Басты ақпаратЕлорда тынысы

Мүшәйра жеңімпаздары марапатталды

Кеше Музыкалық жас көрермен театрында «Elorda Aqparat» ЖШС Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырған «Тәуелсіздік және елорда» атты республикалық мүшәйраның қорытынды марапаттау кеші өтті. Әдеби-сазды кеш форматында өткен жүлделерді тапсыру салтанатына Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, астаналық зиялылар, өлеңсүйер қауым қатысты.

Кешті ашқан «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек осы желтоқсан айында тәуелсіздік бастауы – Алаш автономия­сының құрылғанына 105 жыл толып отырғанын, ұйымдастырушылар осы мүшәйра арқылы Алаш қайраткерлерінің еңбегін және Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың ерлігін еске алып, тәуелсіздікке тағзым етуді көздегенін атап өтті. Мүшәйра демеу­шісі «Береке А» корпорациясы және оның басшысы Рәшкүл Оспанәлиеваға алғыс айтты.

Мүшәйра қараша айының басында жарияланып, шарт бойынша 40 жасқа дейінгі ақындардың өлеңдері бір айдан астам уақыт қабылданғанын айтып, елге танымал, көрнекті ақындардан құралған қазылар алқасымен таныстырды. Олардың құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай болды.

– Егер Тәуелсіздік болмаса, Астана болмас еді, салынбас та еді. Ақмола кешегі кеңестік кезеңде ең қазағы аз болған қала болды. Ал қазір ірі қалалардың ішіндегі Астана қазағы ең көп мегаполиске айналды. Бұл – Тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіздік болмаса, қазақтың баласы жан-жақтан бұл жерге ағылмас еді, – деді Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп. Жиырма жылдың ішінде Астананың сол жағалауында үш-ақ ғимарат болғанын атап өткен сенатор қазір тұтас қалаға айналғанын айтты.

– Жастар Астананы жақсы көру керек, жырлау керек. Алматыға қанша өлең-жыр арналды, қанша әндер шықты. Астанаға да дәл сондай сүйіспеншілік болуы керек деп ойлаймын, – деді сенатор. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан «ЕLorda Aqparat» ЖШС жақсы істерге ұйытқы болып келе жатқанын, бұдан бұрын бильярдтан турнир ұйымдастырғанын атап өтіп, «Астана ақшамы» газетіне жазылуға шақырды. 103 ақыннан келіп түскен 206 өлеңді оқып шығу оңай іс емес екенін айтқан қазылар алқасының мүшесі Ғалым Жайлыбай осы мүшәйра өлеңдерін кітап етіп шығаруды ұсынды.

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов Астанада Тәуелсіздік күніне арналған 100-ден астам ірілі-ұсақты іс-шараны өткізу жоспарланғанын, соның басы осы «Тәуелсіздік және елорда» мүшәйрасы болып жатқанын атап өтті. Ғалым Жайлыбайды Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық алуымен құттықтап, қала әкімдігі атынан ақынның иығына шапан жапты.

Мүшәйраға барлығы 100-ден астам автордың өлеңдері келіп түсті. Қазылар алқасының шешімімен мына ақындар жүлдегер болды: балалары тағайындаған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, биыл туғанына 90 жыл толған «Жезкиік» ақын Кәкімбек Салықов атындағы арнайы жүлдені Ұмтыл Зарыққан (Астана) иеленді. Үшінші орынды Қарлығаш Қашқынбай (Павлодар) және Айдын Байыс (Астана) бөлісті. Екінші орынды Аршын Нұрбақыт (Алматы облысы) алды. Ал бірінші орын Ілияс Мұқаевқа (Қарағанды) бұйырды.

Арнайы жүлдені Парламент депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Жанарбек Әшімжан, үшінші орын жүлдесін Оңайгүл Тұржан мен академик, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Кұрманәлі, екінші орын алғанға Ғалым Жайлыбай, ал бірінші орын жүлдесін Астана қаласы Ішкі сая­сат басқармасының басшысы ­Дәурен Бабамұратов тапсырды. Жүлдегер ақындар өлеңдерін оқыды. Музыкалық жас көрермен театры әртістері ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Ғашық жүрек» поэтикалық қойылымнан үзінді көрсетті. Белгілі әншілер Медет Салықов пен Клара Төленбаева, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония­сының әншісі Жақсыгелді Маясаров, қазақ оркестрінің домбырашылары ұлттық әуендерден шашу шашты.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button