Басты ақпарат

МҰСТАФА ШОҚАЙ және АШАРШЫЛЫҚ

М.Шоқайдың саяси қызметімен, шығармашылығымен танысуға Кеңес өкіметі кезінде жол берілмеді. Кеңес өкіметінің қысымымен өмірінің соңғы 20 жылын елінен жырақта, Ба­тыс Еуропада өткізген Мұстафа Шоқай – соңғы демі таусылғанша елінің тағдырын ойлаумен, қазақ және жалпы Түркістан халықтарының тәуелсіздігі үшін күресіп өткен тұлға. Кеңестік Түркістанды ол кезде қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, қарақалпақ, ұйғыр және басқа да ұлттар мекендегені белгілі.

Тарихи әділдік үшін айтқан жөн, Мұстафа Шоқай Қазақстанда Кеңес өкіметінің жүргізген жұмыстарының бәрін жоққа шығармаған. Бірақ Кеңес өкіметінің ол жақсылықты отар халықты мүсіркегеннен емес, өзіне керек болған соң істегенін жазады.

«Мұстафа Шоқайдың большевик отаршылдарының болмысын барын­ша терең танып, отарлаушы мемле­кетке тән барлық белгілерді кеңестік Ресейдің бойынан тауып, сонымен қатар, оның басқа отаршылдық сая­саттан айырмашылығын да көрді. Ол большевиктер билігінің саяси бет-бейнесін аша білді» – деп көрсетеді шоқайтанушы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір.

Ол Францияда тұрса да халқының ашаршылыққа ұшырағанын естіп, оның себептері мен зардабын анықтап, Еуро­па жұртшылығына жеткізуге ұмтылған.

М.Шоқай 1933 жылдың басында, яғни ашаршылықтың нағыз өршіп тұрған кезінде Түркістан өлкесінде болып қайтқан бір шетелдіктің көзімен көріп, естіп-біліп куә болған оқиғасын «Бір «интуристің» Түркістан әсері» деген мақаласында келтіреді. Орыс және кейбір түркі тілін білетін шетелдік Кеңес елінің көп жерін аралған. Сондықтан бұл елге сырттан баратын былайғы жұрт аңғармайтын көптеген мәселелерді дәл аңғарып, дұрыс түсінген. М.Шоқай оның жолжазба­сын «Жас Түркістан» журналының 44-ші санында жариялай отырып, «түсінікті себептерге байланысты бұл «интуристің» атын атай алмаймыз. Сондай-ақ, оның Түркістан әсері хақында бізге әңгімелеп бергендерінің де бәрін жариялауға шарасызбыз» деп ескертеді.

Сонымен, батысеуропалық аза­мат Түркістандағы көргендерін төмендегідей баяндайды.

«Менің Түркістаннан алған әсерім: бұл елді аштық жайлаған. Қай жағына қарасаң да ашаршылықтың белгісі көзге ұрады. Орта Азия темір жолы бойында, Түрксіб бойында, станцияларда, ірі және шағын қалаларда – қай жерге барсаңыз да алдыңыздан аш адамдар шығады. Ашаршылыққа душар болғандар Түркістанның жергілікті халықтары. Елдің әр түкпірінде – Қазақстанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда және Түркіменстанда ашаршылықтың себебі туралы жергілікті тұрғындардан сұраулар қойып, жауап алдым. Үкімет пен партия қызметкерлерінен ашаршылықтың себебін сұрасам, қашқалақтап, өтірік жауап қайырады. Олар: «Түркістанда ашаршылық ауық-ауық болып тұрады. Төңкерістен бұрын да ашаршылық болған», – дейді. Бірақ үкімет пен партияның жауапты орындарында отырмаған қатардағы адамдар ашаршылықтың шын сырын бүркелемей ашық айтуға тырысады.

