Басты ақпарат

МҰҒАЛІМ

(Әлеуметтік әңгіме)

«Молда бол, балам!»

Мен де кеттім,
Сен де кеттің мектептен,
Сияқты ғой бізден соң да көп кеткен.
Ұят болды-ау безгеніміз ұядан,
Мектеп еді мына бізді текті еткен…

(Мұғалімнің бүгінгі жыры)

Біздің қазақ алдынан шығып, амандасқан жас өренге «Молда бол, балам!» деп тілек айтады. Бұл «білімді бол, оқыған-тоқығаның көп болсын!» дегенге саяды. Өйткені, ілгеріден келе жатқан түсінік бойынша, ауылдағы ең сауатты адам – молда. Діни сипаттағы молда ұғымы бірте-бірте ағартушылық мәнге ие болғаны баршаға белгілі. Елдің кей өңірінде жастардың сәлемін алған үлкендер «Мұғалім бол, балам!» дейді. Бұл да сол баяғы «молда болдың» ізі.
Шынында да, мұғалім мамандықтың төресі еді. Қарапайым халыққа одан артық лауазымның керегі жоқ-ты. Ауыл болған соң, әрине, мектеп болады. Сол мектептегі жиырмашақты мұғалім бүкіл ауылдың зиялылық келбетін айқындайды. Мұғалімнің өзі де, сөзі де, жүрісі де, тұрысы да бөлек. Ауыл баласы үшін одан биік тұлға бола бермейді. Әке-шешеңнен гөрі соның айтқаны заңдырақ секілді көрінеді. Осы мұғалімдердің бәрі де өз ауылыңның адамдары. Сондықтан әйтеуір сенің бір жақының болып шығады. Бірақ осы ет жақыныңның өзі мектептің ауласына аяқ басысымен өзіңді таныңқырамай кетеді. Біртүрлі сұстылау кейіпке еніп, саған сыртын беріңкіреп тұрады. Тіпті туған жеңешеңнің өзі класқа келсе, қаншырдай қатып қалады. Кешке үйге келген соң ғана жүзіне жылу жүгіреді. Мектептің адамды осындай салиқалы күйге салып қоятын сиқыры бар.
Ал енді мұғалімнің шәкірт алдындағы беделі деген сұмдық. Оны сыйлайсың һәм сескенесің. Құрметтейсің һәм қорқасың. Жақсы көресің әрі жасқанасың. Көшеде мұғалімді көріп қалсаң, алты қырды айналып қашасың. Ешнәрсе бүлдірмесең де, бықпырт тигендей безесің. Алда-жалда асық ойнап жатқанда үстіңнен түссе, жыланға арбалған торғайдың күйін кешесің. Сенің жаныңды алайын деп тұрған ешкім жоқ. Сонда да қаралай қысыласың.
Әр мұғалімнің мінез-құлқы әртүрлі. Бірақ бәрі де өз пәнін шексіз жақсы көреді. Сабақ басталғанда бәрін ұмытады. Мысалы, бізді оқытқан Бегімбет ағай географиядан сабақ берді. Әп-сәтте жатаған мектептің ауласынан шығып, қыр асып, мұхит кешіп кетеміз. Ендіктерге ентелеп, бойлықтарға бойлап, бес құрлықты түгел шарлаймыз. Тау мен тасты, теңіз бен көлді, ойпат пен қыратты сипаттағанда оның жүзі жайнап кетеді. Қаратереңнің жал-жал құмынан айналып шықпаған ауыл мұғалімі жер түбіндегі Чад көлі туралы шаттанып тұрып әңгімелейді. Ал талайлар ажал құшқан Ниагараны шабыттана суреттегенде әйгілі сарқыраманың алапат екпінін сезінгендей боласың. Асау ағынның шапшыған сәтін көз алдыңа қапысыз елестетеді. Жел жақтан бетіңе су бүркіп тұрғандай әсерленесің. Кейін Канадаға барған сапарымызда осы Ниагараға жол түсті. Арқыраған асау сарқыраманың бар болмысын Бейімбетше бейнелеген Бегімбет ағайдың сұңғылалығына таң қалдым. Мамандыққа адал болу деген, сірә, осы шығар.
