Қала тіршілігі

МҰҚТАЖДАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы халықты әлеуметтiк қорғау және жұмыспен қамту саласында уәкiлеттi орган болып табылады. Басқарма азаматтардың әл-ауқатын, тұрмыс деңгейін арттыру, кедейшілік, жұмыссыздықты төмендетуге бағытталған әлеуметтік қамтамасыз етудің тиімді, пәрменді жүйесін жасаумен шұғылданады.  

«Жергiлiктi өкiлеттi орган­дардың шешiмдерi бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтiк төлемдер» бағдарламасы шеңберінде жергілікті бюджет қаражатынан ақшалай төлемдер мен тегін қызмет көрсету қарастырылған. 2013 жылы 63 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік қолдау көрсету жоспарлануда.

Осыған орай, қалалық жолаушылар көлігінде тегін жол жүру билеттері 54000 адамға беріліп, 1578 адам тісін тегін протездеді. Жеке тұрғын үйлерде тұратын 181 зейнеткерге көмір сатып алуға жәрдемақы төленген. Ал, 20471 астаналық тұрғынға мерекелiк және атаулы күндері бiржолдық ақшалай көмек көрсетілді.
Одан бөлек, қарттар мен мүге­дектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінде, психо­неврологиялық сырқаттарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінде тіркеуде тұрған және үйсіз-күйсіз жандарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығындағы азаматтар мемлекет есебінен қамқорлыққа алынған. Оларға әлеуметтік-психологиялық, медициналық, тұрмыстық, заңгерлік қызметтер тегін көрсетіледі.

Астана қаласы бойынша Бақы­лау және әлеуметтік қорғау департаментінің медицина­лық-әлеуметтік сараптама комиссиясы мүгедекті жеке оңалту бағдарламасын әзірледі. Осыған сәйкес жергілікті бюджет есебінен соңғы жарты жылдықта 139 мүгедекке арба берілді. 372 адам протездік ортопедиялық операциялар жасатса, құлағы мүкіс 1022 адам тифлотехникалық және сурдотехникалық құралмен қамтылды. Бағдарлама аясында шипажайлық-курорттық емделу де қарастырылған. Республикалық шипажайларда 257 ересек пен 79 мүгедек бала денсаулығын түзеп қайтты. Сонымен қатар, 625 мүмкіндігі шектеулі жандар күтуші қызметімен қамтамасыз етіліп, сурдо-аудармашы қызметіне 205 адам жүгінген екен.

Мүмкіндігі шектеулі жандар мүгедектер күнінде де назардан тыс қалмайды. Оларға белгілі бір көлемде материалдық көмектер көрсетіледі. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде, жүріп-тұруы қиын азаматтар «инватаксиға» тапсырыс беріп, қала ішінде еркін қозғалатын болды.

Айгүл УАЙСОВА

Аз-кем анықтама:

Елордада

55814 зейнеткерлер;
285 ҰОС ардагерлері мен мүгедектері;
1920 ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген жандар;
4531 тыл еңбеккерлері;
4390 18 жасқа дейінгі төрт және одан да көпбалалы отбасылар;
3619 «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар бар;
17963 мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button