Мәдениет

МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫ КЕЛЕ ЖАТЫР

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 24-26 маусым аралығында Астана қаласының 15 жылдығына орай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің шақыруымен Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында гастрольдік күндерін өткізеді.


Көрермендер назарына театр репер­туа­рын­­дағы таңдаулы төмендегідей 3 спектакль: «Ай-Қарагөз» трагедиясы ( авт. М. Әуезов, реж.­ Т. Те­менов );

«Шығыс сазы» музыкалық хикаясы (авторы және реж. Т.Теменов);

«Келіндер көтерілісі» комедиясы­ (авт.­ С.Ах­­­мад, ауд. А.Сүлейменов, реж. М.Ахманов) ұсы­нылады.

«Асыл Сырым, сен осындай сезімтал болмасаң, мені бұлай қинамас ең ғой. Сенің ешкімге ұқсамайтын мінезің де, әнің де, сәнің де мені осылай матап-байлап қойған жоқ па?», – дейді Қарагөз. «Мен де сондай күйдемін. Сені ғана сағынам… Тым болмаса, тартқан домбырам мен салған әнімді естісін деп дауысым қарлыққан», – деген Сырым сүйгенімен бақытты бола алды ма?.. Қарагөзді сүйген, оқығаны да, тоқығаны да бар, өресі де, өнері де ерекше Нарша не күйде?..

Үштаған тағдырлар осылай өмір тәлкегіне тап болған. Әні мен сәні, сыры мен сыны келіскен Сырымын тастап, екі ардаға арман болған Қарагөз ару келмеске кетеді.

М.Әуезовтің «Қарагөз» туындысы талай сахналарда көрермен көптің талғам таразысына тартылып келген. Біздің сахнамызда тұңғыш рет қойылған «Ай-Қарагөз» спектаклі өз жаңашалығымен өнер мен өре биігінен табыларына сенеміз.

Атасы мен ботасы, әжесі, әке-шешесі мен құлыншағы қатар отырып көретін, яғни, жас талғамайтын, жалпыға бірдей жағымды күй сыйлар ертегі қойылымын көріп пе едіңіздер!?

«Шығыс хикаясы» музыкалық комедиясы – түрлі-түсті бояулардай көңілдеріңізді жаз етіп жадыратар жарқын қойылым.

Ендеше, мәртебелі көрермен! Жаңа қойылымды көруге асығайық!

Отбасында өз билігін жүргізіп дағдыланып қалған, 7 ұл, 41 немеренің анасы Фармон бибі, кенже келіні Нигораның «генерал енені» сипаттайтын шағын қойылымынан өз бейнесін көргеннен кейін қателігін түсініп, ұлдарының енші алып, бөлек шығуына рұқсат етеді. «Көтерілісті» бастаған кіші келін ата салтымен үлкен шаңырақта, қайын ененің қолында қалады.

Әсем сазбен әрленіп, тамаша бимен көмкерілген – жаңаша сахналанған көңілді қойылымды көрген көрермен ерекше әсерге бөленері сөзсіз.

Ағзия КӨЛБАЕВА,
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік
академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының
әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button