Ал биология пәнінің мұғалімі Толыбай ағай тіпті керемет. Өзі өте ұқыпты адам. Үнемі мұнтаздай тап-таза болып жүреді. Киімді күтіп киеді. Жұрт «Құдай-ау, мына костюм-шалбарын осыдан оншақты жыл бұрын киді-ау деймін, көрмейсің бе, әлі жап-жаңа» деп таңдай қағады. Ал ағайдың бәтеңкесі бес-алты жылға дейін тозбайды. Жасында жоқшылық көріп өскендікі шығар, кәдімгі қарындашты әбден бір тұтам тұқылға айналғанша пайдаланады. Және жазып болған соң оны қағазға орап, қалтасына салып алады. Ауылда жазуды ең көркем әрі анық жазатын адам осы кісі. Сондықтан ауылдық кеңес баланың тууы туралы куәлігінің бәрін Толыбай ағайға толтыртады. Төлқұжаттар та біздің ағайдың қолынан өтеді. Ал өзі әр сабақты миыңа шегелеп тұрып түсіндіреді. Бір клеткалы балдырлардан бастап алып ағаштарға дейін армансыз адақтап шығамыз. Зоология оқулығының бетін ашатын кәдімгі амеба мен инфузория-туфельканы түсімізде көретінбіз. Қазір де дүкеннен туфли көре қалсақ, туфли пішіндес инфузория-туфелька мен тиянақты Толыбай ағай есімізге қатар түседі.
«Әліппе» мен «Ана тілі» оқулығының бетіндегі тақпақтар әлі күнге дейін аға ұрпақтың жадынан өшкен жоқ. Қырық жыл өтсе де ұмытылмаған көбейту кестесін айтсаңшы. Ол кезде оқулық та, оқытушы да сапалы еді. Мұғалім мектепте тұрақтайтын. Жас ұрпақ шетінен мұғалім болғысы келетін. Оған мүмкіндік те мол еді. Барлық облыстың орталығында педагогикалық институт бар-ды. Жас түлектер оқу бітіріп келіп, мектепте жылдар бойы жұмыс істейтін. Оның өмірінің мәні де, сәні де сол білім ошағы болатын. Айқара ашық тұрған кітаптың бейнесі бар ромбигін үш-төрт жылға дейін өңірінен түсірмейтін. Соны бүгінгі орден-медальдан кем көрмейтін. Мұғалім мектепке киетін киімімен ғана сенің көз алдыңда тұрады. Өмірі қыры сынбайтын шалбар. Жағасы крахмалға малынған ақ көйлек. Оның үй киімімен жүрген кезі көп елестей бермейді. Қазақ қоғамында осынша беделге ие болған мұғалімдер уақыт өте келе қатардағы қарапайым кісілерге айналды.
Бүгінде жұрт амандасқан жастарға «Мұғалім бол, балам!» деп айта қоймайды. Ал алда-жалда алдыңнан шыға келіп, қос қолын ұсынған балаға баяғыдай «Молда бол!» десең, саған біртүрлі күдіктене қарайды…

