Қала мен Сала

МҮЛІКТІ ЗАҢДАСТЫРУ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Былтыр күзде мүлікті заңдас­тыруға қатысты заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін заңдастыру науқаны жаңа қарқын алды. Мәселен, өткен жылдың 1 желтоқсанынан кейін бес ай ішінде 794 млрд теңге жария етілген. Бұл науқан бастау алғалы жария болған жалпы соманың үштен екі бөлігін құрайды. Бұлай деп сейсенбі күні селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, мүлікті заңдастырудың мүмкіндіктерін осы күндерге дейін 86 мыңға жуық азамат пайдаланған. Соның нәтижесінде науқан барысында еліміз бойынша 1,4 трлн теңгенің мүлкін заңдастыруға өтініш берілген. Оның 1,2 трлн теңгеге жақыны жария етілді.
ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің мәлімдеуінше, мүлікті заңдастыру науқанына 30 банк пен «Қазпошта» АҚ қатысып отыр. Науқан басталғалы банктерде 910 есепшот ашылып, оларға 590,3 млрд теңге салынды. Соның ішінде арнайы есепшоттағы қаржының 83 пайызы ағымдағы жылдың төрт айында жария етілді. Бұл көрсеткіш те заңдастыру науқанының серпін алғанын айғақтайды.
Астана қаласына келсек, елордада ағымдағы жылдың сәуір айының аяғына дейін 26 350 987 теңгенің 5740 нысаны және 130 325 445 теңге мөлшеріндегі қаржы заңдастырылды.
Астананың жергілікті атқарушы органдарындағы комиссияларға ел аумағында орналасқан мүлікті заңдастыру бойынша 6276 өтініш келіп түскен. Олардың арасында тұрғын, тұрғын емес және коммерциялық 5740 нысанды заңдастыру мақұлданды.
Сонымен қатар, Астана қаласының мемлекеттік кірістер департаменті органдарына ел аумағынан тыс орналасқан 57 608 мың теңгелік төрт және құны 1 012 432 мың теңгелік 11 нысан бойынша алты арнайы декларация тапсырылған. Мемлекеттен тыс жердегі құны 6243 мың теңгелік заңды тұлғалар қатысатын екі үлесі заңдастырылды.
Сондай-ақ, қалалық мемлекеттік кірістер органдарына жалпы сомасы 130 325 445 мың теңгені құрайтын ақшаны заңдастыру бойынша 72 өтініш келіп түсіп, 8110 мың теңгеге тартатын құнды қағаздар заңдастырылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button