Басты ақпарат

Мүлгімейтін мүйіс

«Астана ақшамының» тілшісі Гүлмира Аймағанбет Ішкі істер департаментіне қарасты Жедел басқару орталығының жұмысымен танысып қайтты

 

Немісте нең бар еді?

Уақыт 16:00. Жедел басқару орталығы. Кең залдың қақ төрінде орналасқан көлемі үлкен бірнеше монитор 96 аумақты бір мезетте көруге мүмкіндік береді. Барлық «қызық» осында сияқты. Себебі, қаланың әрбір нүктесінде болып жатқан тыныс-тіршілік полиция қызметкерлерінің көз алдында. Көшеде, қиылыста, аулада, аялдама, алаңда, барлық қоғамдық орындарда кім, қайда кетіп бара жатыр – бейнебақылауда.

Бейнебақылау демекші, осыдан бірнеше жыл бұрынғы оқиға есіме түсті. Дәлірек айтсам, 2008 жылы Ас­та­наға фильм түсіруге неміс жур­на­лисі келген. Түнгі клубтың бі­рі­нен шыққан ол таксиге мініп, со­ңын­да есін ауруханада бір-ақ жиған. Бұзақы­лар оны тонап, өзін тас жол­дың бойына лақтырып кеткен еді. Атал­мыш оқиғаға байла­нысты құқық қорғау органдары тік тұрды. Жалғыз айғақ – көліктің маркасы «Мерседес» . Сонымен, сол күн­гі барлық бейнебақылау жазба­лары мұқият қаралады. Оқиға орны­ мен тоналған уақыты негізінде кө­ше­дегі «Мерсе­дестердің» бәрі тек­се­­ріледі. Нәтижесінде, дәл осы каме­­раның көмегімен күдіктілер көп ұза­май қолға түседі. Жедел бас­қа­ру орта­лы­ғының инспекторы, поли­­ция капитаны Бауыржан Той­лан­баевтың айтуынша, Астанада мұндай каме­ралардың жалпы саны – 652. Алматы ауданында – 255, Сарыарқа ауданында – 228 және Есіл ауданында – 166 бейне­бақылау жұмыс істейді.

«102» пульті

Жедел басқару орталығы 1999 жыл­дың желтоқсан айында құры­лып­ты. Бірнеше міндетті қатар ат­қарады. Орталықтың оң жақ қап­­та­лында орналасқан топ «102» желісі арқылы келіп түс­кен қоңы­рау­ларды тіркейді. Бар-жоғы алты адам халықтан келіп түс­кен ақпа­раттарды қабылдап, тіркеп, өңдеп, бір мезгілде тиісті орындарға таратады.

Полицияның «102» желісі толы­ғымен автоматтандырылған екен. Қо­ңырау келіп түскен кезде опе­ратордың компьютерінде хабар­лаушы адамның телефон нөмірі көрінеді. Дыбыс автоматты түрде аудиожазбаға жазылып, қа­жет болған жағдайда дауысты тең­дестіру үшін пайдалануға болады. Әсі­ресе, жарылғыш заттар туралы жалған ақпарат келіп түскенде жиі қолданылады.

«102» арнасы арқылы халықтан қоңырау қабылдап отырған Сәния Ақоразова, Марал Бейбітова, Ай­гүл Нұрмағамбетовамен тілдесу мүм­кін емес. Өйткені, телефон тұт­қасына дамыл жоқ. «Мирзоян кө­шесінде құдықтың қақпағы ашық жатыр», «Аялдамада белгісіз бі­реу талып қалды», «Бөгенбай кө­ше­сінде көлік жүргізуші жаяу жүр­гіншіні қағып кете жаздады», « М-1 көпірінде көлік апаты болды», «Шапағат» базарында сөмке жо­­ғалды»… Бірнеше минуттың ішін­­де түрлі оқиғалар тіркелуде. Ақ­парат қабылдаған бойда желі қыз­­мет­керлері болған оқиғаны тиіс­­ті орындарға хабарлауда. Ал, өзде­­рінің құзіретіне жатпайтын мәсе­лелерді қала әкімдігіне қарасты бас­қар­маларға жолдайды екен.

