Әлеумет

Мұхамбедия АХМЕТТӨРЕҰЛЫ, дәрiгер, Астана Медицина университетiнiң профессоры: ӨЗIМЕ ӨЗIМ ӨКПЕЛЕДIМ

Мұхамбедия АХМЕТТӨРЕҰЛЫ

Тiл саласын зерттеген атақты ғалымдардың, қаламы қарымды жазушылардың айтқан мәлiметтерiнен бiраз нәрсе ұғындым.
Биылғы жылы Астана қаласы түркi дүниесiнiң мәдени астанасы болып жарияланғанын бiрiмiз бiлгенiмiзбен, көбiмiз бiлмеймiз ғой.
Елордамызда түркi халықтарының 20-дан астам ұлттық орталықтары бар екен, 65% қазақ екенбiз, ал түркiтiлдiлердi қоссақ 75%-ға жетiппiз. Ал «түркi халықтары» деп топтастырып санасақ 250 миллион екенбiз. Түркiтiлдес халықтардың ынтымағын нығайту мақсатында жиналған зиялылардың бiрi латын әлiпбиiне көшпейiнше жақындасудың жолы алыстай беретiнiн айтты. Екiншiсi кирилицадан бас тартсақ бар жиған-тергенiмiзден айырылып қалуымыз мүмкiн деп ескерттi.
Ендi бiрi хадiмше жазу дедi ме, сосын түркiтiлдес халықтарға бiрiздiлендiрiлген транскрипция керек дедi ме. Келесi ғалым оғыз тобына, қыпшақ тобына, ортақ түбiрлес түркiтiлдес терминдерiмiздi жасауымыз керек дедi. Тағы бiр маман орхон-енисей жазуын тiрiлту керек екенiн дәлелдеуге тырысты.
Осы кезде Астанадағы түркiтiлдес сол 20-дан астам ұлттық орталықтың бiр өкiлi сөз алып: «Извеняйте, я свой родной язык не знаю, но я хошу сказат, я патриот свой родина, я обешаю учит казахский» деген сияқты жалынды сөздерiн айтып «дружбаға» шақырған болды. Жүрегiм шаншыды.
Құдай-ау, Қазақстанда қазақ тiлiн ең болмаса түркiтiлдiлер үшiн ортақ тiл ете алмай жүргенде орхон жазуын зерттеу арқылы, әлемдегi 50-ге жуық түркi халықтарының тiлдерiн түгендеу арқылы бүгiнгi қазақ тiлiнiң жыртығын ендi қанша жылда жамап алар екенбiз деген ойға батып отыра бердiм. Жұрт сөйлеп жатыр…
Осыдан бiраз уақыт бұрын бiр газеттен бiр ақылды азаматтың «ел болам десең – эфирiңдi түзе» деген афоризмiн оқып едiм. Қолма-қол өзгертiп алып «тiлiңдi тезге салу үшiн телевидениеңдi жөнге сал» деп жазып қойғанмын. Сол есiме түстi.
Мына дөңгелек үстел басында тереңнен қазып, алысты болжаған теорияларды талдап, айта-айта ауызды, ести-ести құлақты ығыр қылған ұсыныстарды қайталап жүргенде КТК мен Жетiншi арнаның бiр ғана «Наша казашасы» «это ваша казаша» деп бетiмiзге басып, астарлап «нәтижелi» жұмысын жүргiзiп жатыр. Бiз «С дипломом в ауыл» деп ұрандап жүргенде, КТК «Побег из ауыла» деп қашып жүрген «дебилдарды» күнi-түнi үзбей көрсетiп жатыр. Телевизияны тезге кiм салады?
Қазақ тiлiнiң тағдырына қатысты ойларымды, сұрақтарымды үстел айналасына дөңгеленген тiл мамандарына батырыңқырап айта бастап едiм, әр жерден «нақты ұсынысыңызды айтыңыз», «қысқаша айтыңыз» деген ескертпелер естiлдi.
Ұсынысым, сынағаным ұнамағанын сездiм. Жүрек сыздады. Өзiме де сол керек! Не атамның құны бар едi? Тыныш отырып, тыныш кетсем ғой, жүрек сыздамас едi. Ұсыныс айт деп жатса мақтау айтып, «шүкiр» деп қолпаштап қойсам ғой, еш пәле жоқ. Кiмге кiнә тағарсың? «Өзiме өзiм өкпелеп қала бердiм».

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button