Басты ақпаратҰлт ұпайы

Мұстафа мұраты – түркі тұтастығы

Жақында Астанадағы Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназия­да «Ұлты үшін туған ұлы тұлға – Мұстафа» тақырыбында маңызды басқосу өтті. Түбі бір түркі халықтарының тұтастығы, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен Алаштың ардақты ұлы Мұстафа Шоқайдың туғанына 132 жыл толуына орай ұйымдастырылған бұл шараға жақында ғана жарық көрген «Мұстафа Шоқай» кітабының авторы, Түркия Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, белгілі шоқайтанушы Әбдіуақап Қара арнайы келіп қатысқан болатын. Осы кездесуде біз ғалыммен арнаулы сұхбат жасап, «Астана ақшамы» газетінің дәстүрі бойынша «қонақкәде» алған едік.

Жабылған жала, жағылған күйе…

– Ең әуелі жақында оқырманға жол тартқан «Мұстафа Шоқай» кітабыңыз құтты болсын! Бүгінгі сұхбаттың бисмилласын да осы кітаптан бастасақ. Бұл кітапты жазу ойы қайдан келді?

– Рақмет! Мұстафа Шоқайды зерттеу жұмысы 1988 жылы Азаттық радиосына барған кезімнен бастау алады. 1953 жылы Азаттық радиосының негізін қалаушылардың арасында қазақ азаматтары да болған. Олардың кейбірі Мұстафа Шоқайды көрген, Шоқайды жақсы білетін азаматтар еді. Кейін Түркиядан барған Хасен Оралтай, Талғат Көкбұлақ, Әлихан Жаналтай сияқты азаматтар аталған радиода жұмыс істеді. Міне, осы азаматтар жаңағы Мұстафа Шоқайдың көзін көрген кісілерден естелік ала жүріп, Шоқай туралы алғашқы деректер жинаған.

1989 жылы Алаш зиялылары ақталғанда, Қазақстанда Мұстафа Шоқайды ешкім ауызға алмады, қорықты. Тек 1990 жылы Бейбіт Қойшыбаевтың «Ана тілі» газетінде (17 мамыр күнгі саны) «Беймәлім тағдыр. Мұстафа Шоқаев туралы бірер сөз» деген мақаласы жарияланды. 1991 жылы Әнуар Әлімжановтың «Қазақ әдебиеті» газетінің 1991 жылдың 24 және 31 мамырдағы санында «Мұстафа Шоқай… Ол кім?» деген тақырыппен көлемді мақаласы жұртпен жүздесті. Бірақ бұл мақалалар да Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан Мұстафа Шоқай «сатқын» деген көзқарасты өзгерте алмады. Себебі Мұстафа Шоқайға 1925 жылдан бастап тыйым салынса, 1969 жылға келгенде «сатқын» деген жала жабылды. Бұл күйе­нің жағылуына сол жылы КГБ офицері Серік Шәкібаевтың Шоқай туралы жазған «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабының жарық көруі себеп болды. Бұл кітапта Шоқай шен-шекпен үшін елін нацистерге сатқан опасыз ретінде көрсетіледі.

Жаңа Қазақстан құру үшін ел тә­уелсіздігіне өлшеу­сіз еңбек сіңірген Мұстафа Шоқай сияқты ұлы тұлғалар ұлықталуы керек. Елордадан еңселі ескерткіш тұрғызып, көшесін көрнекті жерден беру қажет деп ойлаймын

– Шәкібаев ол кітабын дә­йекті деректерге сүйенбей, «жаптым жала, жақтым күйе» деп жаза салған ба сонда?

– Шәкібаев бұл еңбегін құжаттарға сүйене отырып жазғаны рас. Бірақ пайдаланған деректеріндегі қателіктер оны жаңсақ оқиғалар құрастыруға жетеледі. Шәкібаев қолданған деректердің көпшілігі соғыстан кейін кеңес­терге қайтарылған легион мүшелерінің КГБ тергеуінде берген жауаптарының хаттамалары еді. Тергеуде қысым астында әскерлерден алынған мәліметтердің көпшілігі шындыққа сай келмейді. Аталған романнан шындыққа қайшы келетін көптеген мәліметті кездестіруге болады. Мысалы, Романның басында Розенбергке хат жазған Шоқай бір жыл бойы түрмеде отырады деп көрсетілген. Алайда Шоқай ешқашан түрмеде отырмаған. Шоқай тек үш аптадай Париж маңындағы Компьень лагерінде болған.

