Президент пәрмені

Мұғалiм мәртебесi –мемлекет мүддесi

Мемлекетiмiздiң Ата Заңының 44- шi бабының 1-шi тармағында: «Қазақстан халқына елдегi жағдай мен республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды», – деп көрсетедi. Тәуелсiз даму жылдарында Елбасымыз Қазақстан халқына осымен 16-шы рет Жолдау ұсынып отыр.
Мемлекет басшысының алғашқы Жолдауы халық зердесiне 1997 жылы 10 қазанда «Қазақстан-2030: барлық қазақстандықтардың өсiп-өркендеуi, қауiпсiздiгi және әл-ауқатының артуы» деген атаумен жеткенi белгiлi. Бұл демократиялық принциптерге бет бұрған тәуелсiз елдiң басшысы ретiнде халықтың сенiмi мен тiлегiн, арманы мен мақсатын тоқайластырып, сол үдеден шығу жолына күш салған көшбасшының алғашқы Жолдауы болатын. Экономикалық-қаржылық дағдарыс халықты әбден қысқан, күнкөрiс қамының ең қиын тұсында ел халқына ұсынылған Жолдау республика халқының көкiрегiне болашағына деген сенiмдi ұялатып, Президенттiң алға қойған мақсаттарды жүзеге асыруға мүмкiндiк тудыратынына айрықша назар аударған сәт едi. Қазақстанның тұңғыш Президентi сол Жолдауда: «2030 жылы бiздiң ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдiк оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмiр сүретiн болады» – деп мәлiмдеген едi. Елбасының осы сөздерiне сол кезде күмәнмен қарағандар аз болған жоқ едi. Өйткенi ол кезде елiмiз ауыр экономикалық дағдарысты әлi де еңсермеген едi. Ал 20 жылғы тәуелсiз дамуымыздағы қол жеткiзген табыстарымыз Елбасы берген уәденiң шындыққа айналғанын дәлелдедi.
Елiмiзде бiлiм беру саласында болып жатқан жетiстiктер мен жаңалықтар Президент Н.Ә.Назарбаевтың осы салаға жете көңiл аударып, жан-жақты қолдау көрсетуi мен бастамалары арқасында жүзеге асуда. Соның нәтижесiнде бiлiм мен ғылымды дамыту саласында да едәуiр табыстарға қол жеткiздi. БҰҰ-ның дерегiнше, Қазақстандағы сауаттылық халықтың 99,6 пайызын құрайды. Бұл – әлем елдерiмен салыстырғанда өте жоғары көрсеткiш. 2009 жылы жаппай бiлiм беру мониторингi бойынша ЮНЕСКО-ның арнайы баяндамасында көрсетiлгендей, баршаға арналған бiлiм берудi дамыту индексi бойынша Қазақстан Республикасы 129 елдiң арасында 1-орынға қол жеткiздi. Бiрқатар мектептерде үш тiлде бiлiм беру жүйесi енгiзiлуде. Алдыңғы қатарлы елдердiң тәжiрибесiне сүйенiп, «Е-LEARNING» электрондық оқыту жүйесi де бiздiң елде қолданысқа енгiзiле бастады. Президент биылғы Жолдауында: «Бүгiнде Назарбаев Университетi мен Зияткерлiк мектептер табысты жұмыс iстеуде. Кәсiптiк-техникалық бiлiм берудiң озық мекемелерiнiң желiсi дамып келедi. Олардың тәжiрибесiн бүкiл қазақстандық бiлiм беру жүйесiне таратып, барлық бiлiм беру мекемелерiн солардың деңгейiне тарту қажет», – деген мiндет қойды. Елiмiз 2015 жылы 12 жылдық бiлiм беруге көшуге дайындық үстiнде. 12 жылдық жалпы орта бiлiм беру Тұжырымдама-сында: «12 жылдық бiлiм берудiң басты мақсаты: өзiнiң және қоғамның мүддесiнде өзiн-өзi белсендi етуге дайын, өзгермелi даму үстiндегi ортада өмiр сүруге бейiм, бәсекеге қабiлеттi және құзiреттi шығармашыл, бiлiмдi тұлғаны дамыту және қалыптастыру», – деп көрсетiлген.
Өткен жылдан бастап елiмiзде ғылым мен бiлiм саласын дамытуға арналған жаңа құжат – Бiлiм берудi дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы iске асырыла бастады. Жас ұрпаққа мектепке дейiнгi тәрбие беру мен оқыту – ел Президентiнiң тiкелей ба-қылауындағы өзектi мәселенiң бiрi. Осы iстi алға апару мақсатында «Балаларды мектепке дейiнгi тәрбие және оқытумен қамтамасыз ету жө-нiндегi 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы қабылдан-ды. Бұл жоба бойынша балаларды мектепке дейiнгi мекемелермен қамту 5 кезең арқылы сатылай жүргiзiлiп, 2014 жылға қарай бүлдiршiндердiң 70 пайызын қамту жоспарланған.