«Қолым да тиген шығар…»

Мұғалім бе?
Мұғалім болғам мен де,
Талай тентек баланы салғам жөнге.
Тәрбиенің түтіні түзу ұшпай,
Мамандықтан көңілім қалған демде…

(Мұғалімнің бүгінгі жыры)

Бұрынғының мұғалімі қатал келер еді. Балалардың аяғын қия бастырмайтын. Қоғамда дәуірлеп тұрған мұғалім культі көп нәрсеге мүмкіндік беретін. Мұғалімдік культке айналмаса, қазақ баласына осыған орайластырып ат қояр ма еді?! Әйтпесе, қалам ұстаған қауымға аттары танымал Мұғалімбай Жылқайдаров пен Аманқос Мектептегі қайдан шықты?
Біз – сол мұғалімі идеалданған заманның перзенттеріміз. Олар бізге басқа нәрсеге мойын бұруға жол қалдырмайтын. Сенің бүкіл күш-жігеріңді пайдалы нәрсеге жұмсауға үйретеді. Қай-қайсысы да өз пәні бойынша майталман маман саналады. Мұғаліміңді мойындамауың мүмкін емес. Қазір екі баланың біреуі «депрессияға түсіп кеттім» деп, зар заман ақындары сияқты зарланып, қайғы-мұңға көміліп отырады. Оларды аяқ астынан тығырыққа тіреген ненің күйзелісі екенін жан баласы біліп болмайды. Қай бала-шағасын асырай алмай қиналып жүргенін кім білсін?! Ал ол тұста ондай пәле жоқ еді. Сайтан иектеген сайттар түске де кірмейтін кезең. Мектепте мұғалім жыныңды қағып алады. Үйде әке-шешең жүндей түседі. Сонда депрессияның қайда қалғанын білмей қаласың.
Ол заманың да бүгінгілерге тосындау көрінетін қолайсыздау құбылыстары жоқ емес-ті. Жасыратыны жоқ, кейбір мұғалім саған кейде ептеп қол жұмсап қояды. Қалың елдің алдында бүкіл абыройыңнан айырып, талдырып тастамайды, әрине. Мысықтабандап келіп, бүйіріңнен нұқып кеп жібереді. Бүйрегің бүлк ете түседі. Немесе желкеңнен түйіп қалады. Несін айтасың, жарықтықтардың жұдырығы мұндай қатты болар ма?! Желкең үзіліп кете жаздайды. Кейде тіпті қатты кетеді. Тақтаның алдында тұрып сені бормен жіберіп ұрады. Кәдімгі бор. «Менің атым ақ қалам, Бормын деп те мақтанам. Жақсы білсең сабақты, Кездесейік тақтадан. Сабақты егер білмесең, Мен айтайын расын: Бор-бор болып күнде сен, Тақта алдында тұрасың» деген өлең жолдарына арқау болған жазу құралы. Дәріс үстінде жұрттың тынышын алып, көп қозғалақтап кетсең болды, сол бор саған қарай ұшады.
Мұндай мерген болар ма?! Сабақтан дамыл тапқанда қырға шығып, қасқалдақ ататын алтын қолды ағайларым қақ маңдайдан дәл тигізеді. Өздері қыл мықынның түбінен арғымаққа оқ дарытқандай іштей ырза болып тұрады. Бор тигенге боркемік боп кетпейсің, әрине. Бәрібір онша жақсы емес. Кейде асқан жылдамдықпен бұғып қаласың. Ондайда бор ту сыртыңдағы пешке тиіп, үгітіліп түседі. Ал бұл әдісті қолданбайтын оқытушылар нұсқағыш таяқшамен нұқиды. Сөйтіп, сенің бойыңдағы желкеңнен тартып тұрған қырсық мінезді сонымен түрткілеп қуып шығуға тырысады.
