Қоғам

Мұрат атаның мұңы

Кешегі соғыс салған қасіреттің таңбасы қан­шама жылдар өтсе де, жұрт жадынан әлі өше қойған жоқ. Оның әрбір шаңыраққа қатысы бар. Біздің әулеттен де алты адам майданнан оралмады. Мұрат атамның үш ұлын бірдей соғыс жалмады. Жә, бәрін басынан бастайық.

Бала күнімде әжем Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әнін ұйып тыңдаушы еді. Арасында дауысын шығарып үпілеп қояды. Өзі де зарлы мұңға толы ән еді ғой. Сай-сүйегіңді сырқырататын. Әсіресе, «Сағындым, Жексенғұлым, Қос­шығұлым, Өзекті жарып шыққан қос шыбыным. Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның, Зарына құлағыңды тосшы бүгін» деген шумағын айтқанда жанары жасаурап кетеді. «Мынау дәл Рысбикенің басындағы қайғысын айтып тұр ғой» деп күңіренеді. Мен болсам: «Рысбике кім, қара кемпір кім, ән айтқанға неге жылайды?» деген сан тарау ойға бататын ойын баласымын. Сөйтсем, оның сыры бар екен. Бірақ оны әжем қайтыс болғаннан кейін білдім.
Мұрат атам менің әкеммен немерелес. Өз басым бұл кісіні көрген емеспін. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін өмір сүрген. Содан бері талай жылдар жөңкіліп көшті. Бірақ осы бір қайратты қарт жайында ауылдағы үлкендер әлі күнге дейін әңгімелейді. Өзі де көкірегі даңғыл, шежірешіл қария болыпты. Әліби Жангелдиннің қолынан марапат алған. Отызыншы жылдардағы аштық кезінде суармалы егін егіп, соның бас мұрабы атанған. Сондай еңбекқор адамның балалары да ержүрек болып ержетеді.
Соғыс басталғанда үшеуі бірдей әскерге алынады. Олар­дың есімдері – Шаяхмет, Мау­сымбай, Асқар. Үшеуі де жалын атып тұрған жастар болса керек. Майданға өз еріктерімен сұранған. Әрине, үш бірдей баласын қанды қырғынға жіберу күндері еңкейіп батып бара жатқан қарт әке-шешеге оңай тимеді. Елдің басына төнген нәубет екендігін түсініп, іште­рінен тынды.
Соғыстың алғашқы кезеңі өте ауыр болғаны белгілі. Тұт­қиылдан шабуыл жаса­ған жауға Кеңес әскері қауқарсыздық танытты. Сол кездері адам қаны суша төгілді. Елге де қара қағаз қарша жауды. 1942 жылы қарияның үлкені Шаяхмет басынан ауыр жараланып, үйіне келгеннен кейін екі айдан соң көз жұмады. Екінші ұлы Маусымбай 1944 жылы Польша жерінде кеудесін борандай бұрқап тұрған дзотқа төсеп, ерлікпен қаза таба­ды. Ал ақсақалдың кенже ба­ла­сы Асқар болса майданда хабар-ошарсыз кетеді. Бүгінге дейін одан әлі нақты дерек жоқ. Міне, сұм соғыс салған лаң. Балаларының қазасынан қариялар бір күнде шөгіп кетеді. Анасы Рысбике қайғыдан қан жұтып, жатып қалады. Ақыры сол қапалы дерттен дүние салады. Қайта сүйегі асыл Мұрат шал қайғыны қара нардай көтереді. Мойырылып кетпейді. Түтінімді өшірмеймін деп тірлік кешеді. Бүгінде ел ішінде ақсақалдың жоқ­­тау түрінде шығарған бір ауыз өлең сақталған. Ол былай:
Ерлікпен қаза тапты үш
арысым,
Тарылды күн-күн сайын бар
тынысым.
Күштінің жазуына бар ма
шара?!
Сопиып бір әулеттен қалды басым, – деп ауыр мұң шегіпті.
Кейде адамға тағдыр қайғымен бірге мол ырыздық та ұсынады. Мұрат атам үш ұлы кешпеген ғұмырды сүріп, 99 жасында өмірден өтіпті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button