Басты ақпарат

Мұхтар Алтынбаев, армия генералы, Халық қаһарманы: Күшті елге қуатты әскер керек

Бұл сұхбат ҚР Қарулы күштерінің 30 жылдығына орай ­алынып еді. Сол екі ортада төбеден жай түскендей болған «қаңтар қасіреті» елді есеңгіретіп жіберді. Ес жидық, етек жаптық. Қаралы күн жариялап, аза тұттық. Бірақ әлі де жүрек сыздап, қан жылайды. Біз де бұл тақырыпты айналып өтуді әбес санап, ардагер ағаға қайта хабарласқан едік.

[smartslider3 slider=2062]

 

– Мұхтар Қапашұлы, ауыр сұрақ болса да қоюға тура келеді. Біз қандай сынақты бастан кешірдік, ел тәуелсіздігіне қауіп-қатер төндірген бұл қандай күш?

– Ең алдымен қаңтарда қаза тапқан адамдардың ет жақындары мен туыстарына көңіл айтып, қайғыларына ортақпын дегім келеді.

Бізге қарсы қарулы күрестің бұрын-соңды болмаған гибридті және өте зымиян тәсілін қолданған тәрізді. Бейбіт халықпен мидай араласып, олар жымысқы ойларын жоспарлы түрде жүзеге асырды. Әйелдер мен бала-шағаны қалқан қылып шабуылға шығатын фашистердің әдісі еске түседі мұндайда. Мемлекет басшысы бұған террорлық әрекет деп баға берді. Қазір құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр, қанды қырғынды ұйымдастыр­ғандар тиісті жазасын алады деп үміттенеміз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «бұған дейінгі жетістіктерімізден айырылып қал­мауымыз керек. Мемлекетімізді нығайтып, кез келген сынаққа дайын болуымыз қажет. Табысқа жету үшін, ең алдымен, ауызбіршілік керек екенін есте ұстайық» деді өз сөзінде.

Сондай-ақ ол Елбасының тарихи еңбегін ұмытпауға шақырып, «өткен заманды жоққа шығаратын, өз басшыларына шабуыл жасайтын халықтың болашағы екіталай әрі бұлыңғыр» екенін де атап өтті.

Ынтымақсыз ырыздық болған емес. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген сөз тағы бар. Олай болса өткеннен сабақ алып, ел іргесін бекіте түсудің қамын жасауымыз керек.

– Енді негізгі тақырыбымыз­ға оралсақ, еліміз тәуелсіздік жариялаған кезде сіз қайда және қандай әскери қызметте болдыңыз? Жалпы Қарулы күштеріміз қандай жағдайда құрылды және сол тұстағы хал-ахуал қандай еді?

– Қазақстан тәуелсіздік алған кезде мен Түрікменстанда генерал-майор шенінде Әуе қорғанысы күштері дивизиясының командирі болып қызмет атқаратынмын. Әрбір ер-азаматтың жүрегі туған жер деп соғады ғой. Мен де егемендікке ие болған еліме оралуға асықтым, өкінішке қарай, ол ойым бірден жүзеге асқан жоқ, біршама күтуге тура келді.

Бұл өзі сондай аумалы-­төкпелі кезең еді. Кеңес Одағы келмеске кетті, бұрынғы біртұтас қорғаныс кеңістігі бұзылды. Офицерлер мен прапорщиктер жаппай тарихи отандарына қоныс аударып, жекелеген бөлімшелердің басшысыз қалуы, жауынгерлердің әскерден қашу жағдайлары жиі орын ала бастады.

Тәуелсіз республиканың заңнамасына сәйкес, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткізілген келісімдер негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің төл Қарулы күштерімізді құру туралы Жарлығы дайындалып, онда еліміздің аумағында орналасқан бұрынғы Кеңес армиясы әскери бөлімдері мен олардың қару-жарағы, дүние-мүлкі түгел Қазақстан Республикасының құзыретіне берілетіні атап өтілді. Еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі болып Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант (кейін армия генералы, Халық қаһарманы) Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды.

Осынау тарихи Жарлыққа Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 1992 жылы 7 мамырда қол қойды, бүгінде бұл – бүкілхалықтық мереке – Отан қорғаушылар күні.

– Осы бағыттағы ең ал­ғашқы қадамдар қандай еді? Еліміздің тарихында бұрын-соңды тұрақты армия құру тәжірибесі мен оны реттейтін нормативтік құқықтық базаның болмағаны – өз алдына бөлек әңгіме.

– Қазақстан тәуелсіздік алған кезде Орта Азия әскери округіне қарасты ірі құрамалар мен әскери бөлімдер бізге Кеңес Одағынан мұра болып қалды. Бұл ең алдымен ұшу аппараттарын әлемнің кез келген нүктесіне жеткізуге қабілетті заманауи зымырандары бар екі дивизиядан тұратын стратегия­лық мақсаттағы күштер тобы еді. Бұдан басқа, құрамында стратегиялық бомбалаушы ұшақтарының дивизиясы, танк дивизиясы, әуе қорғанысы мен авиация корпусы бар қуатты 40-армия тұрды.

