Мәдениет

Мұқағали күнделігі не дейді?

Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Күнделік» лирикалық кеші өтті. Қоюшы режиссері – Әли Бидахмет. 

«Мен ХХІ ғасырдың құрдасымын. Бәлкім, одан кейінгі ғасырлардың да құрдасы шығармын» деген сөздерді күнделігіне жазып кеткен шайыр өзінің шығармашылық ғұмырын дәл болжағандай. Оның өлеңдері қазір де ел аузынан түспей жүр. Ал әнге айналғандары қаншама?!

Кеш барысында ақынның өмірінен сахналық қойылым қойылып, жырлары оқылды, сөзіне жазылған әндер шырқалды. Бір ерекше атап өтерлігі, Мұқағалидың «Есіңе мені алғайсың» өлеңіне екі ән жазылды. Оның алғашқысының авторы ақынмен достықта, шығармашылық байланыста болған әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиев болса, екіншісін Елена Әбдіхалықова жазды. Осы екінші ән елге кең тарап кетті. Кеште соның алғашқысы орындалды.

Foliant баспасының қолдауымен өткен кеште «Ашық микрофон» айдары ұйымдастырылып, мектеп оқушыларынан бастап, жасы ұлғайған адамдар ақынның өлеңдерін оқыды. Аталмыш баспа кеш қонақтарына арнайы естелік сыйлықтарды тапсырды.

Төлеген Қуанышев, кеш қонағы, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі:

– Мұқағали Мақатаев шын мәнінде халық ақыны ғой. Оның жазып кеткен өлеңдерінен өмір жолын тануға болады. Жас кезінен өлеңге құмар болуымен қатар жастық шағын, Алматыға келуін, Лашын жеңгемізбен тұрмыс құруын, әріптестерінің түсінбеу­шілігін үлкен толғаныспен жазып кетті. Өзінің өлеңімен, терең ойымен қайталанбас ақын деп есептеймін. Кештің ұйымдастыру деңгейі жоғары болды. Бір «әттеген-ай» бар, еліміздің ақындары төбесін көрсетіп, үндерін қосса, дұрыс болар еді. Әзірбайжан Мәмбетов ағамыздың атындағы театры ұжымының жас болса да, үлкен кәсіби деңгейдегі дайындығын көрдік. Біріншіден, кеш сахнада емес, халықтың ішінде ұйымдастырылды. Ақынның өмірінің куәсіндей, ортасында жүргендей әсер алдық. Оның өлеңдері, сөздеріне жазылған әндер жүректі қозғайтындай, тұла бойыңды тебірентетіндей. Бұл жаңа көзқарастағы қойылым болды. Басқа елдерде «квартирник» тәрізді көрсетілімдер болады ғой, кеш сол сияқты жаңа үлгіде ұйымдастырылды. Жастар өте талантты екен.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button