Құқық

Мүліктік емес өзіндік құқық

Әркім өзінің азаматтық құқығын білуге міндетті. Соның ең бастысы – жеке бас құқығына тиіспеуді қамтамасыз ету. Басқалай айтқанда, бұл – азаматтық құқық бұзылуының алдын алу, оны болдырмау шараларын қабылдай отырып, бұрын бұзылған немесе даулы субъективті азаматтық құқықтарды қалпына келтіру және өтеу, құқық бұзушыны азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тарту, заңдылықты нығайту.

Құқық бұзған адамның кiнәсiне қарамастан, қорғау туралы талап қойған адам өзiнiң мүлiктiк емес өзiндiк құқығының бұзылуын нақты дәлелдеген жағдайда, ол кісінің мүлiктiк емес өзiндiк құқығы қорғалады. Заңда көзделген азаматтық құқықтарды қорғау тәртібі қорғау нысанына жатады. Теориялық зерттеулерде кез келген субъективті құқықты қорғаудың екі формасы: юрисдикциялық және юрисдикциялық емес нысан болып айқындалады. Сотқа немесе басқа уәкілетті мемлекеттік органдарға өзін қорғау туралы өтініш берген адам бұл юрисдикциялық нысанға жатады. Қорғаудың юрисдикциялық нысанының сот және әкімшілік сияқты екі түрі бар. Субъективтік азаматтық құқықтарды қорғау тәсілдерінің басым көпшілігі сотта жүзеге асырылады. Юрисдикциялық емес нысанда мүдделі тұлға өзінің құқығын қорғауға бағытталған нақты немесе заңды сипаттағы өз әрекетін жүзеге асырады.

Субъективті құқық азаматтық құқықтарды қорғайды. Ол – құқыққа қол сұғылмауды, оның іске асырылу мүмкіндігін қамтамасыз ететін, бұзылған жағдайда қалпына келтіруге және оның зардаптарын жоюға бағытталған заңда көзделген шаралар жүйесі. Субъек­тивті азаматтық құқықтарды қорғау, әдетте, сотта жүзеге асырылады. Бұл тұжырым ҚР Конституциясының және ҚР Азаматтық кодексінің 2-бабы мен ҚР Конституциясының 13-бабында тайға таңба басқандай анық жазылған. ҚР Азаматтық кодексінің 9-бабына сәйкес азаматтық құқықтарды қорғауды сот, аралық сот жүзеге асырады.

Сот шешімі бұзылған субъективті құқықты қор­ғауға бағытталған мемлекеттік мәжбүрлеу әрекетіне жатады. Мүліктік емес құқығы бұзылған адам өз таңдауы бойынша бұзушыдан бұзушылықтың зардабын жою­ды талап ете алады немесе бұзушының есебінен қажетті әрекетті өз бетінше жасауға немесе үшінші тұлғаға тапсыруға ҚР Азаматтық кодексiнiң 142-бабында көрсетілгендей, адамның мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтары бiр мезгiлде бұзылған жағдайда, мүлiктiк зиянның орнын толтыру мөлшерi жәбiрленушiге жеке мүлiктiк емес құқықтарын бұзғаны үшiн тиесiлi өтемдi ескере отырып өседi. Сондықтан сот азаматтық-құқықтық санкцияны жүзеге асыруы үшін бұзылған құқықты қалпына келтіру мен азаматтық құқық бұзушылықтың құрамына енетін жайларды анықтайды. Кез келген құқық бұзушылық сияқты азаматтық құқық бұзушылық та төрт жайды қамтиды. Бірінші жай: талап қойылған адам заңға сәйкес азаматтық-құқықтық ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін тұлға деп белгіленуі тиіс. Әрі сотталушыға қатысты бұл адамның жеке басын қорғауға қабілеті мен азаматтық құқық бұзушылықтар үшін жауап беру қабілеті болуы керек. Азаматтық құқық бұзушылықтың екінші жайы – оның объектісі. Құқық бұзушылықтың объектісі әрқашан талапкердің нақты субъективті құқығына қатысты болады. Кез келген адам жауапкердің оның субъективті құқығын бұзғанын дәлелдеген жағдайда ғана азаматтық-құқықтық ықпал ету шараларын қолдануды талап ете алады. Азаматтық құқық бұзушылықтың үшінші жайын сот азаматтық-құқықтық ықпал ету шарасын қолдану үшін анықтауы керек. Сот жауапкердің мінез-құлқы сотқа жүгінген талапкердің субъективтік құқығын бұзды деген мағынадағы жайларды да нақтылайды. Азаматтық құқық бұзушылық құрамының соңғы, төртінші жайы субъективті фактор болуы мүмкін қылмыскердің кінәсін оның құқық бұзушылықтың өзіне келтірген зардаптарына субъективті қатынасы ретінде есепке алып, шын мәнінде, құқықтың бұзылуын дәлелдеуге жатады.

Салтанат АСАНОВА,

Астана қаласы Алматы аудандық

сотының судьясы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button