Қызметкерлердің айтуынша, биыл­ғы бірінші жарты жылдықта «102» пультіне 266 666 қоңырау ке­ліп түсіпті. Оның ішінде қылмыс жасал­ғаны туралы – 16 857, құқық бұзу­шылық жөнінде – 66 051, түрлі оқи­ғаға қатысты – 30162, ақпарат алу мақ­сатында –153 596 рет телефон соққан.

Біз куә болған бір күн ішінде «102» желісі 1451 қоңырау қабыл­дады. Оның 98-і қылмыс туралы ақпарат. 378 құқық бұзушылық ту­ра­лы хабарлап, 798 рет анықтама алу мақ­сатында телефон шалған.

Осы кезде Алматы ауданында бол­­ған ұрлыққа қатысты ақпарат ке­­ліп түс­ті. Бір қыздың сөмкесінен «iPhone» мар­калы смартфон қол­ды болған. Бір қы­зығы, келесі қатарда отырған Алматы ауданы­ның бейне­бақылау операторла­ры дәл оқиға бол­ған маңайды бірден мони­торға шы­ғара қойды. Қызмет­кер­лер­дің бірі кү­дік­тінің киген киімі жө­нінде хабар­лап жатса, екін­шісі жақын маң­да­ғы полиция бөлімшесімен байла­ныс жасауда. Аумақты сырттай бақы­лауға алған операторлар күдік­ті көрінген екі адамды тексеру керек­тігін айтып, жөн сілтеп үлгерді.

Осы кезде кезекші инспектор, поли­ция лейтенанты Ақтолқын Аумақ­пен әңгі­мелесудің сәті түсті. Ол бей­не­бақылауға түсірген екі күн бұрын бол­ған оқиғаның жазбасын көр­сетті.

Жазбаға үңілсем, «Шапағат» базары маңы. Көше қиылысында екі-үш жігіт әңгі­мелесіп тұр. Бағдаршам жан­ғаннан кейін жолды кесіп өткен олар тасалау жерге барды. Талдың көлең­кесінде әңгімелесуде. Кенет төбелес басталып кетті. Әлгі үш жігіт жабылып, төртіншісін сабап жатыр. Жолшыбай өтіп бара жат­қан әйелдер араша түскісі келіп ай­қай­­лауда. Бұзақылар қояр емес. Олар әбден таяқ жеген жігіттің қал­­та­сынан әмияны мен телефонын тар­тып алды. Сол сәтте жедел жеткен полиция қызметкерлері бәрін ұстап әкетті. Бар болғаны бірнеше минуттық оқиға.

«Талдың көлеңкесінде әңгіме­лесіп тұрған жігіттердің пейілі дұ­рыс емес екенін бірден білдім. Өйт­кені, үшеуі жабылып, біреуін көн­діре алмай жатқаны түрлерінен байқалды. Төбелес басталмай жа­тып-ақ, тез арада инспекторларға ха­бар­ластым» дейді ол.

Қаңғыбас қайда барады?

Сарыарқа ауданын бақылайтын операторлар екі бірдей адамды ны­санға алуда. Оның бірі – көше бойын жағалап келе жатқан ер кісі, ал екіншісі – халықтың тілімен айтқанда, «бомж».

Расында, камераға үңілсек, көше­де ақ куртка киген адам бір түрлі кө­рінді. Әр жерге бір тоқтайды. Ар­­тына қарайды. Кейде қозғалмай, бір орнында қатып қалады. Көшеде жол­шыбай өтіп ба­ра жат­қандарға оды­раяды. Бағ­дар­шамға келді. Жа­сыл жанса да, жүрер емес. Бағ­дар­шамға бір, артына бір қарап қоя­ды. Киген киімі таза. Бақылау опе­рато­ры Маржан Мәжитова он ми­нут­тай бақы­лауға алды. Содан кейін полиция қызметкерлерінен құ­жаты бар-жоғын тексеруді сұрады.

