын» баяғы көріністер: көше қақтығыстары, неменені бүлдіргенін кеш ұғып, Хилларидің аузымен «Мысыр халқы өзі шешеді» деп, бейтарап бола қалған Батыс, ойыншыққа айналған қарапайым халық, қуылып, жек көрінішті болса да елдегі тыныштықтың бірден бір кепілі боп қалған әскерилер, олар тура кабинеттің ішінен қолдарын созып, «мә, билікті ала қойыңдар сендер-ақ!» дегендей болса да, кенеттен ғайып болған шала белсенділер.

Енді жыл жарымдай басшысыз болған елдің бесінші президенті болып, дәл сол жөйіттер тек ең қорқынышты түсінде көретін ис­ламшы Мурси келді. Бұл саяси (Батыс «әлеуметтік» деген баға бе­руге құмар) дағдарыстан кім ұтты, ақыры ешкім түсінбеді. Айталық, тап кеше ғана 1979 жылы Кемп Дэвид келісім-шартымен бейтарап боп деп танылған Синай түбегіне Мурси әскер кіргізбек болып, атал­мыш уағданы қайта қарастырамын деді. Қайта қарастыруға ынта білдіргенімен қоймай, әскер кіргізіп те жіберді.

Соның арасында ел экономи­касы құлдырауын тоқтатар емес. Туризм қауіпті саяхатқа айналды. Қылмыс көбейді. Тоқетері, біз сияқты былайғы бақылаушыда «не ұттыңдар?» деген сұраулы жүзден басқа ештеңе қалған жоқ. Прези­дент билігін әдетте тура 1 жылдан соң сынау – саясат әлемінде әдетке айналған. Күтеміз де, қайтеміз…

Ерлан ОСПАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button