Өзбекстандағы және Түркістандағы ашаршылықтың басты себебі – дәнді дақылдар егетін жерлердің мақта егу­ге берілуінен еді. Өзбекстанда күріш жетпеуі қатты сезіледі.

«Ашаршылықты тудырған себептердің бірі – колхоздар болып табы­латыны ешкімге құпия емес. Алайда, үкімет пен партия ұйымдарының жа­уапты қызметкерлері ашаршылықтың себебін колхоздарға көз бояп кіріп алған қайдағы бір тап жаулары­нан көреді. Қарапайым бұқара мен қатардағы қызметкерлер істің мәнін онша көп жасырмайды. Олар кол­хоздарды ашаршылықтың қайнар көзі деп есептейді. Самарханда болғанымда бір белгілі коммунист маған колхоздардың Түркістанға сәйкес келмейтінін, Түркістан халқы Мәскеудің «жақсылығына» лағнет айтатынын білдірді» – деп баяндайды.

«Қазақстан мен Қырғызстандағы ашаршылықтың басты себебі ретінде жергілікті тұрғындар колхоздармен қатар күштеп отырықшыландыруды айтады. Қызмет бабы бойынша қазақ және қырғыз тұрғындарымен жақын араласып жүрген кейбір партия мүшелері отырықшылдандыру бұл халықтар үшін аса бір тиімсіз жағдайда жүргізіліп жатқанын жасырмайды. Жаңадан отырықшыландырылатын шаруашылықтарға бөлінетін жерлердің көбі көшпелі және жартылай көшпелі жергілікті шаруалардан тартып алы­нып, Ресейден келген келімсектерге үлестіріп беріліп қойған және үздіксіз беріліп жатыр. Орыс шару­алары қалаған жерлеріне қазық қағып қоныстануда. Үкімет солар жағында. Жаңадан отырықшыланған қазақ-қырғыздарға не баспана үшін немесе азық-түлік үшін ешқандай көмек көрсетпейді. Көмек көрсеткен жағдайда, ондай көмек тым мардым­сыз. Ақыры отырықшылануға қажетті ең қарапайым шарт – жағдайлардың өзін әзірлей алмай, қайтадан көшпелі күйге түсуге мәжбүр болу­да. Солардың арасында Әулиеата аумағының да қазақтары бар. Мұндағы бірталай отбасы өздеріне берілген жерлерді тастап, қайтадан көшпелі мал шаруашылығымен шұғылдануға өткен. Бірақ оларда мал дейтін мал да қалмаған. Көбі ашаршалық азабын тартып өліп жатыр», – деп жазады шетелдік азамат.

Қазіргі қазақстандық зерттеушілер патша өкіметінің қоныс аударту арқылы қазақтарды жерден айыру саясатын большевиктер де жалғастырғанын дәлелдеуде. И.Ямзин мен В.Вошинин сияқты кеңестік ғалымдар 1926 жылы Ресейде «Отарлау және қоныс аударудың ілімі» деген еңбек жа­зып, оны жоғары оқу орындарында оқытқан.

Тарихшы ғалым Қанат Еңсеновтың мұрағаттан тапқан деректері бойынша 1925 жылы Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы «Қазақ АКСР-і жеріне көшіру мен қоныстандыруды тоқтату» жөнінде қаулы қабылдаған. Ал, Қазақ еліндегі билікке келген соң Ф.Голощекин ол қаулының күшін жойғызып, 1929 жылы республика үкіметі жанынан қоныс аударушылар басқармасын ашқызған.

М.Шоқай қазақ халқының жерінен айрылғанын мынадай деректермен дәлелдей түседі: «1926 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 6 миллион 503 мың адам тұрады. Осы санның мөлшермен жүзден отызы орыс және украин мұғажырлары (М.Шоқай қоныс аударушыларды осылай атайды – С.Д.). 540 мың қала халқының көбі орыс мұғажырлары өлкенің ең шұрайлы жерлеріне қоныстандырылған. Олардың көпшілігі Ақмола, Қостанай аймақтары мен Семей, Жетісу және Сырдария аймақтарына суармалы егіс алқаптарына орналастырылған» – деп кеңестік отаршылдық саясаттың бір қырын аша түседі.