Алба-жұлба киінген екінші адам Рес­публика даңғылымен қиса­лаң­дап келеді. Аяғын әзер басуда. Үш көшенің қиылысынан өткеннен кейін, Молдағұлова көшесіне бұ­рыл­ды. Бұқпантайлап жүріп, дү­кен­ге қарама-қарсы орна­ласқан үй­­дің жертөлесіне кіріп кетті. Оператор жақын маңда орна­лас­қан полиция бөлімшесіне әлгі «бомж­дың» мас екенін, бір­деңе бүлдіруі ықтимал екенін айтып, үйдің мекен-жайын хабарлады.

Бейнебақылау тек көше қиылыс­тарын ғана түсіреді деп ойлай­тын­мын. Қателескен екенмін. Опе­ра­тор бір адамды нысанға алса, оның қай жерге дейін барға­нын тоқ­таусыз бақылап отырады. Өйт­ке­ні, көшеде орналасқан камера­лар әр тарапқа бұрылу арқы­лы қол­мен бас­қарылады екен. Мәсе­­лен, әлгі қаңғыбастың қайдан шыққа­нын, қай көшелерден өтке­нін, қай қиы­лыста тоқтағанын, тіпті, қай үй­дің жертөлесіне дейін кірге­нін көрсе­тіп берді. Яғни, әр аумақ­тың камераларын қолмен басқару арқылы нысанға алған адамды іздеу, табу аса қиын емес. Тек – қырағы көз болса болғаны.

Ұры ұзамады

Кенет бейнебақылау операторы Ақнұр Нұрекешова «Бейбарыс» аялдамасында болған жағдай туралы шұғыл хабарлап жатты. «Бар­лығының назарына! «Артем» ба­за­­ры. Қара бас киімі бар, қара курт­­ка, көк джин­сы, аяғына ақ-қа­ра түсті спорт­тық аяқ киім киген орта жас­­тағы ұры. Дәл қазір жаяу жүр­­­гін­шілер жолымен өтіп барады. Міне, қарсы беттегі «Жасыбай» аялдамасына жақындады. «Тұл­пар» сау­да орта­лығына қарай аяң­дап ба­рады. Ұстаңыздар…»

Міне, ең жақын маңайда жүрген жол полициясының қызметкері оны қолға түсірді. Одан әрі күдікті полиция бөлімшесіне жеткізіледі екен.

–Біз көбіне халық көп шоғыр­ланған жерлерді, аялдамаларды ба­қылауға аламыз. Өзіңіз байқа­ған­дай, жаңағы жігіт автобус күтіп тұр­ған­дай болды. Елмен бірге жан­­таласа мінуге ыңғайланды, сол сәт­те өзінің алдында тұрған қыз­дың сөм­кесіне қол салды. Камераны жа­қын алып қарағанда, әмиян екенін көр­­дім. Әлгі қыз ештеңе сезбес­тен мініп кетті, ал ұры бағытын өзгерт­пек болды. Бірақ ұзаққа бармады, – дейді Ақнұр Нұрекешова. Қырағы қыз бұл саланың кәдімгі маманы болған. Бірнеше жылдың ішінде көп­теген оқиғаның ашылуына сеп­тігін тигізгенін мақтан етеді.

Жүргізушілерді «жүгендеу» қиын емес

Мекеменің сол жақ қапталында жол полициясының қызметкерлері жай­ғасқан. Олардың жұмысы қауырт. Камера арқылы телефонмен сөй­лескен, қауіпсіздік белдігін тақ­па­ған, жол ережесін бұзған жүр­­гі­зу­ші­лерді шетінен «қырып» жа­­тыр. Көліктің нөмірін, түрін-тү­сін анық­тап, әкімшілік хаттама тол­­ты­руда. Осы жерден сотқа да жол­­­дай алады екен. Басты дәлел – бей­­не­ба­қы­лау. Ал жүргізушілер болса, мұ­ның бәрі­нен бей­хабар. Әсі­­ре­се, жол ере­жесін бұзған кө­лік­ті құрық­тау аса қиын емес көрінеді. Бей­не­ба­қы­лау арқылы қай бағытта ке­тіп бара жат­қа­нын анық­тап, жүр­гізу­шіні алды­нан күтіп алу олардың міндеті.