Сонымен қатар Шоқай легион жобасына қарсы болған. Шәкібаевтың жазуына қарағанда, Шоқай ағылшындармен келісе алмағандықтан тұтқындалған. Шын мәнінде, Шоқай Кеңес Одағына қарсы болғаны үшін тұтқындалған. Шәкібаев романында Шоқайдың легионерлерді ұйымдастыру ісіне бар жан-тәнімен кірісіп, бұл істің жа­уапкершілігін мойнына алғанын алға тартады. Бұл пікір де шындыққа қайшы. Өйткені Шоқай фашистермен әскери салада ынтымақтасуға үзілді-кесілді қарсы болатын. Демек, кітаптың тарихи шындыққа сәйкес келмейтін тұсы өте көп. Яғни Шоқайға жала фантазия секілді романмен жабылды. Алайда осы кітаптың әсері жаман болғаны сонша, бүкіл кеңес халқы Шоқайды сатқын деп таныса, Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы мезгілде Мұстафа туралы «сатқын», «сатқын емес» деген тақырып аясында дау-дамай басталды. Осы жағдайды көргеннен кейін мен Шоқайды терең зерттеу бекіміне келдім. Кейін Түркияға қайтып, ғылыми жұмысқа ауысып, докторлық диссертация жазғанда зерттеу жұмысымның тақырыбы да Мұстафа Шоқай туралы болды. Шоқай әлеміне қалам тартуым осылай басталды.

Түркияда Мұстафадан қалған мұралар әлі бар, бірақ ол жеке адамдардың қолында. Ол кісілерге Қазақстан мемлекеті тарапынан сұрау салса, береді деп ойлаймын.

Мұстафа Шоқайдың паспорты да өзбек азаматы, белгілі тіл ғалымы Тимур Қожаұғлының қолында жүр. Ол кісі де «мен бұл мұраны жеке адамға бермеймін, ақшаға сатпаймын, тек Қазақстанда Мұстафа Шоқай музейі ашылса, соған тапсырам» деген еді

Шын мәнінде, орыс тілінде Мұстафа Шоқайдың кім екенін нақты дәлелдейтін ғылыми деректер жоқ. Мен Германия, Франция елдерінің архивінде 4-5 жыл отырып Мұстафаны зерттедім. Зерттеу барысында Мұстафаны сатқын деп танитындай, күмән тудыратындай бірде-бір деректі кездестіре алмадым. Керісінше, Мұстафаның нацис­термен бірге жұмыс істемегеніне айғақ болатын жүзден аса дерек бар. Мұны тек мен ғана дәлелдеп шыққан жоқпын, менен басқа зерттеушілер де анықтады. Бірақ Мұстафаны халық нақты тану үшін ғалымдардың жазған кітабы аздық етеді. Сондықтан ол туралы бүкіл баспасөзде айтылуы керек, Мұстафа туралы көркем фильм­дер жасалуы керек. Былайша айтқанда, Мұстафаға көркем әдебиет арқылы жағылған күйені көркем шығармамен тазарту жағын да қарастыруымыз қажет. Қазір түркі әлемінің ынтымақтас­тығы да күшейіп келеді. Оның түп тамыры да Мұстафа Шоқаймен сабақтасып жатыр. Ендеше Астанадан Мұстафа Шоқай және түркі дүниесінің ынтымақтастық институты ашылса нұр үстіне нұр болар еді.

– Мұстафа Шоқайдың өлімі де жұмбақ күйде қалды емес пе?

– Дұрыс айтасың. Алаш арысының өлімі туралы екі түрлі болжам айтылады. Мұстафа, жаңа айтып өткеніміздей, «мен немістермен бірге жұмыс істемеймін» деп бас тартып, 1941 жылы үйіне қайтып бара жатқан жолда, Берлинде қайтыс болған. Кейбіреулер оған немістер у беріп өлтірді десе, енді бір деректе жұқпалы сүзек ауруынан қайтыс болды делінеді. Бірақ Мұстафа Шоқайдың әйелі мен жолдастары бұған сенбейді. Өйткені оның қасында жүрген адамдардың бірде-біреуі жұқпалы аурудан өлген жоқ. Демек, олар Шоқайға у берілді деген дерекке сенеді.

Дұрыс насихатталмай жатыр

– Мұстафа Шоқайға тарихи тұрғыдан нақты баға бере алдық па?

