Мәслихат

Мүгедектер мәселесіне мұқият болайық

Жақында Nur Otan партиясының Жол картасына сәйкес мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін орталықтарға мемлекеттік тапсырыс бөлу жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиынды Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ұйымдастырды. Отырысқа қатысқан қалалық мәслихат депутаты Ләззат Разбекова-Төлеуханова бұл мәселеге өз пікірін айтты.

[smartslider3 slider=1421]

«Бізде әлі күнге дейін бұл бағытта нақты талдау жасалмаған. Қалада қанша мүгедек бар? Оның нешеуі аутист? ДЦП, хрусталь диагнозы қойыл­ғандар қаншама? Алдымен соны анықтау керек. Сосын тізімге сәйкес ең бірінші кезекте тиісті қаражат қайда, кімге бөлінетінін қарастыру қажет» дейді депутат.

Жиында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көрсетілетін көмек мәселесі де талқыланды. Депутаттың айтуынша, көмекке мұқтаж жандардың үйіне барып, жәрдем беру – өте құптарлық іс. Бұл тұрғыда мұндай шараларды көбейте түскен жөн.

«Мүгедектерден бөлек, күтушілерімен, ата-аналарымен жұмысты күшейту керек. Оларға моральдық, материалдық және ең қажеттісі – психологиялық көмек қажет. Ананың ниеті мен үміті мықты болған жағдайда баланың да тезірек сауығуға мүмкіндігі артады.

Елордада мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін орталықтар өте көп. Бірақ өкінішке қарай, олардың ішінде мұны ақша табудың көзіне айналдырып алғандар да бар. Сондықтан орталықтардың жұмысына қатаң тексеру қажет. Олардың сапасын арттыруға арналған нақты механизмдер керек. Біздегі мүгедек жандардың жағдайының оңалмай жатқанының себебі де осы» дейді депутат.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button