Әлеумет

Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалған

Астанада мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалған. Бұл бағытта жүйелі қолдау көрсетіліп, ерекше қажеттіліктері бар спортшылар халықаралық деңгейде мойындалып, ауқымды жеңістерге қол жеткізіп келеді. Елордада ерекше спортшыларға арналған 34 спорт түрі дамып жатыр. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы» басшысы Азамат Тағаев мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бүгінде мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы спорттың 34 түрі бойынша қызмет етеді. Мекеме басшысы Азамат Тағаевтың айтуынша, оның бесеуі ерекше қажеттіліктері бар спортшылармен жұмыс істеуге бағытталған. Олар үлкен теннис, үстел теннисі, жүзу, жеңіл атлетика және велоспорт.

Бүгінде клубқа ерекше қажеттіліктері бар 73 спортшы тіркелген. Спортшылар өз деңгейлеріне сәйкес класстарға бөлініп дайындалады. Жеңіл атлетикада – T20/F20, жүзуде – S/SB14, үстел теннисінде – 11 класс. Теннис пен велоспорт класстарға бөлінбейді, тек категориялар бойынша дайындалады.

«Бұл спорт түрлері ерекше спортшылардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне, өз орнын табуына және өзіне деген сенімділігін арттыруына көмектеседі. Біздің басты мақсатымыз – оларды республикалық және халықаралық жарыстарға, соның ішінде Параазиялық және Паралимпиадалық ойындарға дайындау», – деді Азамат Тағаев.

Қазақстан – Virtus құрамына кірген Орталық Азиядағы алғашқы ел.
2025 жылдың наурыз айында Астанадан құралған команда Финляндияда өткен Virtus жеңіл атлетика бойынша Еуропа чемпионатына тұңғыш рет қатысып, 8 медаль жеңіп алды.

Екі жыл бұрын, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Ел Орда» клубының базасында ИБА-мен жұмыс бойынша бөлімшелер іске қосылды. Қазір бұл бағытты Алматы, Павлодар, Қостанай, Жамбыл облыстары және басқа өңірлер де дамытып жатыр.

2025 жыл Қазақстандағы инклюзивті спорт үшін тарихи кезең болмақ. Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ Азия тарихында алғаш рет екі VIRTUS әлем чемпионаты өтеді. Мамыр айында үлкен теннис, маусым айында баскетбол жарыстары болмақ. Бұл жарыстарға 15-тен астам елдің спортшылары қатысады. Бұл қадам инклюзивті спортты кеңінен танымал етуге және еліміздің халықаралық имиджін нығайтуға бағытталған.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button