Сұхбат

Мұхамеджан ТАЛАСОВ, Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы: «САНҒА ЕМЕС, САПАҒА МӘН БЕРЕМІЗ»

Астанада болашақ жауынгерлерді әскер қатарына шақыру науқаны басталды. Қалалық департаментте «Күз-2012» жедел әскери қызмет атқаруға шақыру науқанына байланы­сты алдын ала зерттеу және іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Осынау жа­уапты шараның барысы туралы Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Мұхамеджан Таласовпен сұхбаттасқан едік.

– Жалпы, әскерге шақыру комиссиясы өз жұмысын бастады ма? Астана қаласы бой­ынша әскерге қанша сарбаз шақырылады?

– Үкіметтің «ҚР азаматта­рын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес қарулы күштер қатарына алдын ала белгіленген талаптардан өтіп, денсаулығы, білімі, психологиялық қабілеті бойынша тапсырмалар­ды орындаған азаматтар ғана іріктеліп алынады. Мемлекет бас­шысы еліміздің қарулы күштері санымен емес, сапасымен ерек­шелену керектігін қадап айтты. Сондықтан кез келген сарбаз кәсіби шеберлігімен, алғырлығымен ерек­шелене білуі қажет.

Әскери міндеттілерді алдын ала зерттеу және іріктеу жұмыстары 10 шілдеде басталған болатын. Бүгінде үш мыңнан астам болашақ жауынгер арнайы тексерістен өтті. Олардың көпшілігі әскерге жарамды. Ал әскерге шақыру комиссиясының жұмысы 1 қазанда басталады. Сол кезде іріктеліп алынған азаматтар қандай әскери бөлімдерге бөлінетіні нақтыланады.

Азаматтардың алғашқы легі Отан қорғауға қашан аттанбақ?

–Елордалық жауынгерлердің алғашқы легі 15 қазан күні ат­танатын болады. Негізінде, қарулы күштер қатарына шақырылатын адамдардың саны шектеулі. Астана қаласында 18 бен 27 жас аралығындағы әскери міндеттілердің ішінен наряд бой­ынша 600 жауынгер жөнелтіледі.

Азаматтарды әскерге іріктеу қалай жүзеге асырылады? Науқан кезінде қандай қиындықтар ту­ындауы мүмкін?

– Әскери бөлімдерге жөнелтілетін шақырылушылардың саны көп емес. Бірақ әскери бо­рышын өтеуге талпынатындар жетіп артылады. Осыған байла­нысты әскерге «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарлар» ғана таңдалады. Әскерге шақыру комиссиясы олардың кәсіби біліктілігі мен мамандығына назар аударып, денсаулық жағдайын ескереді. Мәселен, зымыран, авиация, броньды танк техникасын және радиотехникалық аппаратура шығаратын ұйымдарда жұмыс істейтін әскерге шақырылушылар тиісті әскер түрлері мен тектерін жасақтауға жіберіледі. Алдын ала іріктелген әскерге шақырушылар режимдік және арнайы бөлімдерді жасақтау үшін көрсетілген командаларға жіберіледі. Аэроұтқыр әскерлерін жасақтау үшін кемінде жалпы орта білімі, жақсы дене бітімі бар жігіттер, әсіресе, парашютші спортшылар іріктеліп алынады.

Республикалық Ұланды жасақтау үшін де дене дайындығы, кемінде жалпы орта білімі бар әскерге шақырылушылар таңдалады. Жоғары білімі бар әскерге шақырылушылар оқу-жаттығу бөлімдеріне олардың біліміне және әскери даярлық бейініне ұқсас мамандықтар бойынша жіберілетінін де айтуымыз ке­рек. Математика, физика және инженерлік-экономикалық факультеттерді бітіргендер радио­техника, зениттік-зымыран бөлімдеріне, сонымен қатар басқа да әскери құрылымдардың байланыс бөлімдеріне жіберіледі. Қысқаша айтқанда, оқу-жаттығу бөлімдеріне кандидаттарды іріктеу кезінде басқа да сипаттарымен қатар олардың әскерге шақырылғанға дейін алған мамандықтары ескеріледі.

Ал іріктеу кезеңінде кездесетін басты кілтипан – азаматтардың ауруын жасыруы. Яғни, денсаулығы бұрынырақта сыр беріп, науқастанса, әскери жаттығулар кезінде бәрі белгілі болып жатады. Биылғы шақырту барысында әскерге шақырушылардың денсаулығы жай­ында ата-аналарынан да сұралады. Атап өтер жайт, осы уақытқа дейін қалалық департаменттен аттанған шақырушылардың бірде-бірінің денсаулығынан кінәрат табылмаған. Бұл – біздің жұмысымыздың сапалығын көрсетеді.

