Жаңалықтар

Мүлікті заңдастыруға мүдделілер көп

Әлемдік экономикада капиталды «көлеңкеден» шығару аса өзекті мәселе болып табылады. Осы мақсатпен көптеген елдерде мүлікті жария ету шаралары жүргізіледі. Елімізде үшінші рет өткізіліп отырған аталмыш шараның елордадағы барысын Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хатшысы Айнара ЖҮГІНІСОВАДАН білген едік. 

Елордада мүлікті жария ету шарасы қалай өткізіліп жатыр? Заңдастыру науқанындағы астаналықтардың белсенділігі қандай?

− Астана тұрғындары мүлікті жария етуде айтарлықтай белсенді. 2015 жылдың 27 сәуіріндегі көрсеткіш бойын­ша азаматтардың 1978 өтініші қана­ғат­тандырылды. Заңдастырылған мүлік құны – 8 миллиард 699 мың 676  теңге.

Бүгінге дейін жергілікті атқару органдарына ел аумағындағы және Қазақстан азаматтарының шет мемле­кеттердегі мүлкін заңдастыруға қанша өтініш түсті?

− Ағымдағы жылдың 27 сәуіріне дейін ел аумағындағы тұрған мүлікті заңдастыруға жергілікті атқару органдарына құны  33 129 712  теңгенің 2 539 тұрғын үй нысаны, құны 16 392 025 теңге болатын
2 833 тұрғын үй емес нысан, сонымен қатар 12 282 668 теңгенің 317 ком­мерциялық нысаны заңдастырылды. Сондай-ақ, 5 заңды тұлғаның 457 949 теңгелік үлесі де жария етілді. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасынан бөлек шет мемлекеттердегі мүліктерді жария етуге бір де бір өтініш түспеді.

Мүлікті жариялағаннан кейін құқық қорғау, салық және басқа да органдармен арада мәселелер туындамай ма? Мүлкін жария еткендердің үстінен қылмыстық және әкімшілік істердің қозғалмауына қандай кепілдік бар?

− «Қазақстан Республикасы азаматтарына, оралмандарға және Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олар­дың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заңның 13-бабында мұның барлығы қарастырылған. Заңда жария етуді жүргізу барысында алынған мәліметтер негізінде нақты бір субъектіге жария етілген мүліктің шегінде қылмыстық қудалау, әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тарту шаралары қолданылмайтынына кепілдік берілген. Сондықтан, мүлікті жария етуден қорқудың қажеті жоқ.

Мүлікті заңдастыру жөніндегі құжаттарды қабылдау әлі де жалғасуда. Жалпы, заңдастыру үшін құжаттар қабылдау ағымдағы жылдың қараша айына дейін жүргізіледі.

Гүлнәр ЖҰПАРБЕК

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button