Қазақстандық бiлiм беру жүйесi халықаралық бiлiм кеңiстiгiне кiрiгуге бет бұрды. 31 қаңтар күнi өткен Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң кеңейтiлген Алқа мәжiлiсiнде сөйлеген сөзiнде министр Б.Т.Жұмағұлов революциялық жаңа қадам – 2015 жылға қарай бiлiм берудiң барлық деңгейлерiнде жан басына қаржыландыру тетiгi енгiзiлетiнiн мәлiмдедi.
Бұл бағытта үмiт күткен жетiстiктер мен ойландыратын жағдайлар да кездесуде. Мектеп оқушылары соңғы жылдары бiлiм сапасының көрсеткiшiн анықтайтын халықаралық жарыстарға қатысып, үздiк табыстарға қол жеткiзуде.
Танымал педагог-ғалым Асқарбек Құсайыновтың деректерiне сүйенсек, Қазақстан 2007 жылы бiрiншi рет 4-сыныптар оқушыларының бiлiм жетiстiктерiн бағалау жөнiндегi TIMMS – 2007 зерттеулерiне қатысқанда елiмiздiң оқушылары 59 елдiң iшiнде математикалық бiлiм бойынша 5-орынды, жаратылыстану бiлiмi бойынша 11-орынды, жалпы нәтижелер бойынша 7-орынды иелендi.
Кейiнгi жылдары бiлiм беру ұйымдарында Ұлттық бiрыңғай тестiлеуге, Мемлекеттiк аралық бақылауға, пәндiк олимпиада мен ғылыми жобалар жарысына ерекше көңiл бөлiнiп, мектеп жұмысының рейтингi осыларға тәуелдi болуда.
Жоғары бiлiмдi, өз кәсiбiнiң шебер мамандарын даярлау мәселесi әрқашан да өзектi болып келдi. Кез келген мемлекеттiң дамуында маңызды рөл атқаратын мамандықтар болады. Солардың бiрi – мектеп мұғалiмi мамандығы. Қазақстан Президентi «Болашақта еңбек етiп, өмiр сүретiндер бүгiнгi мектеп оқушылары, мұғалiм оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан да сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетiн мiндет өте ауыр» – деп мұғалiм рөлiн жоғары бағалаған болатын. Мұғалiм мәртебесiн дамыған елдердегi деңгейге жеткiзу бағытында елiмiзде көптеген iстер атқарылуда. Тәуелсiздiк жылдары республиканың бiлiм және ғылым қызметкерлерiнiң бiрнеше съездерi өткiзiлдi. Алғаш рет 2011 жылы математика мұғалiмдерiнiң республикалық алқалы бас қосуы ұйымдасты-рылды. Достастық елдерiнiң жаңа тарихында тұңғыш рет ТМД мемлекеттерiнiң бiлiм қызметкерлерi мен мұғалiмдерiнiң I съезiн Қазақстан Республикасы ұйытқы болып, 2010 жылы 26-27 сәуiрде Астанада өткiздi. Бұл бастама көптеген елдер тарапынан қолдау тауып, лайықты бағасын алды. Мемлекет тарапынан ұстаздар беделiн көтеру жолында көп игiлiктi iстер атқарылуда. «Бiлiм туралы» Заңға елiмiздiң тарихында алғаш рет мұғалiм мәртебесi туралы бап енгiзiлдi. Онда педагогтардың жұмысын жемiстi етудiң, ынталандырудың құқықтық тетiктерi қарастырылды.
Биылғы Жолдауда айтылғандай, мұғалiмдер бiлiктiлiгiн арттырудың жаңа жүйесi iске қосылатын болады. Мұғалiмдердiң орташа жалақысы 2015 жылға қарай жеке сектордағы еңбекақыға теңесетiн болады. Ұстаздың қоғамдағы мәртебесiн көтеру мақсатында Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi өз порталында «Мұғалiмнiң даңқ кiтабы» бөлiмiн ашты. Онда елiмiздегi үздiк мұғалiмдердiң озық педагогикалық жетiстiк-терi насихатталатын болады.
Қорыта айтқанда, Елбасымыз 2012 жылғы дәстүрлi Жолдауында елiмiзде бiлiм беру саласын дамытудың жаңа мiндеттерiн нақты белгiлеп бердi. Осы мiндеттi iске асыру бiлiм саласы қызметкерлерi мен ұстаздарға үлкен жауапкершiлiк жүктейдi.

Жабай ҚАЛИЕВ,
Мемлекет тарихы институтының
бөлiм бастығы
Сейтқали ДҮЙСЕН,
жетекшi ғылыми қызметкер

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button