Оқырманнан он сұрақ

Мұрат ҚОЖА, әнші, «Каспий» тобының мүшесі: «Әр әншінің өз ерекшелігі болуы керек»

– Мұрат, «Каспийге» дейін «Нұрлан мен Мұрат» боп біраз дүрілдедіңіздер. Шыныңызды айтыңызшы, жаныңызға осы екеуінің қайсысы жақын?

Көркем, оқырман

– Екеуін бөліп жара алмаймын. Нұрлан екеуміздің жұптаса өнер көрсетуіміздің өзі – қаншама төккен тер, қаншама еңбек… Сондықтан, «Жоқ, ол – менің өткен өмірім» деп жылы жа­уып қойғым келмейді. Өз ортамызда «Нұрлан мен Мұратты» жиі еске аламыз. Кезінде біздің сахналық костюмдеріміздің өзі қандай болды! Оның үстіне, ол уақытта жас едік, бойдақ кезіміз дегендей… Ол кезең мен үшін тәтті естеліктерімен ыстық… Кейін белгілі бір жағдайларға байланысты Нұрлан екеуміз екі жаққа кеттік. Мен нағыз ұжымдық жұмысқа ыңғайлы адам екенмін. Осыны түсіндім. Ақыры, «Кас­пий» тобын қайта құрысып, жаңа құрамға қосылдым. Жалпы, топ мүшелерінің жас шамасы әрқалай. Алайда, әркімнің өз тыңдарманы бар.

– Даусыңыздың ерекше екені байқалады. Бұрын қалай білмегенбіз?! Жеке әнші болу ойыңызда жоқ па?

Толғанай ӘЛІМБАЕВА

– «Нұрлан мен Мұрат» кезінде репертуарымызда даусымызды көрсететіндей ән болған жоқ. Тек қана ойнақы, көңілді, ырғақты әндерді айттық. Жасыратыны жоқ, көпшілік мені содан бері жеңіл-желпі әндерді орындаушы ретінде қабылдайды. Енді өзімнің жеке альбомымды шығарсам ба деймін. Оның ішінде термелер, эстрадалық бағыттағы әндер бар.

– «Каспий» тобындағы бесеуіңіз – бес түрлі отбасында өскен, өз талғамы, қызығушылығы бар, әртүрлі адамсыздар. Топпен жұмыс істеу қиын ба?

Шынар ЕЛУБАЕВА

– Шыны керек, топпен жұмыс істеудің жақсы да, жаман да жақтары бар. Бес адамның дауысы бес түрлі болады. Әннің сипатын ашып беруге бұл өте ыңғайлы. Қиын жағы – бес адамның басын құрау… Дегенмен, бір-бірімізге «қандай жағдайда да топ ынтымағына жауапкершілікпен қарауға тырысамыз» деп уәде берген едік. Күнде таңертең студияға келеміз де, екі-үш сағат шығармашылықпен айналысамыз.

– Мінезіңіз қандай? Тым тәккаппар, ашушаң болып көрінесіз. Расымен де солай ма?

Айман, Астана

– Сырттай көп адам мені дәл сіз сияқты «адам менсінбейтін жан» деп ойлайды екен. Анығында, ешкімге кеуде көтерген емеспін. Енді… сырт бейнем, келбетім, сахнадағы жүріс-тұрысым сондай болса, қайтейін?.. Барынша қарапайымдылық қасиетті бойымнан алшақтатқым келмейді. Жасырмаймын, ашушаңдығым бар. Тез ашуланып, тез қайтам.

 

– Кейінгі уақытта бұрын­ғыдай жұртшылыққа жиі көрінбей, саябырсып қалған сияқтысыздар. Шығармашылық жұмыстарыңызда не жаңалық?

Жансая, Қарағанды

– Олай ойламаймын. Әлі күнге дейін тырысып, талмай жұмыс істеп келеміз. Бұйыртса, жақында Ұлықпан Жолдасовтың авторлық кешін өткіземіз. Көктемде «Кас­пий» тобының концертін жоспарлап қойдық.

– Айналайын, Мұрат! Сенің дауысың керемет! Өзіңе әрқашан тілекші болып отырам. Өмірде де , өнерде де жолың ашық болсын!


Майра, Астана

– Көп рахмет! Өздеріңізге де Алланың нұры жаусын! Біз­дің жеткен жетістіктер­іміздің барлығы сіздердің арқаларыңызда.

– Сахналық киімдеріңіз өздеріңізге өте жарасымды. Арнайы тіктіресіздер ме?

Дана

– Жылы лебізіңізге рахмет! Иә, киімді арнайы тіктіреміз. Өйткені, әр әншінің өзіндік ерекшелігі болуы керек деп білеміз. Бүкіл халықтың алдына шығатын өнерпаздың киімі де, сөзі де, жүріс-тұрысы да, тіпті күлкісі де әдемі болып, ерекшеленіп тұрғаны жөн. Бұл – сахнаны, көрерменді сыйлай білудің бір түрі.

«Каспий» тобы қалай құ­рылып еді?

Сәуле

– «Каспий» тобы әнші-сазгер, гитарашы Ұлықпан Жолдасовтың бастамасымен құрылды. Топ ең алғаш рет сахнаға 2007 жылғы қарашада «Тамаша» ойын-сауық отауының кезекті концертінде шықты.

– Қайырымдылық мақса­­­т­ын­дағы іс-шараларға қатысып тұрасыздар ма?

Күлия

–Жылына бірнеше рет жетімдер, қарттар үйлеріне барып концерт қоямыз. Қайырымдылық концерттеріне қатысып тұрамыз. «Өзіңнен артылса ғана садақа бер» демей ме? Сондықтан, әуелі өз жағдайымызды жақсартып алайық. Содан соң басқаға көмектесе жатармыз.

– Әнші Мұрат қандай әке екенін білгім келеді?

Торғын, мұғалім

– Балаларыма жіті көңіл бөлуге тырысамын. Сабақтарын үздік оқиды. Шамам келгенше жақсы тәрбие бергім келеді. «Жақсы болып өсіңдер» деген сөзді жиі айтып отырамын. Зор жетістіктерге жетсе, соған мақтанып жүрсем деймін.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button