М.Шоқай сол кезде тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Кеңес одағы бой­ынша ең құнарлы жерлер саналатын Қостанай мен Ақмола аймақтарында орыс мұғажырлары қалаған жерлерін иемденген. Мұғажырлар Қостанайда тұрғындардың жүзден 62 жары­мын, Ақмолада жүзден 52 жарымын құрайды» деп көрсеткен.

Сөйтіп, М.Шоқай Кеңес өкіметі шаруаларды күштеп ұжымдастыру арқылы жерден айырғанын, оларды жеке шаруашылық жүргізу құқынан айырып, мемлекетке басыбайлы етіп қойғанын жазады.

Большевиктер И.Сталин 1929 жылы Сібірге барған сапарында міндеттегендей, Кеңес елін әлемдегі ең астықты елге айналдыра алмады. Бір кезде астық өндіруден атағы шыққан патшалы Ресей енді большевиктер билігі кезінде аштық апатына ұшырауда. М.Шоқай «Бүгінгі кеңестік Ресей «адам жегіштер» отанына айналды» – деп, ресейлік большевиктер саясатын ашына сынайды.

Большевиктердің көшпелілерді күштеп отырықшыландыру және ұжымдастыру саясаты Түркістанның жергілікті халқының наразылығын туғызып, қарулы күреске шығуға мәжбүрлегені тарихтан белгілі.

М.Шоқай «Атамекен жағдайы» деген мақаласында Лондонда шығатын «Дейли экспресс» газетінің 34.12.29. санынан төмендегі телеграф хабарын келтіреді: «Кеңестік Түркістанның Ауғанстан шекарасына таяу жерінде Қызыл Армия мен жергілікті ша­руалар арасында қарулы қақтығыс туылды. Осы қақтығыста 2 мыңнан аса адам қаза тапты. Түркістан шаруаларының үкіметке астық тап­сырудан бас тартуы соғыстың туы­луына басты себеп болғанын көріп отырмыз. Ауғанстан шекарасына жіберілген қызыл әскерлерді шаруалар қару кезеп қарсы алды. Соғыс тура бір күн жалғасты. Шаруалар тарапы­нан көрсетілген қарсылықтың күшті болғаны соншалық, үкімет оларды жаныштау үшін әскери самолеттерді іске қосып, улы газдармен толтырылған бомбалар тастады.

Шаруалардың бір бөлігі Ауғанстан аумағына шегінді. Соғыс болған жерге «ГПУ» топтары жіберілді. Көтеріліс басшыларынан 14 адам атып өлтірілді. Шаруалардың қолындағы астық тар­тып алынуда». Ұжымдастырумен бір мезгілде Қазақстанда астық дайындау науқаны да белсенді түрде жүргізілген. Колхоздарда астықтың барлық қорлары, тіпті тұқым қорлары да тар­тып алынды. Мал шаруашылығымен айналысатын аудандарға астық тап­сыру міндеті жүктеліп, қазақтар оны орындау үшін малдарын астыққа айырбастаған. Одан бөлек ет, жүн дайындау науқаны да малды жаппай союға соқтырды.

Қазақстандағы сол кездегі большевик басшылардың қазақ даласының табиғи-климаттық ерекшеліктері мен көшпелі шаруашылық заңдылықтарын есепке алмай жүргізген әпербақан саясаты қазақ халқын аштыққа ұшыратты.

Сонымен, М.Шоқайдың осы мәселеге қатысты еңбектерінен түйетін ой – Қазақстандағы 30-шы жылдардың басында орын алған ашаршылық большевиктердің отаршылдық саясатының тікелей зардабы болғандығы.

Дүйсен СЕЙІТҚАЛИ,
Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button