Мұғалім болған соң, ондай-ондай болады. Баяғыда Бейімбеттің бір кейіпкері жалшысын ұрып жығып, кейіннен «Ағайын болған соң, қолым да тиген шығар» деп ақталатын еді. Оған да етің үйреніп кетеді. Анау ұстаз сөйтіп еді деп әке-шешеңе шағымдану дәстүрде жоқ. Айта қалғанның өзінде олардың саған араша түсе қоюы екіталай. Қайта соларға қосылып, саған дүрсе қоя беруі мүмкін. Өйткені, аядай ауылдағы он-он бес мұғалімнің бәрі ағайын, бәрі туыс. Әйтеуір біреуі сені нұқып кетуге атам заманнан құқылы болып шығады. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деген осы.
Өзіңнің де құдай сүйер қылығың жоқ. Сабаққа қатыспайсың, келе қалған күнде жыбырлап, тыныш отырмайсың, ол аздай мұғалімдерді келемеждеуге әуессің… Міне, осындай сойқан себептер сені сорға, мұғалімді борға қарай жетелейді. Бұл тұрғыдан алғанда ұстаздардың қолында керемет көзірі бар. Атақты педагог Антон Макаренко көкеміз де «Аюға намаз үйреткен таяқ» дегенді онша теріс көрмегенге ұқсайды. Телі мен тентектің талайын тезге салған сол Макаренко «Адамды бақытты болуға үйрете алмайсың, бірақ оны бақытқа қолы жететіндей етіп тәрбиелеуге болады» депті. Содан шексіз бақытты болғымыз келіп, ұстаздарымыздың жеңіл-желпі оғаш қылықтарына үнсіз көнеміз. Әйтеуір мұғалімнің үстінен шағынып жатқан бір адам көрмейсің.
Бала сабаққа келмей қалса, мұғалімнің ұрса алмайтын бір-ақ күні бар. Ол қойдың кезегі болатын күн. Осыған келгенде аюдай ақырып тұрған ұстазыңның тілі шықпай қалады. Өйткені, оның өзі де қойдың кезегіне барады. Қойдың кезегі жалпыға бірдей. Оқытушысың ба, оқушысың ба, бәрібір. Ертемен көзіңді тырнап ашып, жуаның сабағы туралған ащы айранды сіміріп алып, өріске беттейсің. Қой біткенді жеті атадан сыбап бара жатасың.
«Ағайға айтып берем!». Бұл сөз сот үкімінен кем естілмейді. Жазалау шарасының өте бір пәрменді түрі осы. Айтып берген күннің өзінде ол ағай сені ит жеккенге асырып жібермейді. Соның өзінде именесің. Жігіттен хат алған қыздың апайлардан басы пәлеге қалады. Осының бәрі ұрпақ жақсы боп өссін деген ниеттен туған тәртіп жүйесінің көрінісі еді. Мұғалімдердің әрқайсысының қолында тәрбиенің кілті жүргендей болатын. Ауыл мектебінің рухани ұстыны өте берік-ті.
Ал бүгінгі балалардың маңдайына жел болып тиіп көрші. Іштен уыстап заң ұстап туған қызталақтар мұғаліммен тәжікелесіп тұрады. Ұстазы да онымен абайлап сөйлеседі. Пәле қуған заман. Қадамыңды қиыс бассаң, құрдымға қарай құлдырап кетуің ғажап емес. Сондықтан мұғалім белгілі бір этикет нормаларын қатаң ұстанады. Сыпайы ұстаз, сырбаз шәкірт, салиқалы сабақ… Ол жақсы, әрине. Бірақ, мұғалім беделі әлі көтерілетін түрі жоқ.