Әскерге шақырту кезінде елордалық азаматтардың бәрі толық қамтыла ма? Шақыртуды естімей қалғандар немесе депар­тамент қызметкерінің азаматтар­ды әдейі шақырмай қою дерегі кездеспей ме?

– Қолданыстағы қаулыға сәйкес азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру және оларды шақыру пункттеріне келу жөнінде хабардар етуді тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарының лауазымды адамда­ры, жергілікті атқарушы органдар арқылы шақырту қағазымен немесе жұмыс, оқу орны бойынша ұйым басшылары жүргізеді.

Азаматтардың әскерге шақыру комиссиясына дәлелсіз себеп­термен келмей қалуы, сондай-ақ азаматқа шақырту қағазын жеке өзіне беру мүмкін болмаған жағдайлардың барлығы қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың бақылауында болады. Ал олар­ды іздестіру үшін ішкі істер ор­гандарына хабарлайды. Әскерге шақырудан қасақана жалтарғандар, сондай-ақ азаматтардың әскерге шақыру пункттеріне уақтылы келуіне кедергі келтірген адамдар қолданыстағы заңдарға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Кейбір азаматтар әскерге шақыру пункттеріне келмей жа­тады. Жалпы, олардың келмеуіне қандай дәлелді себептер бар?

– Еңбек ету қабілетінен айы­рылуы, науқастануы немесе жарақаттануы дәлелді себептерге жатады. Сонымен қатар басқа адамның көмегіне мұқтаж болса, толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұрмаған, Қазақстан Республикасының аумағында олармен бірге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе заң бойынша от­басы мүшелерін асырауға міндетті басқа да адамдар болмаған кезде ол да дәлелді себепке жатады. Азаматтың жеке өзінің келу мүмкіндігінен айырған табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар да қарастырылады. Алай­да, келмей қалу себептері құжат түрінде міндетті түрде расталуға тиіс.

Биылғы енгізілген жаңалықтың бірі әскерге шақырушыларды наркотестілеу. Жаңа үрдіс қандай қажеттіліктен туындады? Әскерге шақыруға дейін есірткі пайдаланған азамат әскери қызметке алына ма?

– Президенттің 2005 жылғы 29 қарашадағы Жарлығымен бекіген «2006-2014 жылдардағы нарко­мания және наркобизнеспен күрес стратегиясына», Қазақстан Респу­бликасы Үкіметінің 2012 жылғы 7 тамыздағы №620 қаулысымен бекітілген «Әскери-дәрігерлік са­раптама жүргізу қағидаларына», «2009-2011 жылдардағы Қазақстан Республикасындағы наркома­ния және наркобизнеспен күрес бағдарламасына» сәйкес әскерге шақыру жасындағы азаматтарды әскери қызметке жарамдылығын анықтау үшін медициналық тексе­руден өткізген кезде наркотестілеу жүргізіледі. Есірткі қолданатын шақырылушылар әскери қызметке алынбайды әрі олар емделуі тиіс.

Қазақстан Қарулы Күштері қалай жасақталуда? Келісімшарт бойынша қызметке алудың ережесі қандай?

– Негізінде, біздің қарулы күштеріміз аралас тәсілмен жасақталынады. Оның қажеттілігі мынадай жайттарға байланысты. Жыл сайын Қарулы Күштерімізге ғылым мен технологияның жаңа жетістіктері енгізілуде, қару-жарақ пен техниканың соны түрлері қабылдануда, ал оларды басқару мен қолдану үшін сарбаз-мамандарды даярлау ұзақ уақытты талап етеді. Осындай лауазымдарға келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді тағайындау тиімдірек. Себебі, келісімшартпен әскери қызмет атқару мерзімі үш жылдан кем емес және осы уақыт ішінде жақсы маман даярлауға болады. Ол құнды техника мен қару-жарақ түрлерін пайда­ланып, жауынгерлік кезекшілігін мүлтіксіз атқара алады, сонымен бірге оларға сапалы техникалық күтім жасай біледі. Осы себепті, Қарулы Күштерімізді белгілі бір бөлігін келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарушылармен – кәсіби мамандармен жасақтау аса қажет.

Қазіргі таңда әскери кафедра­ны бітірген жастар көп. Олардың дайындығын әскерге барған жауынгерлермен бірдей деуге бола ма?

– Алдымен, айтылған контингент әскери кафедрада екі жылдан кем емес уақыт оқиды. Кафедраны бітіргеннен кейін далалық жи­ындардан өтеді, өз біліктілігін іс жүзінде шыңдайды. Соңынан емти­хан тапсырады. Жалпы, жақсы жа­уынгер болу үшін сарбаз көптеген қасиеттерді бойына сіңіруі керек. Дене дайындығы, білім деңгейі, ал ең бастысы – өз Отанының нағыз патриоты болуы тиіс.

Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button