[smartslider3 slider=2078]

Сондай-ақ бізде орталыққа тікелей бағынатын: зымырандарды ерте анықтау дивизиясы, барлау бөлімшелері, көптеген әскери құрылыс бөлімдері, «Байқоңыр» ғарыш айлағына қызмет көрсететін авиациялық полк, әртүрлі сынақ орталықтары мен полигондар (Сарышаған, Ембі, Курчатов) және де басқа бірқатар әскери бөлімдер болды.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 19 қаңтар күнгі сөйлеген сөзінде, гео­саяси жағдайды және өңірлік деңгейдегі қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыруды талап етті

Мұның бәрі жаңадан пайда болған Қазақстан армиясының бір бөлігіне айналды. Сонымен қатар қару-жарақты, техниканы, әртүрлі қоймаларды, ең бастысы әскери мамандарды сақтап қалу қажет болды. Қарулы күштерімізді құру ел басына төнген экономикалық ­тауқыметтер мен ауыр қаржылық жағдайда жүзеге асырылғанын ұмытпауымыз керек.

Ұйымдастыру кезеңінің мерзімдері де қатаң белгіленді: үш ай ішінде КСРО-дан мұраға қалған әскери техника мен дүние-мүлік қабылданып алынды, әскерлерді тікелей басқару жүйесі құрылды және ТМД Қорғаныс министрліктерімен өзара бірлесіп іс-қимыл жасау жолға қойылды. Қазақстан Республикасының әскерлерін қаржылық, материалдық-техникалық және медициналық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері шешіле бастады.

Бірқатар заң актілерінің қабылдануы нәтижесінде мемлекеттің әскери саласын дамытудың нормативтік құқықтық базасы жасалды. Тұтастай алғанда, әскери басқарудың бүкіл жүйесі – мемлекеттік деңгейден бастап әскер деңгейіне дейін өзгеріске ұшырап, ол бүгіннің шындығына сәйкес келтірілді.

Сонымен қатар мемлекеттің қалыптасу кезеңіндегі әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруға бағытталған бірінші Әскери доктрина әзірленді. Мемлекеттің әскери ұйымын тиімді дамыту жолдарын іздестіру келесі төрт Әскери доктринада да көрініс тапты, олар Қарулы күштерді дамытудың теориялық және ұйымдастырушылық негіздерін белгіледі, соғыс пен бейбітшілік мәселелеріне және қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген негізгі көзқарастарды айқындады.

Сондай-ақ 2000 жылғы Әскери доктрина аясында Қарулы күштерді жалпы ішкі өнімнің 1 пайызынан кем емес көлемде кепілдендірілген бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру қағидасының алғаш рет бекітілгенін айту керек.

Қарулы күштердің құрылымы мен құрамы айқындалып, мемлекеттің әскери географиясы ықтимал қауіптер негізінде қайта қаралды. Осылайша өздерінің тиісті стратегиялық мақсаттары бар үш әскер түрінен – Құрлық әскерлерінен, Әуе қорғанысы күштерінен және Әскери-теңіз күштерінен тұратын Қарулы күштердің құрылымы бекітілді. Олардың құрамы мемлекетке төнуі мүмкін әскери қауіптерді ескере отырып оңтайландырылды және шешуге тиіс міндеттері нақтыланды.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты (кейіннен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) шеңберінде жүзеге асырылған коалиция­лық әскери құрылыстың негізі қаланды. Ол кеше қаңтарда Қазақстандағы жағдайға байланысты өзінің өміршеңдігін көрсетті.

ТМД мемлекеттері арасындағы тиімді шешімдердің бірі 1995 жылдың 10 ақпанындағы достастыққа қатысушы барлық мемлекеттердің мүддесін көздейтін біріккен әуе қорғанысы жүйесін құру туралы шешім болатын. Біріккен әуе қорғанысы жүйесінің мақсаты – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әуе шекараларын қорғау, әуе кеңістігін пайдалануды бақылау, аэроғарыштық шабуыл қаупі мен оның басталуын алдын ала ескерту, ұйымға мүше мемлекеттердің аса маңызды нысандарын әуе шабуылдарынан қорғау.

Қазақстан ТМД елдерімен қатар НАТО-мен, сондай-ақ АҚШ, Қытай Халық Республикасы, Түркия, Германия және басқа да мемлекеттермен әскери және әскери-техникалық ынтымақ­тас­тық орната бастады.

– Қазақстанның әскери қызметшілері де осы тұста халықаралық деңгейдегі бірлескен жаттығуларға қатысып, тәжірибе жинақтай бастады ғой.