Мектептің жаны, қайдасың?

Неменеге жетістің, бала батыр,
Ер мұғалім азайып бара жатыр.
Бүйте берсе, бір күні мектебіңде,
Кілең әйел қалады, қара да тұр!..

(Мұғалімнің бүгінгі жыры)

Алаштың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы» депті. Сол мұғалімдеріміз бүгінде мектептің жаны бола алып жүр ме?!
Алаш демекші, азаттық үшін алысқан сол арыстарымыздың дені мұғалімдер еді. Бәрі де ұстаздықты ұлы міндет деп санады. Елдің санасын ағартуды көздеп, қажымай-талмай бала оқытты. Ұлы ұстаздардың қолынан ұлағатты шәкірттер тәлім алып шықты. Қазақтың атақты ақын-жазушыларының көпшілігі еңбек жолын ұстаздықтан бастады. Шерхан Мұртазаға мектепте Мұхамеджан Қаратаев, ал Зейнолла Қабдоловқа Хамит Ерғалиев сабақ берді. Бүгінде екінің бірінің аузынан түспейтін «Мектебің, мынау класың, осында он жыл тұрасың. Тарыдай болып кіресің, Таудай болып шығасың» деген белгілі өлең жолдарының авторы Мұқағали ақын да Қарасаз орта мектебінде мұғалім болған. Елдегі ең қадірлі мамандықтың бірі болған соң, ауданның идеология жөніндегі хатшысы қызметіне де мұғалімдер ұсынылатын.
Шынында да, бір кезде мектептің қаны да, жаны да мұғалімдер болатын. Математика пәнінің мұғалімдері калькуляторы жоқ заманда есепшот пен санағышты пайдаланып-ақ ғаламат математиктерді тәрбиелеп шығарды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері кез келген оқушыға шығарманы шырайын шығарып жазуды үйретті. Мектеп көрген баланың бәрінің тілі түзу шықты. Шетінен тынысы белгілеріне жетік болды. Жастайынан өлең-жырды жаттап өсті. Қай салаға қоныс тепсе де, рухани өресі биік екенін көрсетті. Химия пәнінің мұғалімі шәкірттеріне Менделеев кестесіндегі барлық элементтердің атын жаттатты.
Ауыл үшін орыс тілі пәні мұғалімінің орны бөлек еді. Қияндағы елді мекенде орыс тілінен кім сабақ берсін? Көбіне-көп олар қаладан ауылға жолдамамен келеді. Бейтаныс мұғалима келген күннен бастап, бүкіл ауыл өзгеріп сала береді. Өзі ең беделді тұлғаға айналады. Шалғайдағы ауылда қайдағы қонақ үй, мұғалима қыз бала-шағасы аздау бір үйге қоныстанады. Сол үйдің бір баласындай болып өседі. Сол үй не жесе, бұл да соны жейді. Сөйтіп, әлгі үйдің беделі биіктеп кетеді. Бүкіл жігіт-желең жаңағы үйді ториды. Әншейін сыбай-салтаң жүріс. Сөйлесуге бұлардың орысшасы, қаладан келген қыздың қазақшасы жетпейді. Қалай болғанда да, мұғалиманы тоқтатып, екі ауыз сөз айтуға талпынған жарықтықтар «Стоп!» деп айқай салады. Сөйтіп жүріп-ақ, қыздың жүрегіне жол табады. Елге келген мұғалималардың ішінде осы ауылда түтін түтетіп қалып қоятындары да бар. Олар ауылға мәдениеттің ұрығын егеді.
Ұстаз еңбегі айрықша бағаланған тұста әйгілі педагогтардың есімі идеалданды. Рафиха Нұртазина, Құмаш Нұрғалиев, Қанипа Бітібаевалар елдің бар мұғаліміне үлгі болды. Кез келген ауыл мұғалімі солардай болсақ деп арман етті. Олар балаларға білім берді, тәрбиенің дәнін септі. Атақты педагог Ыбырай Алтынсариннің «Дүниедегі ең қымбатты адам – халық мұғалімі, оқытушы – мектептің шешуші күші» деген тұжырымы нағыз өмірлік өлшемге сай болды. Бүкіл жұрт ақын Мұзафар Әлімбаевтың «Қамқоры ұл-қыздың, Мұғалім – ол біздің» деген өлеңін шын жүрегімен айтты. Ал Әбілахат Есбаевтың «Ұстазым» әні бүкілхалықтық әнұранға айналды.
Мұғалімнің осылай аспандап тұрған беделі қалайша төмендеп кетті? Бұның бірнеше себептері бар еді. Алдымен, барша жұртты әбден титықтатқан нарықтың дауылы мектепті де оңдырмай соқты. Жарытусыз жалақымен бала-шағасын асырай алмаған ұстаздар басқа саланың отын көсеуге кетті. Талантты педагогтар табысы көп салаға тартып отырды. Қабілетті адам қай жерде де қабілетті. Өздерін көрсете алатынына сенгендіктен сөйтті. Елдің екі өкпесін қиындық қысқан кезеңде мұғалімдердің біразы мектепті тастап, базарға шықты. Қап арқалап, Қытай мен екі ортаны жол қылды. Олар өздерімен бірге базарға зиялылықтың лебін ала барды. Сөренің ар жағында тұрып, сенімен жөндеп сөйлесетін сыпайы сатармандар пайда болды. Есесіне ұрпақ зардап шекті. Сол кезеңнің балаларының жазбаларында әлі күнге қате дегенің өріп жүреді.
Мұғалім қоғамның әлеуметтік жағынан қорғанышы жоқ тұлғасына айналды. Бір кездегі ең қадірлі екі мамандық иесі – дәрігер мен мұғалім бұрынғыдай елене бермейтін болды. Қоғамның жаңа үрдістеріне сай өмірімізге енген басқа мамандықтардың көлеңкесінде қалды олар. Жарытымсыз жалақы алды. Жұпыны киінді. Аз ғана уақытта байып шыға келген кешегі екі сөздің басын құрай алмайтын кәсіпкер шәкірттерінің алдында кәдімгідей қорынып тұратын болды. Ол көксоққандар да бұлармен шекесінен қарап сөйлесетінді шығарды.
Кейінгі жылдарда мектепте сабақ беретін ер мұғалімдердің саны азая бастады. Оқушыларға қыз-келіншектердің жаппай сабақ беруі бала тәрбиесіне әсер етпей қойған жоқ. Ер адам мен әйелдің тәрбиесі екі бөлек болатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ұлдардың ағайға, қыздардың апайға еліктейтінін ескерсек, мұның да маңызды мәселе екенін естен шығаруға болмас.
«Ерлердің ісі бітер ме, Мектебіне оралмай» дейтін болдық бүгінде…

