Мәдениет

МҮСІНДЕР МУЗЕЙІ немесе ПРЕЗИДЕНТПЕН СЕЛФИ

Астана тұрғындары үшін өз альбомдарын Елбасымен бірге түскен селфимен толықтыруға тамаша мүмкіндік бар. Мұндай керемет фотоны Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан балауыз мүсіндер көрмесінде жасауға болады. Ерекше көрме 21 тамызға дейін жалғасады.

2

Балауыз мүсіндерді сонау Санкт-Петербург қаласынан әкеліпті. Аталмыш көрменің әкімшісі Раиса Путилинаның айтуынша, бұл жерге 40-қа тарта экспонат қойылған.

– Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл, ал Бейбітшілік және келісім сарайына 10 жыл толды. Осынау маңызды датаға орай Астанаға арнайы ат басын бұрып, мына көрмені ұйымдастырдық. Алдағы уақытта Қазақстанның өзге де аймақтарына қонаққа барамыз, – деді ол.

14

Балауыз мүсіндердің ортасында жұмыс істегеніне 16 жыл болған Раиса бізбен қатарласып жүріп, фигуралардың жасалу әдісін тәптіштеп тұрып түсіндіріп берді. Бақсақ, әр мүсінді әзірлеуге орташа есеппен 1 жылдай уақыт жұмсалады екен. Өйткені, оған 15 түрлі маман өз қолтаңбасын қалдырады. Мәселен, нақты қай тұлғаның мүсінін жасау керектігін шығармашылық кеңес шешкен соң, скульптор іске кіріседі. Әуелі ол қаһарман туралы мәліметтер жинайды, кітаптар оқиды, деректі фильмдер көреді. Кейіпкердің болмыс-бітімін түгелдей елестеткеннен кейін мүсінді қашай бастайды. Онда гипс, балауыз және силикон материалдары қолданылады.

12

Келесі шаруа – постижердікі. Олар мүсінге табиғи шаш, қас, кірпік, сақал-мұрт «қондырумен» айналысады. Ең күрделі тірлік осыларға тиесілі сияқты. Әр қылшықтың ұшын қыздырып, балауызға орналастыру қаншалықты төзімділікті талап ететінін болжап көріңіз. Бұдан бөлек, мүсіннің «көзін» салу – офтальмологтың, «тісін» түгендеу – стоматологтың мойнында. Көз де, тіс те – кәдімгі адамдарға арналған протездер. Сондықтан балауыз фигуралар мейлінше шынайы, өмірдегі прототиптеріне барынша ұқсас.

9

Көрмеде Елбасымен қатар, Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путин және АҚШ Президенті Барак Обаманың да мүсіндерін кездестіресіз. Ақорданың фонында тұрған үш саясаткермен жұртшылық жапа-тармағай суретке түсіп әуре. Солардың бірі, елордалық Сәбила әжейді әңгімеге тарттық.

3

– Осы тәрізді мүсіндерді былтыр немерем Амстердамдағы Мадам Тюссо музейіне апарғанда көріп, қатты таңғалған едім. Бүгін, міне, ғажап шедеврлерді өз елімізде де тамашалау бақыты бұйырды. Шөберелерім де мәз-мейрам, – деп ағынан ақтарылды қария.

Шынында да, көрмеге келген бүлдіршіндер сүйікті мультфильмдерінің қаһармандарымен жолығып, дән риза. Біреуі бойы үш метрлік алып Аватарға аңтарылып жүрсе, енді біреуі Буратино мен Мальвинаның жанынан ұзамайды. Олардан басқа, «Кариб теңізінің пираттары», «Гарри Поттер», «Сақиналар әміршісі», «Жұлдызды соғыс» сынды фантастикалық кинолардың актерлеріне көпшілік айрықша қызығушылық танытуда.

Спортсүйер қауымға да жеке бұрыш жасалыпты. Футбол атасы Пеле мен даңқты боксшы Майк Тайсон сол маңнан табылады. Сондай-ақ, Голливудтың әйгілі жұбы – Анджелина Джоли мен Бред Питт те шара қонақтарын асыға күтеді.

13

Көрме 13 шілде мен 21 тамыз аралығында таңғы 10-нан кешкі 8-ге дейін ашық.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button