– Берілді. Мұстафаға әділ бағаны кім берді? Оны біз сияқты тарихшылар берді. «Мұстафа Шоқай ақ, ол – Алаш тарихының соңғы түйіні, Алаштың арман-мұратын автономиядан тәуелсіздікке көтерген айтулы тұлға» деп бағаладық. Ал саяси тұрғыдан әділ баға берілген жоқ. Себебі Мұстафа Шоқай өзінің туған елінде әлі дұрыс насихатталмай отыр. Сосын да бүгінге дейін Шоқайды «сатқын» деп танитын адамдар арамызда әлі бар. Біздің саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар осы мәселеге баса назар аударуы керек. Мысалы, Парижде Мұстафа Шоқай атындағы саябақ бар, мүсіні тұр. Бірақ Шоқай туған елдің астанасында мүсіні жоқ. Көшесі де қаланың шетіндегі елеусіз жолдан берілген. Біз қазір Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз. Жаңа Қазақстан құру үшін ел тәуелсіздігіне өлшеусіз еңбек сіңірген Мұстафа Шоқай сияқты ұлы тұлғалар ұлықталуы керек. Астанадағы №51 мектеп-гимназиясына Мұстафа Шоқайдың аты беріліп, сол мектептің қабыр­ғасынан музейі ашылды. Енді оған елордадан еңселі ескерткіш тұрғызып, көшесін көрнекті жерден беру қажет деп ойлаймын.

Ескерткіштің Мұстафа Шоқайға еш қажеті жоқ, ол біз үшін, ұрпақ үшін керек. Яғни Мұстафа есімін тірілердің жадына сіңіру үшін қажет. Тәуелсіздігімізді тамырлы етеміз дейтін болсақ, тәуелсіздік жолында қанын төгіп, жанын берген азаматтарды ел жүрегіне ұялатуымыз қажет. Қазақстан тәуелсіздік алған кезде Батыс елдерінің газеттерінде «Қазақстанның тәуелсіздігі ұзаққа бармайды. Біріншіден, елдегі қазақ ұлтының саны аз, 50 пайызға да жетпейді. Екіншіден, бұл елдің тәуелсіз мемлекет болу тәжірибесі жоқ. Үшіншіден, қазақ – көшпелі, шопан халық, тәуелсіздік сынды қасиетті ұғымның иісін де білмейді. Қарны тоқ, киімі көк болса, Кеңес Одағының бұғауы астында өмір сүре береді. Олар тәуелсіздік үшін күрескен жоқ» деген мақалалар қарша борады. Біздің тәуелсіздік күресіміздің басында Әлихан, Мұстафалар тұрған жоқ па?! Мұстафа Шоқай 1921 жылдан 1941 жылға дейін Еуропада тәуелсіздік үшін күрес жүргізді. Ол Еуропаға қызық қуып, нан іздеп барған жоқ, халқымды Кеңес Одағының шеңгелінен қалай құтқарам деп жол іздеп барды. Мұстафаның сол арманына қазақ халқы 50 жылдан кейін әзер жетті. Қазір тәуелсіздікке қалай жеттіңдер десе, көп адам «желтоқсанды» айтады. Егер біз «желтоқсанмен» ғана шектелсек, тәуелсіздік үшін күрес тарихымыз тамырынан ажырап қалады. Осы мәселені ұлт болып ескеретін кез келді.

Ол да алашшыл тұлға еді

– Мұстафаны алашшылдардан бөліп қарайтын көзқарас та бар ғой.

– Бұл арада оқырмандар Әбекең Мұстафаны Алаш көсемі Әлихан Бөкейханнан жоғары қойып отыр деп ойлап қалмасын. Ел үшін еткен еңбектің үлкен-кішісі жоқ. Сондықтан Алаш қайраткерлерінің бәрінің еңбегі ұлы. Бірақ әр тұлғаның әр дәуірде атқарған маңызды рөлі болады. Мәселен, Әлихан Бөкейхан – қазақ мемлекетінің идеологиялық негізін салушы, ал Мұстафа – осы идеяның жүзеге асуына ерен еңбек сіңірген тұлға.

Қазақстандық Алаш зерттеу­шілерімен менің келіспейтін бір мәселем бар. Олар Түркістан автономиясын Алаштан бөліп қарайды. Меніңше, бұл екеуі де алашшылардың идеясы. Неге? Өйткені Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясын құру үшін Ташкентке өз бетімен кеткен жоқ, оны Әлихан жіберді. Себебі сол кезде Түркістан автономиясының аумағында миллионнан астам қазақ бар еді, солардың мүддесін қорғау үшін Мұстафаны жіберді. Демек, Түркістан автономиясын құрғызған – Әлихан Бөкейхан.