Ұстаз дейді-ау сені де..

– Мұғалім боп істесем, не етер едің?
– Қадіріңе сол кезде жетер едім.
– Қайтып келсем мектепке, не етер едің?
– Жалақыңды шамалап көтеремін…

(Мұғалімнің бүгінгі жыры)

Кейінгі кезде әр елде мұғалімге арнап ескерткіш қойыла бастады. Белгілі бір есімі танымал педагогқа емес. Жалпы мұғалімнің тұлғасын тас тұғырға орналастыру үрдіске айналды. Мұндай ескерткіштер Ресейдің барлық аймақтарында, Украинада, басқа да елдерде көптеп қойылды. Біздің ел де бұл үрдістен шет қалған жоқ. Қостанайда алғашқы мұғалімге ескерткіш орнатылды.
Бұл нені көрсетеді? Ел нағыз мұғалімді сағынды. Оның қоғамда беделді болған өнегелі бейнесін аңсады. Қазіргі әлемді дүрліктіріп тұрған атыс-шабыс пен зорлық-зомбылықтың көбеюі адам тәрбиелейтін мұғалім тұлғасының көмескіленіп кетуінен екенін де қапысыз ұқты. Әйтпесе, ұстаз болмысын ардақтап, жаппай ескерткіш соғатындай не күн туды дейсің?
Әлемдік статистика мектептерде мұғалімдердің тапшы екенін айқын көрсетіп отыр. Жақында ЮНЕСКО-ның Статистика институты 2015 жылға қарай жалпыға бірдей бастауыш білім беру үшін әлем елдерінде екі миллион мұғалімнің жетіспейтіні туралы мәлімет жариялады. Мұғалімнің аздығынан қиындық көріп отырған тек дамушы елдер ғана емес сияқты. АҚШ, Испания, Ирландия, Италия, Швеция сияқты мәртебесі биік мемлекеттердің өзі ұстаздың тапшылығын сезінген көрінеді. Мұғалімге зәрулігі байқалған елдердің ұзын-саны 112-ге жетіп жығылады.
Сөйтіп, күллі әлем мұғалімін іздеп жатыр. Іздейтіндей жөні бар. Дүние жүзінде бала тәрбиесінің әлдеқашан кетеуі кетіп қалды. Мұхиттың арғы бетіндегі мектеп оқушылары қолдарына қару алып, кластастарын қырып салды. Көзіне көрінгенді атып өлтіріп, қырыққа жуық адамды құрбан етті. Мұндай жантүршігерлік оқиғалар басқа елдерде де қайталанды. Ізгіліктің ізін басқан Азияның ибалы елі деп жүрген Оңтүстік Кореяның оқушыларының да жүйкесі сыр берді. Қатігездік пен қаныпезерлік сырқаты әлемнің басқа да балаларының ағзасына біртіндеп орныға бастады.
Интернетке есік ашу ғаламат жетістік болғанымен, бала тәрбиесіне кейде кері ықпал ететінін жасырудың жөні жоқ. Әлгі өрендерді оғаш қылыққа баулып жүрген нәрсе – түрлі сайттардағы нұсқаулықтар. Бұл сайтани сайттар жас өскінді зорлық-зомбылық жасауға үндейді. Жас ұрпақ жаппай соның жетегінде кетіп барады. Олар күн ұзаққа инттернеттен қоқыс тереді. Қаптаған қисапсыз мәліметтен миы шаршап, басын тауға да, тасқа да соғады. Сөйтіп, не істеп, не қойғанын өзі де білмейді. Әлгі сайттардың ішінде өзін-өзі мерт қылуға бейімдейтіндері де жетіп артылады. Мектеп оқушыларының көпшілігі соның тұтқынына түседі.