– Дұрыс айтасың. 1997 жылдың қыркүйегінде тұңғыш рет халықаралық «Ортазбат» жаттығуы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында өткізілді. Оған, аты айтып тұрғандай, Орталық Азия елдерімен қатар Ресей, АҚШ, Түркия, Әзербайжан сияқты мемлекеттердің әскери қызметшілері қатысты. Біздің десантшы-жауынгерлер АҚШ-тың Форт-Брэгг әскери-теңіз базасынан америкалық әріптестерімен бірге ұшып шығып, еш жерге қонбай, ұшақты әуеде «жемдеп», жиырма сағат дегенде көктен түсе сала бірден «ұрысқа» кірісті. «Ортазбаттың» шешуші кезеңіне аймақтағы мемлекет басшылары түгел қатысып, олар жаттығуға жоғары баға берді.

Осыдан кейін ҰҚШҰ, ШЫҰ, НАТО ұйымдары шеңберінде «Жауынгерлік достастық», «Дала қыраны», «Бейбітшілік миссиясы» және тағы басқа халықаралық жаттығулар тұрақты түрде өткізіле бастады. Біздің офицерлер мен жауынгерлеріміз үшін мұндай машықтану мен тәжірибе алмасудың маңызы зор.

– Білікті мамандар даярлау мәселесі қалай шешілді? Кеңес Одағы кезінде елімізде тек жалғыз оқу орны – Алматы жоғары әскери училищесі болғаны белгілі.

– Бірінші кезекте бұрынғы оқу орындарын заман талабына сай қайта құру және жетілдіру қолға алынды. 1996 жылғы 1 шілдеде кіші командирлер – кәсіби сержанттарды да­йындайтын бірегей әскери оқу орны – кадет корпусы құрылды. Кәсіби әскер құру бағытында жасалған осы қадамның дер кезінде қабылданған шешім екендігін уақыт дәлелдеді. Қазір кадет корпусының түлектері Қарулы күштердің барлық түрлері мен буындарында қызмет атқарады және өздерінің кәсіби біліктіліктерін байқатып келеді.

Қазақстандық әскери қызметшілерді шетелдік әскери оқу орындарда даярлау мәселелері қайта қаралып, оларды біздің елімізде оқыту мүмкін емес жағдайда, тек өте тапшы мамандықтар бойынша ғана сыртқа білім алуға жіберу туралы шешім қабылданды. Босатылған қаражатты Қазақстандағы әскери оқу орындарын дамытуға жұмсау анағұрлым тиімдірек болды.

Қазір Құрлық әскерлерінің әскери институты, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Ұлттық қорғаныс университеті жемісті еңбек етуде.

Жалпы Қазақстан армиясын реформалау барысында әскери білім беру мен әскери кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, ұлттық әскери-ғылыми базаны құру және дамыту мәселелері басым бағыттар ретінде қарас­тырылды.

Алдыңғы қатарлы мемлекеттер армияларының соғыс қаруын жасаудағы даму үрдістерін және ХХ ғасырдың басындағы әскери қақтығыстар тәжірибесін ескере отырып, келісілген мемлекеттік әскери-техникалық саясат әзірленді. Бұл өз кезегінде Қазақстан армиясын сапалы қару-жарақпен және әскери техникамен қайта жарақтандырудың негізгі элементіне айналды. Осы істің қарқынды дамуына ел астанасында ұйым­дастыру дәстүрге айналған «KADEX» (Kazakhstan Defence Expo) халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі жаңа серпін берді.

Еліміздің жоғарғы басшылығының қамқорлығы мен мемлекеттік қолдауының нәтижесінде Қазақстанның Қарулы күштерінің қазіргі келбеті қалыптасты.

Бүгінде осы бағыттағы тарихи сабақтастық Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-­Жомарт Кемелұлы Тоқаев­тың жіті назарының арқасында әрі қарай жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы 2022 жылғы 19 қаңтар күнгі сөйлеген сөзінде, геосаяси жағдайды және өңірлік деңгейдегі қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыруды талап етті. Президент сондай-ақ әскери-көліктік авиация паркін толықтыру қажеттігін айтты. 2022 жылға арналған қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу жоспарын қайта қарауды және Қарулы күштердің кадрлық әлеуетін күшейту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Президент Жарлығымен құрылған арнаулы операция­лар жөніндегі күштерге аса маңызды миссия жүктеліп отыр. Жақында оның қолбасшысы болып тәжірибелі маман таға­йындалды.

Біздер, Қарулы күштердің ардагерлері, өзімізді әр­дайым әскери сапта деп есептейміз. Қорғаныс министрлігінің алдында тұрған жоғарыдағы міндеттерді жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға әзір екендігімізді айтқым келеді.

 Сұхбаттасқан Әбубәкір СМАЙЫЛОВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button