Мұқанова туралы монография
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Франц Кафка медалінің иегері, профессор Роза Мұқанованың 60 жас мерейтойына арналған «Роза Мұқанова шығармашылығы: әдебиет, театр, кино» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференция аясында «Драматургия сардары» ұжымдық монографияның тұсаукесер рәсімі болды.
Іс-шараға шетелдік ғалымдар, әдебиет және өнер қайраткерлері қатысты. Олардың арасында аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Асуан университеті «Шет тілдер» факультетіндегі «Орыс тілі» кафедрасының меңгерушісі Мұхаммед Рияд (Египет), жазушы, драматург, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Жавлон Жовлиев (Өзбекстан), аудармашы, PhD докторы, Қажы Байрам Уали университетінің профессоры Жемиле Қынажы (Түркия), Хаджеттепе университетінің «Әдебиет» факультетіндегі «Қазіргі түрік диалектілері мен әдебиеті» кафедрасының ғылыми қызметкері, өнер магистрі Сабина Саид (Түркия) және өнер магистрі, Фрайбург университетінің докторанты, әдебиеттанушы Верена Цабель (Германия) бар.
Қазақ ұлттық өнер университеті ректорының м.а., профессор Раушан Нұртаза Роза Мұқанованың шығармашылығы туралы айтып, жазушының алдағы шығармашылық жолына сәттілік тіледі.
– Бұл өмірде өзін іздейтін шығармашылығыңдағы әр жаңалықты асыға күтетін оқырманы бар қаламгерден бақытты кім бар? Қазақ театрын «Мәңгілік бала бейне», «Сарра», «Фариза» сынды туындыларынсыз елестету қиын. Бұл туындылар әлемдік сахналарға жол тартты. Ұлт әдебиеті мен мәдениетінің керегесін кеңейту жолында қаламгердің қосқан үлесі зор. Профессор Роза Мұқанованы шәкірттері өте жақсы көреді. «Роза Мұқанованың шәкіртімін!» дегенді мақтанышпен айтады. Сондықтан алдағы уақытта да оқырмандарыңызды классикалық шығармашылығыңызбен таңғалдырудан танбаңыз, – деді Раушан Сабыржанқызы.
Жиын барысында жазушылар мен журналистер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері мен шетелден келген қонақтар сөз алып, Роза Мұқанованың әр әңгімесі туралы кеңінен сөз қозғап, шығармашыл тұлғаның таланты мен талғамы туралы, шығармасындағы ой иірімдері, оның шеберлігі туралы жан-жақты әңгіме қозғады.
Екі күнге созылған халықаралық конференцияда кітаптың тұсаукесерінен бөлек Германиядан, Түркиядан келген ғалымдар, ел театртанушылары жазушының шығармашылығы туралы шеберлік сағатын өткізді.
Шапағат ӘБДІР