Басты ақпаратМәдениет

Мұқанның музыкалық мұрасы – мәңгілік

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда симфониялық оркестр, камералық хор, «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы, классикалық вокал бөлімі және дәстүрлі әншілердің қатысуымен қазақтың көрнекті композиторы Мұқан Төлебаевтың 110 жылдығына арналған «Мұқанның мәңгілік мұрасы» атты концерт өтті.

Қазақ ұлттық операсының негізін қалаған Мұқан Төлебаев еліміздің ұлттық музыкасының дамуына өлшеусіз үлес қосты, жаңа, тың тақырыптармен ба­йытып, жанрлар аясын кеңейтті. Бір ғана «Біржан–Сара» операсының өзі қазақ ұлттық музыкасын шырқау биікке шығарды, шыңдалу жолына бастады. Әуен әлеміне кештеу келсе де, ол өмірінің соңына дейін тынымсыз еңбекпен көрініп, үздіксіз ізденісте болды. «Біржан–Сара» операсының либреттосын жазған академик Қажым Жұмалиев Мұқан Төлебаевпен бірлескен керемет шығармашылық тандемі туралы жазғанда, оның ақынжанды болмысымен, тың идеясымен, ізденісімен қазақ ұлттық музыкасында жаңа дүние жасау­ға ұмтылғанын айтады. Екі мықтының табанды еңбегі, жемісті шығармашылық жұмысы «Біржан–Сарадай» классикалық жауhардың дүниеге келуіне себеп болды. Мұқан Төлебаев дарынды композитор ғана емес, сондай-ақ тамаша әнші, режиссер, драматург болғанын онымен бірге жұмыс істеген шығармашылық иелері тамсана әңгімелейді.

Мұқан Төлебаевтың опералары, оркестрлік және вокалды-симфониялық шығармалары, камералық-аспаптық пьесалары, әндері мен романс­тары музыка тілінің шыншылдығымен және өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді, халыққа ұлттық нақыштағы әуендерімен, дәстүрлер сабақ­тастығын сақтаған қасиетімен құнды. Қазақ кемеңгерінің музыкасы эмоционалды, терең және ұлттық нақышқа толы. Мұқан Төлебаевтың шығармалары 110 жылдық мерейтойында жаңаша леппен жарқын естіледі және ғасыр өтсе де жаңғыра бермек.

Оның мұрасы – қазақ ұлттық кәсіби музыкасының алып шыңы, биік белесі. Композитордың шығармашылық қоржынында әртүрлі жанрдағы жүзден астам шығарма бар: опералар, симфониялық оркестрге арналған увертюралар мен фантазиялар, драмалық спектакльдер мен фильмдерге арналған музыкалар, романс­тар, әндер, хор және форте­пианолық шығармалар.

Музыкалық мол мұра қалдырған кемел композитордың рухына тағзым ету – маэстроның музыка саласындағы ізбасарларының борышы ғана емес, ұлттық музыканы ұлықтаған ұлттың парызы.

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы симфониялық оркестрінің концертінде «Қазақстан» симфониялық поэмасы, «Менің Қазақстаным», «Бақыт вальсі», «Тос мені, тос», «Кестелі орамал», «Толғау», «Мереке би», «Той» симфониялық картинасы, «Біржан сал» операсынан Сараның ариясы, тағы басқа туындылары орындалды.

Кеш солистері – халықаралық байқаулардың лауреаттары Шахризада Тыныштық, Қуаныш Белал, Сәулежан Тағзия, Алмат Ізбамбетов, Әйгерім Аманжолова, Алтынбек Арыстанбек, Талғат Аллабиринов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов музыканттың мәңгілік мұраға айналған жау­hарларынан шашу шашып, өлмес әуендерін әуелетті, жиналған халықтың рухын көтерді.

Концертке симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, маэстро Әділ Бестембеков дирижерлік етті.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button