Жаңалықтар

МҮЛКІҢІЗДІ ЗАҢДАСТЫРЫП АЛДЫҢЫЗ БА?

Рақымшылық акциясының аяқталуына 151 күн қалды

0012

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасына сәйкес қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүргізіліп жатқан мүлікті заңдастыру акциясының аяқталуына 151 күн қалды. Осымен үшінші рет өткізіліп отырған мұндай рақымшылық науқаны алдағы уақытта бола ма, болмай ма, ол жағы әлі белгісіз. Сол себепті ел азаматтары осы науқанды заңдық тұрғыда барынша пайдаланып қалуға тырысып жатыр. 

Астана қалалық Қаржы басқармасының басшысы Руслан Досаевтың айтуынша, елорда тұрғындары да бұл шараға өте белсенді түрде қатысып жатыр. 29 шілдедегі дерек бойынша, жергілікті атқарушы органдар жанындағы мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссияға жалпы сомасы 94,2 млрд теңгеге бағаланатын барлығы 7 310 өтініш келіп түскен.
– Арнайы комиссияның шешімімен тұрғын жайлар мен коммерциялық нысандарды қосқанда, жалпы сомасы 57,4 млрд теңгені құрайтын 9 219 нысанға қатысты өтініш қаралған. Бұл өтініштердің 3 093-і қанағаттандырылып, тұрғын жайлар мен коммерциялық нысандарды қосқанда, барлығы 32,2 млрд теңгенің 6 771 нысаны заңдастырылды. Бұлардың 3 499-ы тұрғын жайлар болса, қалған 3267-сі – коммерциялық немесе басқа да мақсаттағы нысан. Осылардың ішінде 5 заңды тұлғаның қатысу үлесі 457, 9 млн теңгені құрады, – дейді Руслан Досаев.
Келіп түскен өтініштердің басым бөлігі әдеттегідей Алматы ауданының тұрғындарына тиесілі болып отыр. Мүлікті жария ету науқаны басталғалы бері осы ауданда жалпы сомасы 52,9 млрд теңгені құрайтын 3 459 өтініш келіп түскен. Ал Есіл ауданының әкімдігіне 26,9 млрд теңгенің 1 201 өтініші жолданса, Сарыарқа аудандық комиссиясы да 15,7 млрд теңгенің 2 677 өтінішін қарап үлгерген.
Сондай-ақ, мүлікті заңдастыру науқаны бастау алғалы бері қаржыны жария ету бойынша 348, 7 млн теңгеге 239 арнайы декларация тапсырылған. Тағы 8 млн 110 мың теңгенің құнды қағаздары жария етілді. Қабылданған декларация-лар бойынша келіп түскен қаржылар екінші деңгейлі банктерде ашылған ағымдық есепшоттарға аударылып, заңдастырылып жатыр.
Қаржы министрлігі жіберген сандарға сүйенсек, жалпы еліміз бойынша, мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссияларға құны 2,2 трлн теңге болатын 99 426 өтініш келіп түсіпті. Бүгінге дейін бұл өтініштердің 92 мыңнан астамы қанағаттандырылып, барлығы 2 трлн теңгеге жуық қаржы заңдастырылған.
29 шілдеге дейінгі есеп бойынша, ел аумағында жалпы құны барлығы 92 мыңнан астам жылжымайтын мүлік анықталып, заңды жолмен тіркеуге алынды. Ақша, бағалы қағаз – барлығын қосқанда, 1 248,3 млрд теңге қаржы заңдастырылды. Оның 744,7 млр теңгесі – қолма-қол ақша және құнды қағаздар. Қалғаны – мүлік есебінен.
Салық органдарына Қазақстаннан тыс жерлерден де жалпы сомасы 5 млрд теңгені құрайтын 104 нысан бойынша өтініш келіп түсіпті. Оның 89-ы – тұрғын үй, алтауы – тұрғын үй санатына жатпайтын нысан. Қалған төртеуі – коммерциялық нысан. Тағы 2 852,2 млн теңгенің бағалы қағазы ресми тіркеуге алынған. Екінші деңгейлі банктерге барлығы 2 265 жинақ шот ашылып, жалпы сомасы 1 319 200 млн теңге көлемінде қаржы аударылған. Бұл соманың 219,5 млрд теңгесі шетелден келіп құйылған.
Жалпы мұндай акция елімізде осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Оның алғашқысы 2001 жылдың 14 шілде мен 14 тамыз аралығында жүргізілген болатын. Бір реттік заңдастыру науқаны ретінде өткізілген бұл шараға 3 мыңға жуық адам өтініш беріп, барлығы 480 млн доллар көлеміндегі қаражат заңдастырылды. 2006-2007 жылдары аралығында екінші рет өткізілген заңдастыруда тек ақша ғана емес, сонымен қатар жылжымайтын және жылжымалы мүліктерге де мүмкіндік берілді. Науқан бір жылдан астам уақытқа созылып, жалпы көлемі 844,7 млрд теңгенің мүлкі заңдастырылған болатын.
Құйылып жатқан бұл қаржының әрине, ең алдымен, ел экономикасына елеулі үлес қосып жатқаны даусыз. Тек қаржы ғана емес, жарыққа шығарылып, заңды түрде тіркеуге алынып жатқан жылжымайтын мүліктер туралы да осылай деуге болады. Кезінде бей-берекет жекешелендіру немесе басқа да себептермен жекенің қолына өтіп кетіп, артынша еш жерде тіркеуге алынбай қаңырап бос қалған кейбір нысандар қайтадан халық игілігіне жұмыс істей бастады. Нысандарын азық-түлік, киім-кешек немесе басқа да өндіріс ошақтарына айналдырып, еліне пайда әкеліп, ауылдастарын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлер де аз емес. Әсіресе, бұл науқанның шарапаты ауылды жерлердегі ағайынға өте қатты тиіп отыр. Кезінде түрлі себептермен жеке бизнес нысандары мен баспаналарын, тағы басқа мүліктерін тіркете алмай қалған тұрғындар оп-оңай жолмен құжаттарын рәсімдеп алып жатыр.
Сонымен қатар, рақымшылық аясын­дағы жария ету субъектілері үшін бірқатар кепілдіктер болып отырғанын айта кету керек. Яғни, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар, банктер мен өзге ұйымдар қызметкерлері тарапынан тексерулер мен тергеулер жүргізілмейді. Екіншіден, барлық ақпараттар құпия сақталады. Кез келген көлемдегі ақша немесе мүлікті рәсімдеу барысында алынған ақпараттарды қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жария етуге жол берілмейді. Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер органдарына да өтініш берген азамат туралы мәліметтер мен ақпараттарды ұсынуға тыйым салынады. Бұдан бөлек, заңнамаға сәйкес жария етілген ақша туралы ақпаратты тек Бас прокурордың немесе оның орын­басарларының санкциясымен ғана құқық қорғау органдарына беру нормасы енгізіліп отыр. Сосын жария етілген мүлікті тәркілеуге тыйым салынатын нормалар да бар. Жария етілген ақшаны кейбір компанияларға инвестиция ретінде құюға да мүмкіндік бар. Бірақ одан бір тиын да алымдар алынбайды
Қысқасы, көлеңкелі жолмен табыс тауып не болмаса кезінде пайдасын көргенімен заңдық жолмен тіркете алмай жүрген жандарға қылмыстық жауапкершіліктен құтылып, тыныш ұйықтауға мүмкіндік беріп отыр.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button