Жаңалықтар

Мұражай бар ерліктің мүйісіндей

Ішкі істер министрлігінің мұражайында Астана қаласы ІІД ювеналды полиция бөлімшесінің есебінде тұрған кәмелет жасына толмаған балаларға арналған экскурсия өткізілді. Астана қаласы Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен өткен бұл шараға 300-ге жуық адам қатысты.

Мұражайда ұйым­дас­ты­рылған бұл экс­кур­сияның берері мол.

Ондағы экспонаттар мен сол за­мандағы ми­лиция қызметкерлерінің киім формалары мен қолданған қаруларының көз алдыңда жатуы аса әсерлі. Тап-таза болып сүртілген шыны ішін­дегі әрқалай істің куәсі болған жәді­гер­лер арасымен жүріп өткенде тек көріп қана қоймай, әр нәрсенің өз уақытындағы күндеріне сапар шегіп, тірі аңызды естігендей күйде боласың. Күнделікті өмірде көріп, қолға ұстап жүрмегеннен кейін, көне маузер, шиті мылтық, қолдан жасалынған шолақ мылтықты, жүзі әліге дейін мұқалмай сақталып келе жатқан қанжар мен сонау Жапония­да жасалынған самурай қылышын, ел тыныштығы жолында ерлік жасап, аты аңызға айналған тәртіп сақ­­­шыларына берілген марапат медаль-ордендерді көргенде ерекше күйге түсесің. Бұл жәдігерлердің бар­лығының мұражайға әкеліну тарихы мен салмақты себебі бар.

Үлгі боларлық адам не үшін керек? Кейінгі өзінің артынан келе жатқан жастың соған қарап бағыт алып, дамуға ұмтылып, өз жолын анықтауы үшін қажет. Әскери-патриоттық тәрбие-қылмыстың алдын алу үшін жас ұрпаққа дұрыс жол көрсетіп, жаман істен сақтандырудағы мықты күш. Мұның барлығы жеке адамға тән ерлік, тәрбиелілік, адами борыш деген игі қасиеттердің жас өскін
бойында дамуына сеп болмақ…

Астана қаласында орналасқан мұ­ра­жай өз бастауын өткен ғасыр­дан алады. 1973 жылдың 17 ақпа­нындағы Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің арнаулы шешімімен 1975 жылдың 7 қазанында ашылған. Тә­­уелсіз ел болғаннан кейін 1995 жылы Қазақстанның ішкі істер қыз­меті қайта құрылып, айтарлықтай өзгертулер жасалды. Милиция атауы полиция деп өзгертіліп, құқықтық статистика прокуратураның құзы­рына беріліп, қылмыстық-атқару жүйесі мен сараптамалық қызмет әділет министрлігінің қарамағына өтті. 1997 жылдың 27 қазанында Ішкі істер министрлігі Астанаға көшірілді. Одан кейін артынша 2000 жылы ІІМ-нің Алматыдағы мұражайы Астанаға әкелініп, ми­нистр­лік ғи­маратынан 219 шаршы метрлік орын берілді.

Қазіргі күнде мұражайдың экспозициясы мемлекеттік рәміздер қойылған кіреберістен бас­талып, тарихи кезеңдерге бөлінген жеті экспозициялық залдан тұрады.

Музей залдарын аралай жүріп, мұражай меңгерушісі Светлана Әмір­бекқызын әңгімеге тартқан едік.

– Мұражайда қанша жәдігер бар? Және олар қалай толық­ты­рылып отырады?
– Мұнда 1500-ге тарта заттай жә­ді­гер, фото-құжаттық материалдар,
130-ға жуық қару, 350-ге тарта мем­лекеттік марапаттар, орден-медальдар, 180-нен астам сыйлықтар, жалпы саны он мыңға жуық жәдігер бар. Негізінен, мұндағы заттар көбіне сол ішкі істер қызметкерлерінің туған-туыстары әкелген жәдігерлер есебінен толығады.

– Жақында мұражай қорында елеулі толықтыру болғанын есті­дік. Осы жөнінде не айтасыз?
– Иә, осыдан аз уақыт бұрын мұражайда Қазақстан Респуб­лика­сының «Халық қаһарманы» Байтасов Ғазиз Әбдібекұлына арналған бұрыш ашылды. Онда Ғазиз Бай­тасовқа «Халық қаһарманы» атағын беру жөніндегі Елбасының жарлығы жазылған құжат пен үлкейтілген суреті және батырға қатысты жәді­герлер қойылған.

Жәнібек НҰРЫШ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button