Баланы интернет иірімінен нағыз мұғалім ғана құтқарар еді. Ол өте беделді болса, бүкіл шәкірт сөзіне имандай ұйиды. Шетелден діни оқу бітіріп келген жігіттер елді әп сәтте үйіріп әкетеді ғой. Бізге де осындай тартымды тұлғасы бар, ықпалды мұғалімдер керек. Бір кезде ұстаздың негізгі міндеті сауат ашу еді. Енді оның негізгі шаруасы тәрбие беру болып тұр. Онсыз да жиған-терген мәліметі мол білімді ұрпақтың ақсап тұрған тұсы осы.
Аты мәшһүр педагог Василий Сухомлинский «Мұғалім мамандығы дегеніміз, бұл – адамтану» депті. Шәкіртіне жаны жақын, тіпті онымен сырласа алатын ұстаздардың мәртебесін қайтып оралтқан жөн. Сонда ол баланы интернеттің иіріміне батырмайды. Нағыз мұғалім қазіргідей ата-ана мен баланың арасындағы «оппозициялық алшақтықты» азайтар еді. Әдепкіде темір жол училищесіне түсіп, кейін сонда сабақ беріп, мектепте темірдей тәртіп орнатқан Антон Макаренко «Тәрбие әрқашан беріледі, тіпті үйде жоқ болсаң да сені тауып алады» дейді. Талайды табындырған сол Макаренконың есімі бұрынғы одақтың барлық аймақтарындағы білім ошақтарына берілді. Тіпті жер түбіндегі Гавананың педагогикалық институты да А.С.Макаренконың атымен аталады. Бізге енді бойында осындай алапат қажыр-қайраты бар өз Макаренколарымыздың өсіп-жетілгені керек.
Соңғы кезде мұғалімдері мен дәрігерлерінің қамын ойлайтын өркениетті елдер секілді біз де ұстаз еңбегін қадірлеуге мән бере бастадық. «Қазақстанның Еңбек Ері» атты жоғары атақтың алғашқысын мұғалім иеленді. Жоғары мектептер үшін «Үздік оқытушы» бәйгесі жарияланып тұрады. «Үздік оқытушы» атанған педагог қомақты қаражатқа қол жеткізеді. Ұстаз жалақысы жылдан-жылға там-тұмдап өсіп келеді. Мұғалім беделін көтеруді елдің бас мұғалімі – Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың өзі қолға алды. Осының бәрі мұғалімнің езілген еңсесін көтергендей болды.
Бірақ ол әлі де құлашын кең жаза алмай жатыр. «Галстук қызыл мойнымда, Мектепке қарай жүгірдім» деп Қасым Аманжолов жырлаған дәуірдің рухы алыстау әлі. Дегенмен, үмітіміз алдамас. Мұғалім де, оқушы да мектепке қарай жүгіргісі кеп тұратын заман да келер. Ал әзірге:

Ұстаз дейді-ау сені де,
Ұстаз дейді-ау мені де.
Ұстай алмай біз қалдық,
Ұрпақ кетті жөніне, –

деп әндете тұрамыз да…

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button