Мұнда «Орталық – 50» және «Ор­­талық –51» қызметкерлері тек жол ба­ғытын реттеумен айналысады.
Уақыт жетіге таяды. Кептеліс уақыты. Бақылау операторының бірі Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында жол қозғалысын реттеп тұрған жол сақшысына көмектесуде. Біресе оң жақ қапталды өткізуді айтса, араға кішкене уақыт салып қарсы бетті жіберу керектігін ескертуде. Тұрғындар көбіне кептеліске жол сақшыларының өзін кінәлайды. Бұл – қате. Өйткені, көшенің дәл төбе­сінен бақылап тұрған бізге де кө­лік нөпірі қайда көп, қайда аз еке­ні анық көрініп тұр.

Арнаулы кабинетте отыр­ған ке­лесі топ мәртебелі меймандар­дың, Үкімет басшылары мен ми­нистр­лердің, маңызды қызмет атқа­ратын азаматтардың жол бағытын бақы­лауда ұстайды. Ондағы қыз­мет­кер­лер­мен де тілдесу мүмкін болмады.

Жалпы, Астана көшелері мен қо­ғам­дық орындарында 575 камера бол­са, оның 395-і көше қиы­лыста­рын­да орналасқан. 119 бейнебақы­­лау қоғамдық орындардағы ұсақ құ­қық бұзушылықты анықтайды (ше­міш­ке ша­ғу, қоқыс тастау, абаттан­дыру ережесін бұзу). 61 камера аула тыныштығын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, 77 камера ішкі істер органдарының аумағына қойылған.

Халық саны көбейген сайын бей­­не­бақылау камераларының қа­жет­тілігі артып келеді. Жедел бас­қару орталығындағы барлық жазбалар бір ай мерзімге дейін сақталады. Қылмыстық оқиғалар мен құқық бұзушылықты айғақтай­тын жазбалар ғана дерекқорға жолданады. Сонымен қатар, бұл жазбаларды сот төрешілері, қорғаушылар, тер­геушілер де пайдаланады екен.

Қалада «РВН-2013» бағдарлама­сына сәйкес, алдағы уақытта «Интегра» жүйесімен жабдықталған 49 камера орнату жоспарланған.

– Соңғы алты айдың ішінде орта­лық қызметкерлері камераның көме­гімен 159 қылмысты анықтады. 14 223 әкімшілік құқықбұзушылық тір­келді. Әкімшілік құқық­бұзушы­лық кодекстің бір ғана 387-бабы бойынша 265 оқиға орын алды. Жалпы, бейнебақылау орнатылған жерлерде қылмыстық оқиғалар аз кездеседі, – дейді полиция капитаны Бауыржан Тойланбаев.

Сонымен, кетуге ыңғайланғанда монитордың бірінен «Бәйтерек» монументі алаңын көзім шалды. Нысанға кіріп-шыққан адамдар анық көрінді. Осы сәтті бақылап отырған операторға камераны «Нұрсая» тұрғын үй кешеніне бұ­руын өтіндім. Менің өтінішім бойынша, газет редакциясын ірі планға алды. Ғимараттың кіреберісінде тұрған Асхат әріптесімді көріп, ішім жылып қалды. Бұл да біздің қауіпсіздігіміз.

Психологтардың пікірінше, бү­гінде кейбір тұрғындар «Мұнда ка­мера бар ма, әлде жоқ па?» деп жан-жағына қарауды әдетке айнал­дыр­ған. Егер бейнебақылау жоқ бол­са, жүргізушілер жылдамдығын асы­руға дайын. Жаяу жүргіншілер бел­гі­ленбеген жолды кесіп өткісі ке­леді. Алаяқтар үптеп кетуге ың­ғай­ланса, бұзақылар тонауды ұмытпайды.

Алайда, төбедегі камерадан бұ­рын бәрін көріп тұрған бір Алланың бар екендігін ұмытпаған жөн сияқты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button