Басты ақпаратҚала мен Сала

Мұз ойып, қар күреген келіншек

Астанада ауа райы құбылмалы. Қаңтар басталғалы айнала ақ қар, көк мұз. Аяғыңызды аңдамай бассаңыз, жазатайым жарақат алып, ауруханадан бір-ақ шығуыңыз әбден мүмкін. Осыны ескерген қаланың коммуналдық қызметтері елорда көшелеріндегі қатқан мұзды ойып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды қардан тазарту жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Биылғы жауған қарда есеп жоқ. Жыл басталысымен еселей түскен ақ ұлпа елордалықтарды едәуір әбігерге салды. Қала тазалығына жауапты мамандар болса күн демей, түн демей негізгі көшелер мен тротуарлардағы мұзды ойып, қармен арпалысып жатыр.

Қалада қар тазалау, оны шығару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әсіресе, қалың қардың кесірінен көлік кептелістерінің алдын алу шаралары бірінші кезекке қойылған.

Жол жұмысшылары да тыным таппай еңбек етуде. Олардың арасында жастармен бірге орта жастан асқан әйелдер де жүр. Солардың бірінің жанына жақын келіп, әңгімеге тарттым.

– Осы салада жұмыс істеп жүргеніме төрт жылға жуықтады. Ыңғайлы жұмыс табылмаған соң, көше тазалауға келістім. Шаруадан еш қашпаймын. Жазда ыстыққа, қыста аяз бен суыққа қарамай еңбек етеміз. Әрине, мұз ойып, қар тазалау оңай жұмыс емес, бірақ адам баласы басына түскеннің бәріне де үйреніп алады екен. Қазір істеп жүрген кәсібім өзіме ұнайды. Жалақымыз жақсы, жетеді, бас­тысы, кешіктірмейді, уақытымен беріп тұрады. Бұдан артық не керек бізге?, – деді жұмысшы Еркегүл Зулқапил.

Қыс мезгілінің басынан бері полигондарға шамамен 2,2 млн текше метр қар мен мұз қала сыртындағы полигонға жөнелтілді. Сондай-ақ қаланың барлық ауданында – қоғамдық орындарда, кварталішілік аумақтарда, тротуарларда, аялдама павильондарында тұз араласқан құм қоспасы себілуде

Жүзінен бүгінгі тірлігіне тәубе еткені аңғарылады. Жасынан жұмыстың ауырын да, жеңілін де талғамай істеп дағдыланғаны түрінен көрініп тұр. Епті екен. Қасындағы жігіттерден бір сәтке де қалысар емес. Қимылы ширақ. Табиғатынан былжырлықты ұнатпайтын сыңайлы. Өзіне тапсырылған аумақты тездетіп тазалауға бар күш-жігерін салуда.

Иә, бүгінде әйелдер араласпаған сала кемде-кем. Уақытпен санаспай, ауа райының қолайсыздығына да қарамай ауысыммен жұмыс істейтін коммуналдық шаруашылық саласы жұмысшыларының арасында кейінгі кездері нәзік жандылар қатары көбейіп келеді. Тіпті, олардың ішінде орта жастан асқан, мосқалдау әйелдер көп екен.

Қалада қар күреу жұмыстары да белсенді жүріп жатыр. Бұл ретте бірінші кезекте орталық даңғылдар мен халық көп жүретін аумақтарға баса назар аударылуда.

Мамандардың мәлімдеуінше, күн сайын таңертеңнен бастап бұл іске екі мыңнан астам жол жұмысшы мен мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылады. Соңғы түні елордадан 32 мың текше метр қар немесе 2 535 ауыр жүк көлігіне тең қар шығарылды.

Қыс мезгілінің басынан бері полигондарға шамамен 2,2 млн текше метр қар мен мұз қала сыртындағы полигонға жөнелтілді. Сондай-ақ қаланың барлық ауданында – қоғамдық орындарда, кварталішілік аумақтарда, тротуарларда, аялдама павильондарында тұз араласқан құм қоспасы себілуде.

Жол жұмысшыларының еңбегіне елордалық зейнеткерлер дән риза. Көше қиылысында кездескен қарт кісі оларға алғысын жеткізді.

– Бізге, әрине, егде жастағы адамдар үшін жай күндері қалада жүріп-тұру оңай емес. Ал қыста ауладағы дәріханаға барып-келу мен үшін азаппен тең. Қартайғанда бір жерімді сындырып аламын ба деп қауіптенемін. Күн суыса үйден шығуға қорқамын. Барлық жер тайғақ. Терезеден телміріп қарап отырамын, кім келер екен деп. Бүгін жылы болған соң ақырын шыққаным ғой. Ал суықты елең қылмай, далада дірдең қағып, ел игілігі жолында ерінбей еңбек етіп жүрген жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Жақында күн жылынып, мұз ериді деп үміттенеміз, – деді зейнеткер Айман Дүйсенқызы.

Тайғақ жерлерде құлап, жарақат алмас үшін елорда тұрғындары мен қонақтары қозғалыс ережесін қатаң сақтауы керек. Айналамыздағы дүкендер, сау­да орталықтары және басқа да қоғамдық мекеме иелері өз аумақтарындағы қарды жинау, кіреберістегі мұзды және өздеріне бекітілген аумақты уақытылы тазарту жұмыстарын дер кезінде атқарып отырса игі.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button