Екіншіден, Мұстафа Түркістан одағын құруды дәріптеді. Бұл да алашшылдардың идеясы. Отандық тарихшылар «Әлихан Түркістанға қарсы болды» деп қарайды, Қазан төңкерісіне дейін Әлиханның сондай ойда болғаны рас. Өзбекпен біріксек, бір соқыр мен бір ақсақ қол ұстасқандай болады деп ойлады. Сондықтан біз солтүстіктегі Сібір өкіметімен бірлесуіміз керек деп есептеді. Бірақ Сібір өкіметі Әлиханды қабылдамады. Ал ол кезде өзбектер білімді азаматтарды қолдады. Осыған қарап Әлихан ойын өзгертті. Мұны неге отандық тарихшылар ашып жазбайды? Себебі бұл жақта ондай дерек сақталмаған. Шын мәнінде, бұл туралы деректер Зәки Уәлидидің еңбектерінде анық жазылған. Демек, Түркістан одағы идеясы – жалғыз Мұстафа Шоқайдың идеясы емес, тұтас алашшылардың идеясы. Мұстафа – бұл идеяны бүкіл әлемге әйгілеген тұлға.

Мұрасы қашан жиналады?

– Шетелде Мұстафадан қалған қандай мұралар бар?

– Түркияда Мұстафадан қалған мұралар әлі бар, бірақ ол жеке адамдардың қолында. Ол кісілерге Қазақстан мемлекеті тарапынан сұрау салса, береді деп ойлаймын. Мысалы, Мұстафа Шоқаймен Берлинде бірге қыз­мет істеген Әбдіуақап Оқтай соғыс басталған кезде Мұстафа Шоқайға қатысты құжаттарды Түркияға алып кеткен. Әбдіуақап Оқтай қайтыс болғаннан кейін оның әйелі құжаттарды өзбектердің «Түркістан» қоғамына өткізген. Ол архив қазір аталған ұйымның құрушысы, қазіргі таңда Түркия елінің депутаты Ахат Андиджанның қолында. Оған бірнеше рет сұрау салынды, ол кісі «құжаттарды Отанына қайтарамын» деп уәде де берген. Енді сол құжатты елге қайтаруға ҚР Сыртқы істер министрлігі белсене араласуы керек.

Мұстафа Шоқайдың паспорты да өзбек азаматы, белгілі тіл ғалымы Тимур Қожаұғлының қолында жүр. Ол – Мұстафа Шоқай құрған Түркістан ұлттық комитетінде онымен иық тіресіп бірге жүрген Осман Қожаның ұлы. Ол кісі де «мен бұл мұраны жеке адамға бермеймін, ақшаға сатпаймын, тек Қазақстанда Мұстафа Шоқай музейі ашылса, соған тапсырам» деген еді.

– Қазақстанның тәуелсіздігін баянды ету үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз? Шетелдегі қандастар үшін Қазақстан қандай жұмыс атқаруы керек?

– Өте жақсы сұрау. Атамекендегі қазақтар болсын, әлде шетелдегі қазақтар болсын, қазақ халқында бір ғана мүдде болуы керек. Ол – қазақ елінің тәуелсіздігін баянды ету. Бұл – қазақ ұлтының ортақ ұлы мақсаты. Адамда ұлы мақсат болмаса, өмірде мән болмайды. Қазақстан бар болса, қазақ халқы бар, қазақ мәдениеті бар, қазақ тілі бар. Әр қазақтың тағдырын Қазақстансыз елестету қиын.

Ал шетелдегі қазақ мәселесіне келсек, қазір Қазақстанның көші-қон саясаты ғана бар, оның өзі 30 жылда қырық құбылды. Ал диаспора саясаты жоқ. Көшіп келген қазаққа жәрдем жасап, орналастырып жатыр, ал көшіп келмеген, шетелде тұрып жатқан қазақтарға Қазақстан қалай көмектеседі, олардың тілін жоғалт­пай, дәстүрінен айырылмауы үшін Қазақстан не істеуі керек деген мәселе диаспора саясатында анық көрініс табуы керек. Екінші жақтан, шетелдегі қазақтар Қазақстанның баянды дамуы үшін стратегиялық мәнге ие маңызды күш екенін естен шығармау керек. Өйткені диаспора халықаралық дипломатияда жұмсақ күш есептеледі. Қазір қазақтың үштен бірі әлі шетелде жүр. Біз бұл қазақтың бірде-біреуін жоғалтпауға хақылымыз. Олардың Қазақстан деген ел барда французға, қытайға, орысқа сіңіп кетуіне қарап отырып жол берсек, ол – ұлтқа жасалған қиянат. Демек, бүгінгі таңда қазақ диаспорасы әлсіз жағдайда. Оны күшейте алмай отырған – Қазақстанның өзі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button