Жаңалықтар

МҰСЫЛМАНҒА – САУАП, БАЛАҒА – ҚУАНЫШ

Айлардың сұлтаны – қасиетті Рамазан Алланың разылығы үшін жасалған әрбір игі істің сауабы мұсылманға еселеніп қайтады. Мың айдан да қайырлы Қадір түні қарсаңында «Әзірет Сұлтан» мешітінде сондай бір ізгі амал жасалды. Әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасылардың 300-ден астам баласына мектеп киімдері мен оқу құралдары таратылды.

«Биылғы Рамазан айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйғарымымен облыс орталықтарындағы мешіттердің барлығында көп балалы отбасылардың балаларын мектепке дайындау акциясы жүріп жатыр. «Әзірет Сұлтан» мешіті де дінімізге жанашыр азаматтардың арқасында осынау акцияға үлесін қосты.
Біз алдын ала көп балалы отбасыларды анықтадық. Содан кейін осы Астана қаласында мектеп киімін сататын дүкендердің иелерімен келісімшарт жасасып, ата-аналар мен балалар өздеріне ұнайтын, мектепке қажет киімді таңдады. Осынау шарапаты мол айда біздің болашағымыз – балаларымыздың жүректеріне қуаныш сыйлай алғанымызға мың сан шүкіршілік етеміз» деді мешіттің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы.
Осы күні бір баланың өзін мектепке дайындауға біршама шығындаласың. Баланың жас мөлшеріне қарай ол 10-50 мың теңге аралығын құрайды. Ал, бір емес, бірнеше балаң мектепке баратын болса, қыруар қаржы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, мешіт әкімшілігіне ата-аналардың алғысы шексіз. Сондай алғысты жалғызбасты ана Бақтыгүл Ақтайлаққызы мен көп балалы ана, бес бірдей баласы мектепте оқитын Ләззат Дүйсенова жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ      

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button