Айтпайын-ақ деп едім!

Мүсіркемей, мақтан етейік!

Өткен сенбі күні 2 кішкентай баласы бар жас отау қонаққа шақырды. Дастарқан басында сөз кезегі келгенде үй иесіне алғысымды білдіріп, «ботақандарың өсе берсін, келін көпбалалы ана боп, алтын алқа алсын» деп тілек тілеп едім, «мені де Ақорданың алдына барып арыз айтып жүрсін дейсіз бе?!» деп келін күліп қойды.

Осыдан кейін тақырып табиғи түрде көпбалалы аналар жайына ауысып, әркім әртүрлі пікір айтты. Біреу «Көп бала тауып не керек, оны бағу да оңай емес» десе, енді біреулер «көпбалалымын деп Үкіметке алақан жайғанша, тумаған дұрыс» деп кері толғады. Осы сөздерге қарап, қазір жұрт арасында «көпбалалы аналар – қоғамдағы ең осал топтың бірі» деген көзқарас қалыптасып келе жатқанын байқауға болатындай. БАҚ беттерін ашсаң  да «Әкім көпбалалы аналарды қабылдап, олардың  мұң-мұқтажын тыңдады», «көпбалалы аналар шеруге шықты», «көпбалалы аналарға мынадай көмек көрсетілді» деген ақпаратқа шалынып жығыласың. Яғни біздің елде көпбалалы аналарды жағымды тұрғыдан – еліміздің демографиялық өсуіне үлес қосып жатқан алтын құрсақ, патриот аналар тұрғысынан насихаттаудан гөрі оларды көмекке мұқтаж, бейшара етіп көрсету басым сияқты.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, оларға берілетін мемлекеттік қаражаттың  өзі оларды ынталандыру тұрғысынан емес, мүсіркеп берілетіндей әсер етеді. Айтарлықтай әлеуметтік жеңілдік жоқ, бала баққаны үшін көмек тым мардымсыз. Ендеше оны көрген жас аналар қайдан көпбалалы болғысы келсін?! «Қой, көпбалалы болып көптің  сөзіне қалғанша, бір-екі бала тауып жанымды бағайын, қазақтың  өсу-өспеуі маған қарап тұрмаған шығар» деп шешетіні анық. Ал шын мәнінде, біздің елдегі ең қастерлі адам көпбалалы аналар болуға тиіс. Өкінерлігі, біздің  аналар сол құрметті шынайы сезіне алмай отыр. Керісінше, көпбалалы аналарды сол құрметті орнын талап еткені үшін «көмекке мұқтаж жандай» көзге түрткі қыламыз. Бұл жай нәрсе сияқтанғанмен, ертең  елдің демографиялық өсімі құлдыраса, еселеп ақша берсе  де, ешкімнің туғысы келмейтін жағдайға жетуіміз мүмкін…

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button