ӘлеуметБасты ақпарат

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі неге назардан тыс қалып отыр?

Осы аптадағы Үкімет отырысында қаладағы нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігі туралы мәселе қаралды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сынынан кейін Астанада не өзгергенін қала әкімінен сұрады. Әсет Исекешевтің айтуынша, елордадағы нысандардың дені осы жылдың соңына дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді болады.

kolyaska

Бүгінгі таңда Астанада 20945 мүмкіндігі шектеу­лі азамат тұрып жатыр. Оның 2206 адамы – бірінші, ал ­7828 адам – екінші топтағылар. Сондай-ақ, елордада үшінші топтағы 7054 жан мекен етсе, 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалардың саны 3857 адамды құрап отыр. Өкінішке қарай, елордада тұрып жатқан мүмкіндігі шектеулі азаматтың барлығының мүддесі толық шешіліп отырған жоқ. Мәселен, мемлекеттік мекемеден бастап жекеменшік нысандарға дейін пандус мәселесі шешімін таппай отыр.

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында бұл мәселені оңды шешпеу шет­елдік қонақтардың алдында бізді ұятқа қалдырады. Сондықтан да пандус проблемасы Президенттің пәрменінен кейін жіті назарға алына бастады.
– Біз барлық қауымдас­тық­тармен, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың барлық тобы – арбаға та­ңыл­ғандармен, зағиптар мен құлағының мүкісі бар­лармен бірлескен штаб құрдық. Қазір іс-әрекет жоспарымызды толықтырып жатырмыз. Тұтас­тай алғанда, Астанада соңғы төрт жыл ішінде қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етіп келген 56 пайыз нысан паспортталды, – деді Әсет Исекешев. Оның айтуынша, жоспар ауруханалар, мәдени, спорт нысандары, жаяу жүргіншілерге арналған өтпежолдар, дүкендер, коммерция­лық кәсіпорындар секілді барлық қалалық нысандарды қарастырады.

kbb_5370
– Біз құзырға ие Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департаментімен бірге арнайы жоспар әзірлеп, оны жүзеге асыруға кірістік, қазір қаланың көптеген аудандарында қолжетімді, кедергісіз орта жасау жұмыстары қолға алынуда. Әрине, мәселені аз ғана уақыттың ішінде шешу мүмкін емес, бірақ біз бір жыл ішінде нысандардың басым бөлігін қажетті инфра­құрылыммен қамтамасыз етуді алдымызға міндет етіп қойып отырмыз. Кедергісіз ортадан басқа да бағыттар бар. Ол – мүгедектерді жұмысқа орналас­тыру, саябақтарда спортпен шұғылданатын арнайы орындар жасау және тағы да басқа мәселелер, – деді әкім.
Бүгінде Астанада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 19 арнайы «Инватакси» көліктері қызмет көрсетеді. Бұл көмек түріне бүгінге дейін 457 адам жүгінген, оның 147-сі – балалар. Алайда бұл деген сөз, Астанада мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруында ешқандай мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Мұны біз қалалық мәслихат депутаттарының қаладағы нысандарды аралаған кезінде көз жеткіздік.

????????????????????????????????????

Мәселен, «Астана» концерт залына кіретін пандустар талап­қа сай салынғанымен, кейбір қателіктер бар болып шықты. Айталық, ғимаратқа кіреберіске қоңырау белгісі орнатылмаған. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың іштен көмек сұрауына кедергі келтіреді. Сондай-ақ, саңырау немесе көзі көрмейтін жандардың кассадан билет сатып алуы күрделі күйінде қалып отыр. Мәслихат депутаттарының бұл ескертпесінен кейін мекеме басшылары кеткен кемшіліктерді ретке келтіреміз деп уәде етті.
Бұдан кейін мәслихат депу­тат­тары Республика даңғы­лындағы Халыққа қызмет көр­­­­сету орталығында болып, мүм­­­­­кіндігі шектеулі азаматтарға қандай жағдай жасалып жат­­қанын көрді. Орталықтың пандусында ұсақ-түйек кемші­ліктер болғанымен, негізінен, талапқа сай болып шықты. Мысалы, ғимараттың кіреберісіне арнайы қоңырау белгісі орнатылған. Бұл арбадағы азаматтардың іштен көмектесетін адам шақыруына мүмкіндік береді. Алайда мекеменің ішінде әжетхана талапқа сай болмай шықты. Бұл олқылықты мекеменің жауапты басшылары ретке келтіреміз деп сендірді.
Орталықтан кейін депутаттар С.Сейфуллин көшесіндегі Сарыарқа аудандық мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығында болды. Әуелі депутаттар дабыл белгісін басып, аталған орталықтың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қаншалықты көмек көрсететінін сынап көрді. Бір қуантарлығы, іштен дер кезінде адамдар шығып, қырағылық танытты. Алайда мекемеге кіретін пандус тым биік екен. Мұны мекеме басшысы Марина Пушкарева ғимаратқа жақында көшіп келгендігімен түсіндірді. Сондықтан да ол алдағы уақытта бұл олқылықтың орнын толтырып, нақты шаралар жасаймыз деп уәде етті.

????????????????????????????????????

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар төрт қабырғада таңнан қара кешке дейін қамалып отыра бермей, бір сәт спортпен шұғыл­данғысы келеді. Осыны ескерген депутаттар елорда­дағы «Қазақстан» спорт сарайында болып, кешеннің тыныс-тіршілігімен танысты. Мәслихат депутаттарын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ғимаратқа артқы есіктен кіретіні қынжылтты. Алайда мекеме басшысы жеделсатыға байланысты амалсыздан осындай шешім жасағанын айтады. Сонымен қатар, қауіпсіздік үшін орнатылған құрылғының ені тым кішкентай болғандықтан, есіктен арбамен кіру мүмкін емес. «Қазақстан» спорт сарайының директоры Ерболат Ақанов аталған олқылықты шешеміз деп уәде етті. Ал мәслихат депутаттары осы мәселенің қалай шешілгенін білу үшін алдағы уақытта спорт сарайына келетінін жеткізді.
Содан кейін мәслихат депутаттары №66 орта мектебінде болып, пандустың талапқа сай салынғанының куәсі болды. Алайда дабыл белгісін басқан кезде іштен көмекке дер кезінде адамдар шыға қойған жоқ. Әйтсе де, мәслихат депутаты Қарақат Әбден өзге нысандармен салыстырғанда білім мекемесінің дайындығы жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол көз бояушылықтарды қойып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау керек деп мәлімдеді. «Өйткені мемлекеттік мекемелердің сиқы осындай болып тұрғанда, жекеменшік нысандар туралы айтпай-ақ қойсақ та болады» деп түйіндеді өз сөзін мәслихат депутаты.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button