Елорда тынысы

Мұғалімнің кәсіби шеберлігі маңызды

Елімізде мұғалімдердің республикалық тамыз кеңесі басталғаны белгілі. Екі апта бойы панельдік сессияларда педагогтар мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім берудегі өзекті мәселелерді, балалардың құқығын қорғау және білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелерін талқылайды.

[smartslider3 slider=3737]

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында жаңа оқу жылындағы педагогтардың үздіксіз біліктілігін арттыру бойынша секция­лық отырысы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов және еліміздің барлық өңірінен келген мектеп директорлары мен мұғалімдердің қатысуымен өткізілді. Асхат Аймағамбетов педагог мамандығы бойынша университетте оқып жүрген студенттердің мектептерде тәжірибеден өту тәртібі қайта қаралатындығын айтты.

«Тәжірибеден бірінші курстан бастап өткізуді ұйымдастырып отыр­мыз. Бірінші курстан бастап өткені жақсы, бірақ оны өткізу барысына қатысты сұрақтар бар. Мәселен, студент тәжірибеден өзінің туған ауылындағы шағын жинақты мектептен өтуге өтініш білдіреді. Өз кезегінде университет бұл өтінішке келісімін береді. Бұл мектепте тиісті деңгейде тәлім-тәрбие беретін адам бар ма? Өйткені жас маманды кәсіптік тәжірибеден екінің бірі өткізе алмайды. Ол жерде қандай әдістер бар, онымен кім қалай жұмыс істейтініне ешкім мән беріп отырған жоқ. Сондықтан туған жеріндегі мектептен тәжірибеден өткен кезде оған тиісті тәлім беретін адам болмаса, одан қандай сапа талап ете аламыз?» деді А.Аймағамбетов республикалық тамыз конференциясының панельдік сессиясында.

Оқу-ағарту министрі бұл бағыттағы тәртіпке қазіргі кезде өзгерту енгізіліп жатқанын айтты.

«Біз жұмыс беруші ретінде тиісті талаптарды қоямыз. Бұл тұрғыда тәжірибені басқаша өткізу керек. Тәжірибеден өте алатын мектептердің өлшемдерін қою ескерілген. Себебі мектепте мұғалімдер мен әдіскерлер бар болса, бұл оқу орнында тәжірибеден өтіп, үйренуге болады. Сондықтан университеттерде оқып жатқан студенттердің тәжірибеден өтуге баруының өзі басқаша қаралады» деді А.Аймағамбетов. Ол сондай-ақ жас мамандар мектепте толтырылатын құжаттарды, бағалау жүйесін, яғни оқу орнында реформалар жайында жан-жақты білуі керек екенін атап өтті.

Шындығында өз ісін сүйетін әрі жетілдіруге талпынатын мұғалім болмаса, білім алғысы келетін әрі дамуға талпынатын оқушы болмайтыны түсінікті. Сондықтан да мектеп мұғалімінің оқыту сапасын арттыруды басты орынға қою өте маңызды.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button